Баяндама жоспарын құру мен жазу үлгісі

Баяндама жоспарын құру мен жазу үлгісі казакша Баяндама жоспарын құру мен жазу үлгісі на казахском языке


БАЯНДАМА айту тапсырылғанда, көпшілігі қолына қаламсап алады да, алғы сөзінен бастап, қорытындысына дейін түгел жазып шығады. Баяндама дайын болғанша, көп уақыт кетіп, неше қағаз бүлінуі мүмкін.

Сен де баяндаманы осылай дайындайсың ба? Оны дайындаудың оңайырақ жолын үйренгің келе ме? Егер баяндама жоспарын жасауды үйреніп алсаң, саған әрбір сөзді жазып жатудың қажеті болмайды, сондай-ақ қайталап жаттығуға да көбірек уақыт қалады. Оның үстіне, баяндаманы айту жеңіл әрі қызықтырақ, тыңдаушыларыңды іс-әрекетке талпындырарлық болады.

Әдетте көпшілікке арналған баяндаманың жоспары болады. Әйтсе де, көп жағдайда жоспар беріле бермейді. Көбінесе жалпы немесе нақты бір тақырып берілуі мүмкін. Не болмаса қандай да бір басылымдағы материалға негіздеп дайындау керек болады. Ал кейде жай ғана не жөнінде және қалай айту керектігі жөнінде нұсқау берілуі мүмкін. Міне, осындай жағдайлардың бәрінде жоспарды өзің құруың керек болады.

41-беттегі сурет
41-бетте қысқаша құрылған жоспардың үлгісі көрсетілген. Негізгі ойлардың бас әріппен жазылып, сол жақ шетіне орналасқанына көңіл бөлші. Әрбір негізгі ойдың астында оларды ашатын қосымша ойлар жазылған. Ал сол жақ жиектен ең қашықтау жазылғаны қосымша ойды ашатын ойлар. Жоспарға мұқият қарап шық. Екі негізгі ойдың да тақырыппен тікелей байланысы бар екеніне назар аудар. Байқасаң, қосымша ойлар жай қызық үшін жазылмаған, олардың әрбірі үстіндегі негізгі ойды ашады.

Сенің құрған жоспарың үлгідегіден өзгеше болуы мүмкін. Бірақ, ең бастысы, жоспарды құрудың негізгі принципін ұғып ал, сонда баяндамаңның материалын жақсылап реттеп, аз уақыттың ішінде дайындай аласың. Неден бастасаң болады?

Талдау, іріктеу және реттеу
Алдымен, саған тақырып қажет. Тақырып — бір сөзбен бере салуға болатын жалпы ой емес. Ол тыңдаушыларға жеткізу керек негізгі ой болып, сол талқыланғалы жатқан нәрсеге қай қырынан қарау керектігін көрсетеді. Егер тақырып берілсе, оның әрбір сөзіне мұқият талдау жаса. Тақырыпты қандай да бір мақалаға негіздеп ашу керек болса, тақырыпты ойыңда ұстай отырып, сол мақаланы жақсылап зертте. Ал егер не туралы айтылу керек екені ғана берілген болса, тақырыпты өзің ойлап табуың керек болады. Ол үшін алдымен біраз ізденгенің дұрыс. Байқампаз бол, сонда тақырыпты ашудың жаңа бір қырын табуың әбден мүмкін.

Осы қадамдарды жасай отырып, өзіңнен былай деп сұра: бұл мәлімет тыңдаушыларым үшін неге маңызды? Мақсатым қандай? Сенің мақсатың тек материалды айтып шығу, я болмаса қызықты, есте қаларлықтай баяндама дайындау ғана емес, тыңдаушыларың өздеріне пайдалы нәрсе алатындай болу керек. Мақсатыңды анықтап алған соң, оны жазып қой да, дайындық барысында есіңде ұста.

Мақсатыңды анықтап, соған сәйкес келетін тақырыпты таңдаған соң (немесе берілген тақырыптың мақсатыңмен байланысын анықтаған соң), қайсы бағытта ізденуің керектігі белгілі болады. Тыңдаушыларың үшін құнды болатын мәліметтерді ізде. Жалпылай айтылған ойларды қанағат тұтпай, нақты, мәнді және шын мәнісінде пайдалы болатын ойларды іздеп тап. Бірақ шектен тыс шығып кетпе. Көбінесе қажетінен артық мәліметтер жиналып, оларды іріктеуге тура келеді.

Тақырыпты ашу үшін және мақсатыңа қол жеткізу үшін қажет болатын негізгі ойларды анықтап ал. Бұл — баяндамаңның қаңқасы, ал жоспарыңның негізі болады. Негізгі ой нешеу болу керек? Қысқа талқылауға әдетте екеу, ал бір сағаттық баяндамаға әдетте бесеу жеткілікті. Негізгі ой көп болмаса, тыңдаушылардың есте сақтауларына да жеңіл болады.

Тақырыбың мен негізгі ойлар дайын болған соң, жинаған мәліметтеріңді ретте. Негізгі ойлармен қайсысы тікелей байланысты екенін анықта. Баяндамаңды жандандыра түсетін ойларды таңдап ал. Негізгі ойларды растайтын Жазба орындарын таңдағанда оларды нақты түсіндіретін ойларды белгілеп ал. Қосымша ойларды өзі қатысты болып тұрған негізгі ойлардың астына жаз. Егер қандай да бір мәлімет негізгі ойдың ешбірімен қиыспаса, мейлі ол қанша қызықты болса да, олардан бас тарт немесе кейін өзге жағдайда қолдана алуың үшін сақтап қой. Тек ең жақсы деген мәліметтерді қалдыр. Егер мәлімет тым көп болса, онда тез сөйлеуге тура келіп, ештеңені терең аша алмайсың. Сондықтан аз болса да, саз болатындай етіп сөйлеген жақсы. Берілген уақыттан асырма.

Осы қадамда, немесе бұған дейін, материалыңды қисынды ретпен орналастыр. Ізгі хабарлардың бірін жазған Лұқа осылай еткен. Ол өзінің жалпы тақырыбына байланысты деректерді жинап алған соң, оларды “рет-ретімен” жазған (Лұқа 1:3). Мақсатыңа жетуге қайсысы жарамды болатынына қарап, материалыңды хронологиялық не тақырыптық, “себеп — салдар” немесе “проблема — шешімі” принципі бойынша ретте. Бір ойдан екіншісіне аттап кетуден аулақ бол. Тыңдаушыларыңа ойдың желісі мен әрбір ойдың мағыналық байланысын көру қиын болмау керек. Келтірілген дәлелдер оларға қисынды қорытындылар жасауға көмектесу керек. Материалдарды реттегенде, тыңдаушыларың қалай қабылдайтынын ойлан. Оларға ой желісімен жүріп отыру жеңіл бола ма? Естігендеріне сай әрекет етуге талпына ма және де бұл қойған мақсатыңа сәйкес келе ме?

Енді жалпы тақырыпқа қызығушылық оятатын және тыңдаушыларың үшін талқылаудың шынында да құнды болатынын көрсететін алғы сөз дайында. Егер қаласаң, бастапқы сөйлемдерді жазып алсаң да болады. Ақырында, қойған мақсатыңа сай, тыңдаушыларыңды іс-әрекетке талпындыратындай қорытынды дайында.

Егер жоспарыңды ертерек құрып қойсаң, баяндама айтқанға дейін оны өңдей түсуге уақытың болады. Бәлкім, кей жеріне дәлел ретінде айғақтарды, көрнекі мысалдар немесе қандай да бір оқиғаны қосуға болатынын байқарсың. Болып жатқан оқиғаларды не жергілікті жердегі қандай да бір қызықты хабарларды қолдану арқылы тыңдаушыларыңа баяндамаңның өзекті екенін көруге көмектесесің. Баяндамаңды өңдей отырып, мәліметтеріңді тыңдаушыларыңа қалай көбірек бейімдей түсуге болатынын көруің мүмкін. Талдау жасау мен өңдеу сатысы жақсы материалдан іс жүзінде қолданарлықтай және жүрекке әсер ететіндей баяндама дайындау үшін өте қажет.

Кейбір баяндамашылар қысқаша жазып алса, өзгелері көбірек жазып алуды дұрыс көреді. Алайда мәліметтеріңді бірнеше негізгі ойға топтастырып, оған қатысы жоқтарын алып тастап, сондай-ақ ойларды қисынды ретпен орналастыруды үйренген соң, айтатын сөзіңді түгелімен жазып жатудың қажеті жоқ екенін байқайсың. Нәтижесінде қаншама уақыт үнемделеді! Оның үстіне, баяндамаңның сапасы да арта түседі. Бұл Теократиялық қызмет мектебінен шынымен зор пайда алып жатқаныңды дәлелдейді.

ЖОСПАР ҚҰРУ ҮШІН

* Баяндамаң тыңдаушыларың үшін неліктен маңызды екенін және мақсатыңды анықтап ал.
* Тақырыбыңды таңда; ал егер тақырып берілген болса, оған талдау жаса.
* Мазмұнды да пайдалы мәліметтерді жина.
* Негізгі ойларды анықтап ал.
* Материалыңды реттеп, тек ең жақсыларын қалдыр.
* Қызығушылық оятатындай алғы сөз дайында.
* Іс-әрекетке талпындыратын қорытынды жаса.
* Баяндамаңды қайталап, өңдей түс.


KZ