Абай Құнанбайұлының  музыкалық  мұрасы туралы  ғылыми баяндама


 «Құлақтан кіріп бойды алар...»


«Абай тек қана ақын емес,сонымен бірге

музыкант,қазақтың халық музыкасын

терең білген,жете бағалаған адам болды.

Ол бірқатар мелодиялар шығарды.

Ақынның мелодиялары, негізінен

, қазақ поэзиясына жаңалық енгізген

 өлеңдеріне арналған еді.»

Мұхтар Әуезов.

Исагалиева Нургул Утеуовна

Музыка  пәні  және  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

 

Абайдың музыкалық мұрасы қазақтың ұлттық өнері тарихында ерекше орын алады. Абайдың әуендік таланты халықтық негізде дамып, ақынның рухани жан-дүниесі, әлемге көзқарасы оның лирикалық әндерінде айрықша көрсетілген. 
       Абайдың музыкалық мұрасын ең алғаш 1925 жылы А.Затаевич, 1930 жылы компазиторлар Б. Ерзакович пен Л.Хамиди  20-дан аса әнін нотаға түсірген.   Абай  әндерін  терең зерттеген  А.Жұбанов әннің  табиғаты, рухы жағынан ұлттық сипатта қазақ халық музыкалық  дәстүрінде  шығарылғандығын зерттеген. Орыс әндерінің және демократиялық тұрмыстық романстарының кейбір белгілері мен элементтерін қолдану арқылы Абай қазақтың музыкалық сөздігін  кеңейтіп, байытты. Абай әндері туралы айтқанда телегей  теңіз терең ойлар қозғалатыны сөзсіз. Абай атамыздың әндерін насихаттауда үлкен еңбек сіңіріп, көзі тірісінде Абайдың әншісі атанған өнерпаздардың бірі Ә.Қапсәлемұлы жасынан Абайдың жанында жүріп, кемеңгер ақынның әндерін ішкі тебіреніспен орындаған. Абай әндерін кім қалай орындаса да ән өз құдіретін ешқашан жоғалтпайды. Өйткені әннің рухы кез-келген жанның ішкі әлеміне сіңіп, тамыр жаяды. Қазіргі уақытта Абайдың  әндерінің 36 нұсқасы  нотаға түскен. Әннің ғажаптығы  шығар, әр нұсқада орындалса да әннің  түп негізі ешқашан өзгермейді. Абай әндері нотаға түскеннен кейін фортепианолық  сүймелдеу мен жеке дауысқа арналып орындала бастады. Сонымен бірге жеке аспаптарға, шағын ансамбльдерге және үлкен оркестрлерге арналып шығармалар жазылды. Абай әндері Абай  операсына молынан пайдаланылған. Бұл деректерді біліп, жүру біз үшін міндет. Абайдың  әндерінің таралуына Біржан салдың да үлесі көп. Абайдың маңайындағы әнші, сері, күйшілер «Топайкөк» әнін таратты. Біржан «Татянаның хаты», «Сегіз аяқ»,  «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалғып»  әндерін үйренді. Абайдың Біржанға «Енді сендей әнші туар ма екен» дегенінде Біржан «Мендей әнші туар-ау, сіздей тыңдаушы туар ма екен» деген сөздері осының бір куәсі. Сондықтан да Біржан іліп алып кеткен  Абай әндері әлі де қазағымыздың аспанында қалықтап келеді.

          А.Жұбанов        «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде Абай әндеріне ерекше тоқталады. Абай әндерінің диапазоны  адамның табиғи дыбыс көлеміне сыймайтынын жазады.  Абай әндері әр дәуірдің ұрпақтарына үздіксіз жетіп отырған мұра. Сонымен бірге Абай әндерін орыстың классикалық ақындары оқып, тәжімалап отырған. Сондай тәжімадан туған әдемі ән «Қараңғы түнде тау қалғып» деп аталады. Бұл Лермонтовтың      «Из Гете» атты өлеңі неміс тілінен тіке аударылған. Ал Гете тауға шығып жүргенде орманшының үйінің қабырғасына қарындашпен жазып кеткен екен деген де дереке бар. Кейін жолаушының бұл  «Түнгі жыры»  деп әлемге әйгілі өлеңі аталып кетті. Міне, қарап отырсақ Абай ауқымды тақырыптарға барған. Ал бұл аударма өлеңінің әні тіпті ғажап.

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт жел салғып

Түн басады маужырап       

 

Горные вершины

Спят  во тьме ночной;

Тихие долины

Полны свежей мглой;

Не пылит дорога,

Не дрожат  листы...

Подожди немного,

Отдохнешь и ты.

Абай әндері  қазақтың дәстүрлі ән өнерімен сусындаған және оған өзгеше мән енгізіп, жаңа сипат қосқан десек қателеспейміз. Сол заманда Абай әндері тек домбырамен ғана шырқалды ма? О, баста әннің мақамы домбыра үнімен дүниеге келген шығар. Абай өзі домбырада ойнаған. Зерттеушілердің айтуына қарағанда әр өлеңі әуенмен шыққан. Сол кездегі домбыраның  ерекшелігі Абай ауылында домбыра 3 шекті болған. Осындай домбырадан шыққан Абайдың «Майда қоңыр», «Торы жорға», «Абайдың желдірмесі», «Май түні»  атты  күйлері де бүгінгі күнге дейін сақталған.Өзіндік мәнерімен ерекшеленетін Абайдың күйлері мен әндерінен өзара үндестік байқалады.

      Абай әндері ғибратқа толы әндер. Жүрекке жылы тиер әуен мен санаға ғибрат құятын әуендер Абай әндерінің ең үлкен ерекшелігі болып саналады.  Абайдың музыкалық мұрасы кейінгі кезеңдерде симфониялық, опералық туындыларға арқау болып келеді. Осы бағытта Абай әндері музыкалық шығармалардың жазылуына түрткі бола отырып, өзінше бір мектеп қалыптастырды. Белгілі жазушы  Тәкен Әлімқұлов Абай әндерінің бірнешеуіне тоқтала келе былай сипаттама берген екен: «Бірде тамылжыған лирика, бірде торыққан трагедия көрініс табады» дейді. Шын мәнінде ғажап лирикаға толы әндер мен қоса ойды қозғайтын  толғауы терең әндері де бар. Абай әндері 1935 жылы М.Әуезов Абайдың  музыкалық  мұрасын сақтап қалу мақсатында  Семейде бүкіл әндерін толық жинап, нотаға түсуіне бірден-бір ықпал жасаған тұлға. Ал 1939 жылы  жазушы  ұсынысымен Алматыда Абай әндерін нотаға түсіру қайтадан қолға алынды. Оның тапсыруымен Л.Хамиди,  әнші Жүсіпбек Елебековтың орындауында «Қарашада өмір тұр», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Көзімнің қарасы» сынды әндерінің жаңа нұсқаларын жазып алды. 1984 жылы қазақ ССР ғылым академиясының әдебиет және өнер институының өтінішімен Абайдың 17 әні магнитафон таспасына жазылды.

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең...» деп жырлаған Ұлы Абай шексіз де шетсіз пәлсанамен  адам ғұмырын өлшеп тұрғандай. Бұл өлең жолдарынан қазақтың бай дәстүріндегі  адам өмірге келгенде  айтылатын бесік жырымен, өмірден озғанда айтылатын жоқтаудың арасында тылсым байланысты терең таныта білді.  Әлі де замандар ауысып ұрпақтар буыны жалғасқан сайын  Абай мұралары ұлтына қызмет етеді.




Іздеп көріңіз:

Қарап көріңіз:

Пікір жазу

Келесі мақала ашылудa...