Жамбыл Жабаев (Патша әмірі тарылды)

 Жамбыл Жабаев (Патша әмірі тарылды)

Қызығыңды көп көрдім,
Қарабастау, Құлансаз*.
Күндерімді өткердім,
Сенде жүріп ұзақ жаз.
Көкорайға жайылған
Секілді едік үйрек, қаз.
Ештеңе жоқ уайымнан,
Жүруші едік көңіл мәз.
Патша әмірі тарылды,
Оған қылар бар ма ылаж?!
Ішке толған зарымды
Кімге айтармын қылып наз!
Көген көзді қосақтап,
Қалай қиып берерміз?!
Көздің жасы моншақтап,
Көңіл шер боп өлерміз.
Көк жайлауды қалдырып,
Қайда көшіп кетерміз?!
Көкіректі зар қылып,
Қорлықпен қайтіп өтерміз?!
«Бес үйден бір жігіт!» деп,
Болыстар жүр шапкылап.
Жасауылы үй тінтпек,
Қылыштары жарқылдап.
Бүйтіп көрген күн құрсын,
Жапырақтай қалтырап!
Таусылғандай тынысың,
Күнде жүрек қансырап.
Дүниенің кеңдігі -
Жүргеніңде басың бос.
Жан қысылса, белгілі,
Таба алмайсың жақын дос.
Өз араңнан шыққандар
Таяқ соғар өзіңе.
«Әр нәрсеге - бір зауал»
Дейтін еді кезінде.
Би, болысты тәңірі атты,
Ел қорғауға жарамай.
Ағайынды еңіретті,
Көз жасына қарамай.
Енді ойласақ, не қалды,
Ата жұрттан кету бар.
Жолға тігіп не жанды,
Тәуекелге беку бар!
Не болмаса шыбындап,
Тағдырыңа көну бар.
Көнсең, күнде шығындап,
Ит қорлықта өлу бар!

* Қарабастау, Құлансаз - Сұйінбай мен Жамбыл ауылының жайлауы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?