Әмірхан Балқыбек (Ақын ғұмыр)

 Әмірхан Балқыбек (Ақын ғұмыр)

Асау арман кеудеге симағасын,
Қиналасың,
Ашыған ми боласың.
Амал бар ма
Ақынға алабұртпай
Ару-өмір өрт-ғұмыр сыйлағасын.

Өртенесің,
Өртейсің,
Жалындайсың,
Таптырмайсың,
Таппайсың
Табылмайсың!
Тірлігіңде
Даланы әнің тербеп,
Өлгеннен соң
Өлеңде дамылдайсың.

Шабыттансаң
Шараңнан тасып тұрып,
Армандарды қоясың асықтырып.
Өмір ұқпай жүргенде өрлігіңді,
Өмірді
Өзің
Кетесің ғашық қылып.

Жаратылған жандарға
Жасық болып,
Сезіміңнен,
Жырыңмен
Ашып жорық,
Ұқтыра алмай беймаза жүрегіңді,
Сен де өмірге өтесің ғашық болып.

Ащыны емес,
Кететін қырып тамақ,
Мәңгіліктің
суынан ұрттап ап,
Көп өкінткен
өзіңді өміріңе,
Өлеңіңнен тұрасың
күліп қарап.

Ғасырларға куә боп,
Көзіңді ілмей,
Келер күнде не бопты
өзің жүрмей?!
Жырың жатса
Сырласып жас ұрпақпен,
Сұлу, сырбаз Сәкеннің сезіміндей.

Күн кешкенмен ой дауыл,
Көңіл ала,
Жығылатын
Жеріне өмірді ала,
Қанша қызға жыр жазсын,
Ғұмыр ғой ол,
Шын ғашығы ақынның –
Өмір ғана!
Өлгеннен соң береді төрін дала...

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді