Ақан Сері Қорамсаұлы‎ (Әйелдер сипаты)

 Ақан Сері Қорамсаұлы‎ (Әйелдер сипаты)

Ақыл - шам, керек оған, май мен білте,
Сасарсың кеш боп қалса, егер ерте.
Кеш болмай күн бұрыннан жабдық сайлап,
Қолына түсіре бер бірте - бірте.
Кім мінер, ел көшкенде тауып атын,
Адам көп танитұғын әйел затын.
Дүниенің тұрақтайтын тұрағы екен,
Гүл жүзді, сырлы жүзді жақса қатын.
Белгілі ұрғашының бізге жайы,
Бұл күнде мал боп тұр ғой қыздың байы.
Әйелдің ақылдысы қолға түссе,
Адамның барып тұрған ақ маңдайы.
Бұлттан шыққан күндей көрсең жүзін,
Сөйлесер әрбір түрлі күймен сөзін.
Толғанып оқ жыландай толықсыса,
Ешкімге білдірмейді басқан ізін.
Ал сонда түгел болар ажар, көрік,
Мінезі ажарынан болар серік.
Алыстан мекеніне лебі тартып,
Болып кетер қызыққандар оған жерік.
Әйелді сыйлау керек ескеріп біз,
Оларға айту керек орынды сөз.
Жақсы әйелге көз салып бір қарасаң,
Алып кете жаздайда қиғаштап көз.
Ішпей, жемей тойғызып түріменен,
Көрінгенді бәстес қып өзіменен.
Шығып кете жаздайды денеңнен жан,
Көзінің қойса қарап қырыменен.
Танимыз осылайша әйел жүзін,
Мінезін, ақыл, көрік, бал мінезін.
Айтуға үшіншіні жаңа келдік,
Ақ мамық үлпілдеген бота көзін.
Іс болар, басқа түскен бұл бір сарсаң,
Жаманнан құтылмассың қайда барсаң.
Төртінші бір әйел бар көңіл ашар,
Ал қызыл, ақ сұлудан келін алсаң.
Қол жетпес сермегенмен көктегі айға,
Дерт екен, бірдей келген жарлы байға.
Жолама шамаң келсе бесіншіге,
Жай жайма, жайма төсек жер алмай ма?
Сияды қанша болса жіп ұршыққа,
Ілінсең шыға алмассың бір қырсыққа.
Одан да артын біліп ойланыңыз,
Сары әйел сыртылдаған ол пысық па?
Шошытар иманыңды кейбір жауыз,
Дәні жоқ бәрі қайтып болар қауыз.
Дұшпаың, досың түгел, кез келсе де,
Қабатын ит секілді қырсық ауыз.
Тай ойнап тақыр жерге жылқы жусар,
Не жезесе ит баласы соны құсар.
Өлікті бір аманат сақтағандай,
Тұнжырға тұйықтыққа болма душар.
Үй ішін жаман әйел тұмандатар,
Домалап әрбір жерде құмандатар.
Тазалық бұл әйелде болмаған соң,
Күнәға жігіт адам сонда батар.
Көйлегі кір болады май - май ғана,
Ұрысар бойыменен таймай ғана.
Сыртына шөмішінің балшық жағып,
Салады қазанына шаймай ғана.
Ойламай ол байының ата - тегін,
Сонымен қатын алар ерден кегін.
Үстіңе киім кисең жыртасын деп,
Бермейді тағы жамап етек - жеңін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?