👈 қаріп өлшемі 👉

Қыз ұзату тойына құттықтау сөздер мен тост тілектер топтамасы

Қыз ұзату тойына құттықтау сөздер мен тост тілектер топтамасы

Қыз ұзату тойға тілек (әпкеме, сіңіліме)

Ғұмырыңыздың жарқын шақтары мен бақытты сәттері мол болсын. Өмір Сізді тек жақсылықтар мен қуаныштарға жетелесін. Ибалы келін атанып, сол ауылдың алтын босағасында аман-есен жүре беріңіз.

Болашақтың ақ таңдарын бақытпен қарсы алып, барлық ізгі армандарың орындала берсін. Өмір жолында серіктерің сәттілік, жолдастарың жақсылық болсын.

«Бақыт деген досыңның – қабағында, жарыңның – жанарыңда» дейді. Осындай өмірлік дос болып өтіңіздер. Жүздеріңізден шаттық пен күлкі үйіріліп, көл бетіне өрнек салған аққудай бақыт бесігінде қуанышты серік етіп, тербеле беріңіздер!

Қуанамын неге бүгін соншалық
Шаттанғаннан келіп жетті бір шабыт
Қиясына ұшқалы отыр тәтеміз
Көңілде бір қимастық бар қайтеміз

Қадамыңыз бүгінгі құтты болсын
Қыдыр дарып отауға бақыт қонсын
Көтерген жездемізбен шаңырақтың
Ішіне қуаныш пен күлкі толсын

Ұлдарды нәсіп етсін ақылды ұдай
Қыздарды нәсіп етсін күн мен айдай
Отаудың берік қылып босағасын
Біздерге болыңыздар жаққан шамдай

Көктемнің күлімдеген күніндейсіз
Дүниенің ең шырайлы гүліндейсіз
Папасы мен мамасының асыл қызы
Әрқашан жездемізбен бір жүргейсіз!

Өмірде ең бақытты жан болыңыз!
Мәнді де даңғыл болсын бұл жолыңыз!
Мәңгілік бір - біріңе ғашық болып
Көңілі туыстардың жүрсін толып!



Қыз ұзату тойына арналған құрбыма әдемі құттықтау тілек

Құрбының тілегі
(Тұрмысқа шығып жатқан бойжеткенге құрбысының тілегі)

Уақыттың бірге жылжып күндері,
Жылыстайтын әр кезеңмен жыл легі.
Ортақ еді біздің салған әніміз,
Таңымыз да қарсы алатын бірге еді.

Бірге еді армандардың оттары,
Сыр да ортақ қиял қуған шақтағы.
Бірақ бізді қыз - бақытқа апарар
Уақыттың бөлек еді соқпағы.

Міне, құрбым, сол бақытқа беттедің,
Маған қымбат - сен шаттыққа жеткенің.
Тұрмыс құру тұғырлы жол өмірде,
Қыз ғұмыры қарсы алғандай көктемін.

Туған үйің әлпештеп еді сені де,
Келін болдың сүйіктіңнің еліне.
Сол өмірде бақытты бол жарыңмен,
Көктеміңнің көтеріл де көгіне.

Сол көктемің болсын қымбат, ғұмырлы,
Шын сыйлаңдар бірің әр кез біріңді.
Тұрмыс жолда тұмар тағып бақыттан,
Қуанышпен атқыз әрбір күніңді.

Әрбір сәтің бақытпенен көктесін,
Жүзіңнен тек шаттық күлкі кетпесін.
Әрбір таңың ашық болып атсын да,
Әрбір жылың той - думансыз өтпесін.

Думан күнді бірге қарсы алыңдар,
Арман жолға ортақ бірге барыңдар.
Отауларың құтты болсын көтерген,
Мына өмірде тек бақытты болыңдар.

Сыры да ортақ, жыры да ортақ үнемі
Осы саған құрбыңның ақ тілегі.
Сенің осы бақ жолыңа жүрегі
Барлық, барлық жақсылықты тіледі.


Авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ


Қажетті сілтемелер:




Қазақ қызын қашанда қадір тұтқан. Қасиетке балаған. Төрін ұсынған. Себебі, қыз - өріс. Қыз – кие. Қыз – ұлтының ұяты. Қыз – халқының шырайы. Қыз - өмірдің бастауы. Қыз – тіршіліктің тірегі.

Бұл қасиеттер қыз ғұмырдың пешенесіне әуел бастан-ақ бұлжымастай етіп жазылғандай. Ал сол ақ үрпек балапанын аялы алақанынан ұшырарда қай ата-ананың болмасын көңілі тоқып, жан тебіренісіне түсері хақ. Сосын өзегін жарып шыққан балапанына: «Құтты орныңа қонып, бағың ашылсын!» деп Жаратқаннан тілек тілеумен болады.


Міне, бүгін қызымыз ата-ана ұясынан ұшып, жүрегінің қалауымен өмірлік серігі ......(аты) қол ұстасып, қызығы мен қиындығы қатар үлкен өмір жолына аттанды. Сөйтіп ата-анасының өрісін кеңейтті.

Отбасын құру – үлкен абыройлы іс. Абыройлы іске биік рух керек. Барған жеріңде бағың ашылсын, шаңырағың биік, босағаң берік болғай! Екеуің қазақтың үлгі тұтар отбасына айналыңдар!


Қыз ұзату тойына арналған өлең

Шаңырақтың шырағысың шаттығы,
Текті жердің тұяғысың ақ гүлі.
Мың жыл құда болуға да атты күн,
Екі жасқа құдай берсін бақ бүгін.
Әке-шешең арнап отыр жыр ағын,
Кәусар таза мөлдіреген бұлағым,
Барған жерге судай сіңіп, ұнағын,
Бақытты бол, бақытты бол, шырағым.



Көкірегі сырға толы күй-дастан,
Алатаудай арманы бар жүздеген,
Өзі өскен ортасына сыймастан
Түзден бақыт іздейді екен қыз деген.

Тағдыры оның суық қарап, сыздана,
Шешімі ауыр сын артқанмен санаға.
Көктемдегі қарлығаш қой қыз бала,
Айналатын шуақ шашқан Анаға!


Қыз ұзату тойына қысқа тілек

Айжанымыз ақ босағасынан ұзатылып, Мағжан есімді өзінің өмірлік серігін тапты. Жас жұбайларға қашанда жандарыңа жақсылық серік болсын, өмір өткелінен қол ұстасып бірге өтіңдер деп тілек білдіреміз.


-------------- -------- ---------

Ердің бағы - жарынан. Жақсы әйел ерінің есіктегі басын төрге сүйрейді, жаман әйел ерінің төрдегі басын көрге сүйрейді. Еріңді үй азаматы емес, ел азаматы қылу сенің зайыптылық парызың. Сондықтан, бұдан былай үйдегі еркелікті тастап, қыз көңілден қайтқайсың, зайыптылық өмірге байыппен аяқ басқайсың.



Қонақтан кетпей төрлерің,
Ісіңнің таппай ел кемін.
Тамсан мақтап көп адам
Баса алмай жүрсін шөлдерің.

Қалаулы бол халыққа,
Еңбектен еш жалықпа.
Қосылған сүйіп жарыңмен
Аққудай мәңгі қалықта.



Адамның бір қызығы бала деген,
Баласыз көңіл шіркін толар ма екен.
Дүбірлі той жасамай баласына,
Қазақтың жағасы жайлауына қонар ма екен.

Құтты болсын шалқар тойың,
Тарқамасын үйіңнен қызық-ойын.
Бақытына кенеліп екі жастың,
Тола берсін ырысқа қоныш-қойның.

Ақ тілегің ақтарылған бүгін дәйім,
Қабыл болсын ниеттер ылғидайын.
Түгенделген ұлыңның үш жұртының,
Ынтымағы жарассын барған сайын.

Кенелген көкірегіме тілегімді,
Білесің ақ көңіліммен тілерімді.
Ұрпағың ұрпағыңа ұлассын деп,
Ұсындым ақ тілеулі жүрегімді!!!



Еліңе елеулі бол,
Халқыңа қалаулы бол.
Ата-енеңе жағымды бол,
Қайынаға, қайындарға қайырымды бол.
Ауылыңа айбарлы бол,
Күйеуіңе жайдарлы бол.



 

Алтынымыз мақтанар,
Тілеуші едік басыңа
Болсыншы деп бақ қонар.
Сол сәт бүгін келіп тұр
Ақ тілекті ақталар.
Көлге біткен құрағым,
Өрге біткен шырағым.
Анаң сенің шаттанар,
Табылды деп сыңарың.
Әкең сенің мақтанар
Маздады деп шырағым.

Оң аяқпен аттандың,
Гүл бітсін қонған қияңа
Келіп жүр сүйген жарыңмен
Өзің ұшқан ұяңа!

Өмірдің өрлеп шықсын белесіне,
Мұхитқа жетсін жүзіп кемесі де,
Бір үйдің әлпештеген еркесі екен,
Ата менен сыйлы болсын енесіне.

Үлкенді қадірлеуден жалықпасын
Жарқылда жарыңның да тауып бабын.
Қадірлеп айналайын бір-біріңді,
Қырандай қия шыңға шарықтағын.

Тағдыр қосып табылыпты қосағың
Әлі ақталар жабдығыңмен жасауың.
Шаттықталар шаңыраққа айналсын
Керегесін кеңге жайып отауың.

Құтты болсын ақ қадамың
Келін болу жолы ғой қыз баланың
Барған жерде жақсы келін атанып
Қуанышын сыйласын әрбір қадамың.

Бекзаттарым-ай,
Жекжаттарым-ай,
Жекжат болып аулыма кеп жатқаның-ай!
«Бала бақытын қыздан іздейді,
Қыз бақытын түзден іздейді» жеген екен дана бабаларымыз. Біздің қызымыз бақытын сіздің шаңырақтан іздеп келді. Үлпілдеген үкіміз бізден - өтті, сіздерге – жетті. «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дейді. Жүн етсеңіз де, гүл етсеңіз де ендігі жауапкершілік – Сіздерде, құдалар!

Міне, бүгін қызымыз ата-ана ұясынан ұшып, жүрегінің қалауымен өмірлік серігі ......(аты) қол ұстасып, қызығы мен қиындығы қатар үлкен өмір жолына аттанды. Сөйтіп ата-анасының өрісін кеңейтті.
Отбасын құру – үлкен абыройлы іс. Абыройлы іске биік рух керек. Барған жеріңде бағың ашылсын, шаңырағың биік, босағаң берік болғай! Екеуің қазақтың үлгі тұтар отбасына айналыңдар!

«Жолаушы мұраты - жету, қыз мұраты – кету» екенін ұғынғанымызбен, бауыр етінен жұлып алғандай етіп қызын өзге жұртқа аттандыру кімге болса да оңай емес екен. Дегенмен, теңін тауып, көңіл жарастырып, біздің, яғни ата-анасының, туған-туыстарының ризашылығымен кетіп бара жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Қолымыздан ұшып бара жатқан қызымыздың қонған жері құтты болсын! Барған еліне тастай батып, судай сіңсін, көп балалы ана болып өркенін жайсын!

Құдай қосқан жарына бақ болып қонсын, қосағымен қоса ағарсын!

Құда-жекжаттарымызға айтарым, бір-бірімізге деген жылы ықыласымыз суымай,сыйластығымыз жоғалмай екі жастың қызығына кенелейік. Той сіздерге де құтты болсын! Екі жас бақытты, өмірлері ұзақ болсын!

Жаныңда жан - жарың, айналаңда етжақын туған - туыс, дос - жаран, бауырларың, артыңда қылықты қыз бен айбатты ұл, алдыңда жарқыраған күн тұрсын. Осылайша, төрт құбылаң түгел боп, еліңе сыйлы келін, салиқалы ене боп, ел анасына айналғайсың. Қосағыңмен қоса ағар. Үбірлі - шүбірлі боп, өркенің жайылсын!

Еріңнің қияға ұшуға қамданған қанатына қарқын беріп, көкжиекті қамтыған ой - өрісіне серпін беріп, көктегі ісін ептейтін, қатесі болса екшейтін, тарылған жолын кең қылып, кетігі болса септейтін сұңғыла жары болғайсың. Пейіліңді кең ұста, иманың мен ақылдың екеуін де тең ұста. Үйіңнің берекесі, еліңнің мерекесі бол.

Жаман келіншектің екі пышағы болады екен: біреуі қолында, біреуі – тілінде. Қолындағысымен нанын турайды, тіліндегісімен жаныңды турайды. Ал, жақсы келіншектің үш белгісі бар: жүзінде күлкі бар, қолында қонақ келгенде нан жаятын оқтауы бар, күйеуіне ашуы келгенде тілінде тоқтауы бар. Тіліне еге болады деген сөз ғой. Сондықтан тілек — екі пышағы бар емес, үш белгісі бар жақсы келіншек бол, айналайын!

Қызымыздың қонған жері құтты болсын! Денсаулығы мықты болсын! Жүрегі оның түкті болсын, сауған малы сүтті болсын! Өзге елде қадірі арта берсін! Енесі мен анасын бірдей көрсін, көпбалалы ана болып, гүлдей берсін!

Жас отау бүрін жарды жаңа гүлдеп,
Пенденің жетсем деген талабы көп.
Қадамың құтты болсын, құда - жекжат,
Отырмын мен де,
Сен де балалы боп.

Үмітпен ұл да өсірдік,
Қыз да өсірдік,
Дейтіндей құдалықтың міндетін ұқ.
Келінді өз қызымнан кем көрмеспін,
Жайласын жас отаудың іргесін құт.

Құданы мың жылдық деп айтпас бекер,
Қуаныш ортақ сізге,
Көңіл көтер!
Құдалар бір - бірімен тату болса,
Екі жас мұратына сонда жетер.

Болғанмен ұл менікі,
Қыз сенікі,
Екеуін тең көреді білген кісі.
Жатырмыз төсті төске түйістіріп,
Сыйластық –
Құдалықтың бір белгісі.

Бала - ортақ,
Жатсын, құда құрметтеп,
Құдалық - сын,
Ол да өзінше бір мектеп.
Қарсы аламын төбеге тік көтеріп,
Құда - жекжат жатса егерде іздеп кеп.

Екі бала бәрімізді сыйлы етсін,
Күйеу демен,
өз ұлым деп жүрмекпін.
Қызыңдай көр,
Құдаға айтар қолма қол,
Ал, құдағи білмей жатса үйреткін.

Құлаққағыс,
Айттым - құда назын жай,
Күй кернесін Құрманғазы сазындай.
Екі бала ортақ бізге, сондықтан,
Мың жылдыққа
Жүрсін құшақ жазылмай!


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Қарап көріңіз 👇



Жаңалықтар:
» Баспана бағасы тағы қымбаттай ма - сарапшылар болжамы 12.10.2021, 0
» Жастарға баспана: жеңілдетілген бағдарлама шарттары айтылды 09.10.2021, 0
» Түркиямен байерлік бизнеске алданған әйелдер, қазақстандық жұлдыздардың жарнамасы және заңгердің жанайқайы 07.10.2021, 0

Пікір жазу

Пікірлер 6

  1. Дархан Мұрат
    Дархан Мұрат 26.06.2021 12:19
    0 + 0 -
    Дәстүрімізді толық білетін, солардың мағынасын ашып өлеңмен жеткізе алатын жанкүйер админ барлығы қуанышты. Өзім де ақын болғаным үшін шумақтарыңыз бен еңбегіңізді биік бағалаймын. Алғыс сізге!
    1. zhararalikhan
      zhararalikhan 26.06.2021 13:05
      0 + 0 -
      Рахмет, сізде авторлық парақша ашып жариялай аласыз
  2. Оқырман Мария
    Оқырман Мария 13.02.2021 22:15
    2 + 0 -
    Кушты маған өте ұнады рахмет көп көп
  3. Акбота Мубаракова
    1 + 2 -
    керемет маган унады. сизге отиниш синилимнин узату тоиына жаксы Бир олен шыгарып бере аласынба
  4. Улдана Балтабай
    1 + 0 -
    Jaksy jaksy tilekter bar eken
  5. Maksat Maksat
    Maksat Maksat 17.08.2015 16:01
    0 + 0 -
    Керемет


Келесі мақала, жүктелуде...
Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.
Жақсы