Тіл туралы өлеңдер (қазақ тілі, ана тілі, туған тіл)
Тіл туралы өлеңдер топтамасы
Қазақ тілі туралы өлең
Күш кеміді, айбынды ту құлады,
Кеше батыр - бүгін қорқак, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың кос қанаты кьірқылды,
Күндей күшті күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай - алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар - асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың -
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нүрлы жұлдыз - бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,
Таралған түрік балаларын бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсын сен, тілім!
Авторы: Мағжан Жұмабаев
Қазақ тілі – қазақтың ана тілі,
Бірақ оған адам аз бас иетін.
Қазақ тілі – қазақтың дара тілі,
Кейбіреулер түсінбес қасиетін.
Кейбіреулер өз тілін шұбарлайды,
Орыс тілі сіңген ғой санамызға.
Неге олар «тілім» деп қуынбайды,
Шынымен-ақ басқа боп барамыз ба?
Бұл менің ұлтты сүйген өздік ойым.
Өз тілімде керемет ақыл –ойым.
Қасиетті қазақ тіл – бабам тілі,
Ол тарих, сенің, менің абыройым!
Пайдылы сілтемелер:
- Ана тілі туралы Өлеңдер
- Қазақ тілі туралы Өлеңдер ✍️
- Туған тіл туралы Өлеңдер ✍️
- Тіл туралы Өлеңдер ✍️
- Тіл туралы Тақпақтар ✍️
- Қазақ тілі туралы Тақпақтар ✍️
- Ана тілі туралы Тақпақтар ✍️
Туған тілім - ана тілім
Туған тілім-бабам тілі-өз тілім,
Туған тілім-анам тілі-өз тілім.
Туған тілім-далам тілі-өз тілім,
Туған тілім-адам тілі-өз тілім.
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.
«Сүйемін туған тілді анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутімнен,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, құлыным, жаным деген.
Сол тілменен бірінші білгізілген,
«Апа» деген сүйгендік сөз һәм менен.
Қалжақтап алып қашып құрбы бөркін,
Сол тілменен ойнадым далада еркін.
Сол тілменен бірінші сыртқа шыққам,
Өмірден, ен даладан ұққам көркін.
Сол тілменен білгіздім тілегімді,
Бірінші сүйген жарға жүрегімді.
Маған қарай тығылып «жаным» деген,
Мойнына апарғанда білегімді.
Сол тілменен үйрендім нәрсе аттарын,
Сол тілменен ұғынды, әдетті мен жаттадым,
Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты,
Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным».
Автор: Сұлтанмахмұт Торайғыров
Ана тілі туралы өлең
Қадірлі, бағасы алтын анам тілі,
Сенімен бағаланған балаң түрі.
Төрт бөліп түн ұйқысын жұбатам деп,
Сенімен әлдилеген анам мені.
Бесікте белім буып бітіскемін,
Сөйлесіп шешем жүнін түтіскемін.
«Апа», - деп, «Ә», - деп жылап, аузымды ашып,
Емшектен еңбек қылып сүт ішкемін.
Маңымды сеніменен танығамын,
Сеніменен қуанып, налығамын.
Дене ауырлап, жан жалқау тартқан шақта,
«Уһ» деп шаршап, дем алып шалығамын.
Тілегенім, қорыққаным – бәрі де сен,
Сасқанда да жармасам ойбайыңмен.
Апкәусар болса дағы ұжмақтағы,
Тәттілікті көрмеспін сенімен тең.
Ана тілім,
Жүрегісің анамның.
Жүрек-ана,
Мен өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз мынау керегі не ғаламның!
Сенің әр бір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім,
Егер сені білмесем.
Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам,
Сенің арқаң жүзіп ішсем тұнықтан.
Туған анамды ұмытқаным емес пе,
Туған тілім,
Егер сені ұмытсам.
Сенің арқаң өзімді өзім түсінсем,
Ақыл-ойым, айбатым-сен, күшім-сен!
Қойсын маған күннің нұры түспей-ақ,
Ана тілім,
Арыңа дақ түсірсем.
Ағытатын тасқын ойдың тиегін,
Өзің ғана сыйынатын киелім!
Ризамын отқа жанып сен үшін,
Күлге айналып кетсін мейлі сүйегім.
Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,
Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?
Сенсің менің қуанышым, шаттығым,
Сенсің менің тазалығым, пәктігім.
Ана тілім,
Алтын ұям, құндағым,
Ақ бесікте әлдиіңді тыңдадым.
Сенің жырың, сенің әнің айтарым,
Санам сөніп, байланғанша тіл-жағым!
Тіл туралы өлең
Қуатым – ана тілім
Қазағым, қайда жүрсең біл тіліңді,
Айтады ана тілсіз кім түбіңді?
Қайсыбір қандастарым шүлдірлесе,
Жүрегім біз сұққандай мың тілінді.
Қуатым – ана тілім ақ сүт берген,
Жан емен, сен бар кезде қаңсып көрген.
Өлеңде топқа түссем, өзіңсің ғой,
Әперген маған орын ашып төрден.
Қалса егер, жалғыз сәтке қалғып тілім,
Дей бергін ауа жетпей, қарлықты үнім.
Сен барда терезем тең, еңсем биік,
Қасында тұрсам-дағы қай мықтының!
Ардағым, ана тілім - жан мерейім,
(Жүзіңнен әрқашан да таң көрейін).
Сен болсаң, көш бастаушым келешекке,
Соңыңнан көзім жазбай, мәңгі ерейін.
Төбемде тұса сенің жанып нұрың,
Демеймін сөз сөйлеуден жалықты ұлың!
Түсінгін ардақ тұтқан ана тілім,
Екенін жан сырымның анық мұның!
Ана тілім
Ана тілім — ақ таңым,
Жеміс берер бақтарым.
Жанымызды баурайтын,
Шырқап айтар тәтті әнім.
Ана тілім — шырағым,
Сусындайтын бұлағым.
Жай-күйіңді сезініп,
Өзіңді ойлап тұрамын.
Ана тілім — айдыным,
Таусылмайтын байлығым.
Өзің барда жүректе,
Сезілмейді қайғы-мұң.
Ана тілім — елдігім,
Азаттығым, теңдігім.
Мемлекеттік тіл ғажап,
Көрсететін кеңдігін.
Ана тілім — тірегім,
Сен деп өмір сүремін.
Биік болсын мәртебең,
Бір өзіңе тілерім!
Жібек Искакова, 1.11.2023 жыл
Ана тілі
Кітап – білім бұлағы,
Газет – тілдің құралы.
Ана тілім – ардағым,
Тәй-тәй басып жүр әлі.
Кітап – білім бұлағы,
Өнер – тілдің құралы.
Ана тілге ерекше,
Ішім бұрып тұрады.
Жүрегімнің бөлшегі
Қаның, жаның – тіліңде,
Арың, нәрің – тіліңде,
Ұмтыл оны білуге.
Тілден алып ғибрат,
Құлшынасың білімге.
Ана тілің – ертегің,
Ана тілің – өркенің,
Ана тілің – ертеңің.
Қадірле ана тіліңді –
Жүрегіңнің бөлшегін!
Автор: Болат Үсенбаев
ТІЛ ТАҒДЫРЫ
Байлаған тілім ғасырдан бекіп тамырын,
Дарыған қанмен ділім мен тілім - тағдырым.
Асыра сілтеп, мәнісін сезбей жас ұрпақ,
Түсінбей жүр ме тілінің қазір қадірін?
Бесіктен шықтың кешегі күні іңгәләп,
Өсірді анаң бақытқа сені мың балап.
Туғаннан бойға, санаңа сіңген өз тілің,
Дәулет боп қонар жұрты мен тілі барға бақ.
Жығылсаң жолдан, аяйды бүгін кімді кім,
Қолыңмен аштың дүбәра тілдің түндігін.
Өзінің тілін ұмыту – ұлтқа қасірет,
Бүгін де міне, алты Алаш елге төнді мұң.
Жарамас тіл мен жұртыңды құрбан еткенің,
Босағанда әрбір, төріңде өніп көктедің.
Мақтаныш санап, тіліңде өзге үн қатып,
Анаңның тілін ұмытқаның бұл не еткенің?
Өз тілің - бақыт, айбының сенің, түсінсең,
Не болмақ ертең ұлтыңның құнын түсірсең?
Кешірмес мүлде жігері асқақ рухты елің,
Ұмытып тілді санаңнан егер өшірсең.
Гүлзия Тәжіханқызы.
Тіл мен әдебиет
(Ахмет Байтұрсыновтың рухына)
Тіл қамын Ахмет атам жасап кеткен,
Тарихын мәрмәр тасқа қашап кеткен.
Әр сөзін мақтанышпен айта алатын,
Қазақтан жаралғаным ғажап неткен.
Тіл жайын тау тұлғалар уайымдаған,
(От болып ар алдында жалындаған.)
Һәм Ахмет төте жазу әдісімен,
Ұрпақтың әліппесін дайындаған.
Қазақты "Маса" боп та шаққан еді,
"Мысалмен" талай есік қаққан еді.
Шығарған "Тіл құралы" оқулығы
Ұлт үшін бұлақ болып аққан еді.
Бірақ та, ешкім бұны түсінбеді,
Білімнің шырағына жүгінбеді.
Ахметін ит боп қапқан біздің қоғам,
Ісіне ешқашан да күйінбеді.
Күйінбей, көңілдері жадырады,
"Таза ғой" енді неден қамығады?
Есімін өлтірмеуге барын салып,
Тер төкті бағып-қаққан Самыраты.
Жүрегін текті ұлдың жаралаған,
Бұл қазақ талай жерді аралаған.
Із салып филология ғылымында
"Әдебиет танытқышты" саралаған.
Үндемей жүретінім тиыш еді,
Турашыл қай ортаға сиып еді?
Қоғамның қазақшасын байқап қалсам,
Ахметтен ұяламын пейіштегі.
Ұлтымның өлтірмесек мәдениетін,
Халықтың танытамыз қасиетін.
Ахметтің аруағы разы болар,
Қазақтың сүйсек тіл мен әдебиетін.
Автор: Самрат Құскенов
СӨЙЛЕ ДЕ, ТІЛІМ, БАЗАРЫМ
Сөйле де, тілім, базарым,
Бір күнде жетер ажалың.
Шыңнан қашқан қояндай
Шығарайын тозаңын.
Сөйле десең, сөйлейін,
Нұржанның жазған ғазалын.
Азаматым, ағайын!
Аз ғана бір сөз жазайын.
Сіз бір біткен жар-қайың,
Біз бір біткен тор-қайың,
Бұтағыңа қонып ап,
Әрлі-берлі шырлайын.
Қызыл да тілім, сөйлеп қал,
Таңдайымда қатарсың.
Домбыраның бетінде
Он саусағым, жорғала,
Шешіліп көрде жатарсың.
Сылқым, сылқым, сылқым соқ,
Солқылдарға мойным жоқ.
Жалаңаштан да жауға аттан,
Ажалың жетпей, өлу жоқ.
Жез қасық-ау, жез қасық,
Бұл сөзіме халық асық.
Екі жақсы қосылса,
Отырады жанасып.
Бір жаманға сөз айтсаң,
Ол да бір кетер түн асып.
Дүние, дүние, дөңгелек,
Мен сөйлейін термелеп.
Термелетпей, шіркін-ай,
Бүгежектеп отырмын,
Баурайыңнан аса алмай,
Төрге жиған жасаудай.
Ішімде кеңес қайнайды,
Бұғалық салған асаудай.
Ертелі-кеш шапса да,
Білмейді інің босауды-ай!
Сері, азамат Сардарбек,
Өтер-кетер дүние-боқ.
Қас жүйрікте шабыс көп,
Алғаның жаман болса егер,
Бір төсекте жату жоқ.
Ағайын жаман болса егер,
Өле-өлгенше тату жоқ.
Таудан аққан тарғыл тас,
Тарықсаң шығар көзден жас.
Ағайын болсаң – тату бол,
Алаш болсаң – жақын бол,
Қатын алсаң, сұлу ал,
Артыңда қалса, кім алмас?
Жаман қатын алсаңыз,
Артыңда қалса, ит алмас.
Жақсылардай ақ алмас,
Ақ алмастан жан қалмас.
Бай баласы мақтанса,
Бедеу атқа міндім дер.
Бек баласы мақтанса,
Көрмегенді көрдім дер.
Хан баласы мақтанса,
Алтын таққа міндім дер.
Жаман адам мақтанса,
Жемегенді жедім дер.
Жолдас болсаң жақсымен,
Не де болса, көндім дер.
Бір жаманмен дос болсаң,
Сенің үшін өлдім дер.
Арғымақ ат мақтанса,
Ол да бір күні кез келер
Қаланың қазған орына.
Ақсұңқар құс мақтанса,
Ол да бір күні кез келер
Құсбегінің торына.
Асқар, асқар, асқар тау,
Адыра қалар малдан соң.
Құбылып тұрған бәйшешек
Құбалай болар солған соң.
Байлар киген қамқа тон
Шүберек болар тозған соң.
Жігіттің сәні келмейді
Алқалаған жаудан соң.
Жүйріктің сәні келмейді
Өкпе мен бауыр, жалдан соң.
Келіншек сәні келмейді
Әлдилеген ұлдан соң.
Кемпірдің сәні келмейді
Төрде отырған шалдан соң.
Үйдің сәні келмейді
Ораулы тұрған шиден соң.
Шидің сәні келмейді
Жиюлы тұрған жүктен соң.
Жүктің сәні келмейді
Бойжетіп өскен қыздан соң.
Көлдің көркі келмейді
Жайылып жатқан малдан соң.
Самауыр деген шай шықты,
Саусаң, сүті шықпайтын
Ақша деген мал шықты.
Ат жекпесе жүрмейтін,
Жүрсе, көзі көрмейтін,
Тарантас деген ат шықты.
Автор: Нұржан Наушабаев
Қайран тілім қор болған...
Жүрдек пойыз жылжи берген.
Купеде – төртеуміз.
Көп емес, аз-ақпыз.
Астыңғы орында шал мен кемпірміз,
Үстінде – бүлдіршіндей екі қыз.
Шетімізден қазақпыз.
Стансадан сырғи бергенбіз.
Үстіміздегі бір қыздың ұялы сөйлескіші
Безгек тигендей безеп қақты.
– Иес, мама, уже едем! – деді,
Иес,иес, бананымды жедим, – деді.
Сөзін ащы ішектей шұбырта берді.
...Ноу,ноу! – деді.
Мени ждет большой шоу! – деді.
Ой, мама, хи-хи, здорово, окэй, – деді,
Бал болады докей, – деді.
Сөзінің соңын «гутбай»-мен тауысты,
Енді қасы-көзін бөлшектеп бояуға ауысты.
Ашық күндей әлгінде ғана көңілді отырған кемпірім
Шоқ басып алғандай шала бүлінді.
– Әй, төбемдегі қар қорлады-ау ана тілімді.
Мама дегеннен басқасын түсіне алмай қор болдым.
«Иес»-і мен «көтбайы» несі-ей?
Сөзден қойыртпақ жасайды, бар ма есі-ей?
– Өй, кемпірім, айттың не, айтпадың не,
Олар «пішту» демейді. Сен де қызықсың.
– Әй, шал, әлгілерге так-так демесек,
Тілді шұбарлауды тоқтат демесек,
Кім айтпақ, шал, бар ғой, сен өзі бұзықсың...
– Әу, неге бұзықпын?
– Қолыңнан келсе, анау қызға тілді бүлдірме де!
Шұбарлап, шүлдірлеме де...
Мен бәрін түсіндім, түге.
– Нені түсіндің, кәне, айтшы! –
Кемпірімнің көзі шатынап кетті.
Өйткенше болған жоқ,
Бәшәжерлер, дорожный биллеттеріңіз... –
брәведник қатынап кетті.
– Әй, дорожниің не?
Кемпір жолсерікті жағадан алды.
– Бәшәжерім – жолаушылар,
Дорожныйым жол белеті шығар.
– Е-е... о басында солай демейсіз бе?
– Короче, мені бөгемейсіздер!...
– Әй, корошоң не?
Қазақша айтсаң ішің кебе ме?
– Да, ну, неге ашуланасыз?
– Тілді әлгінде қорлағаны аз болғандай
Енді саған жол болсын!...
Кемпір қасындағы шалына тиісті.
– Кәне, білгіш болсаң түсіндір маған,
Қара қыздың «Иес» дегені не?
– «Иес» дегені – орысша «да», қазақша «иә» дегені.
– Құп, мейлі, ал «көтбайы» ше?
– Ол «көріскенше сау боп тұр», – дегені.
– Е-е... қоштасқаны десейші.
– Мм... Солай де.
– Әй, кемпір,
«Ит ашуын тырнадан алады» дегендей,
жүйкемді жұқарта берме, түге.
Ашуыңды адуындыларға айт!
– Адуындыларың шенеуніктер шығар,
Бірі шешіле, бірі есіре сөйлеп,
Төзімімді құртып төпеп-ақ жатыр-ау,
Ашығын айтсақ....
Мәжіліс көп те, мағыналы іс жоқ.
– Кемпір-ау, сен не білесің?
Қазір үш тілді игер десіп жатыр ғой.
– Әй, кеңкелес, кемпірмен керіспей дұрыстап тыңда...
– Ммда...
– Немене, мда?...
әлгі үш тіліңді таратып айтшы, кәне!
– Айтсам айтайын...
– Біреуі... қазақша! – деді бас бармағын басып.
– Екінші орысша! –деді желкесін қасып.
– Сонсоң?..
– Сонсоң... «енгланд» деді асып-сасып.
– Немене, емқыладың не ей, шал?
– Енгланд, яғни, ағылшын...
– Көтек-ай, мына шалым шатаспаса не қылсын?
– Жә, жә, ашуыңды бас, кемпірім.
– Е, ендеше, тілдерден мипалау жасай ма?
– Гәп сонда.
– Таза сөйлемес болар ма!
– Гәп соларда.
– Ендеше, анау үстіңдегі қыздың көзін шұқып айт.
саусақпен нұқып айт...
– Шұқысаң өзің шұқы, нұқысаң өзің нұқы.
– Кім қалай сөйлеу өзінің хұқы –
Десек те...
Ана тілін қорлау – ешкімнің хұқы-мұқына
Жатпайды, білдің бе?
Ана көріп тон пішкен, ата көріп оқ жонған...
– Иә, иә, солар тіл тазалығын сақтайды.
– Білдім, білдім, тілді бұзу көрінгеннің еркі емес
Тілді кім бұзып сөйлесе, сол нағыз кеңкелес!
Автор: Мыңбай Рәш
Тіл құдіреті
Тіл адамның сәулесі санасының,
Бейнелейтін ақиқат дара шыңын.
Бүкіл тыныс, тіршілік, ұлт болмысы,
Тілден ғана табады бар асылын.
Ішімізде дүбәра, көш келеді,
Болмаса да сөйлейді, еш дерегі.
Білмегендер, ұлтының құндылығын,
Таңертеңнен, жарытпас ештемені.
Өнеге мен өсиет өрнектелген,
Елдігі мен ерлігі өрлеп келген.
Бабалардың мұрасын бағалайық,
Ұрпақ үшін тіл, жерді төрлеп берген!
Заманауй жан болмай өтем бе деп,
Еліктеме, өзгеге бөтен бөлек.
Сүйсең тілді, сүйеді ол да сені,
Рухы биік тұлға ғып, көтермелеп!
Автор: Гүлсім Сатыбалды
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру