Құт мекенім


Әлемнің ұстазы саналатын Аристотельдің айтуынша, адам туған топырағына тартып туады. Рас, қазақтың киелі топырағы от тілді, орақ ауызды ақындарды, би-шешендерді, жаужүрек батырларды дүниеге әкелді. Топырағына тартып тумаса маң-маң дала Маңғыстауда Махамбеттер дүниеге келер ме еді? Ақ түтек бораны буырқанған Жуалы Бауыржандай батырды бізге берер ме еді? Сұлу Көкше Сәкендей асылды жарық дүниеге әкелер ме еді? Ежелден-ақ көзі қарақты, көкірегі ояу ұлыларды тудырған Семей қазаққа Абайдай дананы берді емес пе? Сондықтан да болар, біздің халық даналығында «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген терең мағыналы сөз бар.
Мен де өз туған жерімді асыл қасиеттерімен мақтан тұтамын. Туып-өскен ауылым – Құлан нағыз жұмақтың өзіндей құт мекен. Ежелден-ақ аты Ұлы Жібек жолы арқылы күллі әлемге танымал болған ауылым тұмса табиғатымен де көптің көңілін сүйсіндіреді.
Таудың етегінде орналасқан Құлан ауылы сонау 1958 жылы әлем жұртшылығының назарын аудартып, тамсандырған Абсент тұлпарымен де дүниежүзіне танылған еді. Одан бергіде байрақты бәсекелерде топ жарған жеңімпаз спортшыларымен, өнер майталмандарымен де абыройы асқақтап келеді.
Әйгілі сазгер Мэльс Өзбековтың «Келші Құланға» әні жергілікті әнші Досымжан Таңатаровтың орындауымен қалың елге жетіп, жүрегінен орын алғаны белгілі.
«Үмбет құмын асып,
Жібек жолын басып,
Келші, сәулем, келші,
Біздің Құланға» деп өрілген өлең туған жердің перзенті үшін тым ыстық екенін сездірмей ме?
–Өнер адамы болған соң жолда көп жүреміз ғой. Ауылымның тұсындағы күре жолмен қайда тартсам да тоқтап, саф таза ауасын жұтып, сағынышымды басамын. Алыс жолдан шаршап-шалдыққанда осы бір Шал тауының баурайындағы кішкене ғана ауылым үнемі перзенттерін күтіп тұрғандай сезіледі маған, -дейді белгілі әнші Досымжан Таңатаров.
Ал, Сидней олимпиадасының жеңімпазы, танымал боксшы Ермахан Ибраимов:
–Менің туған жерім өте киелі. Әйтпесе осыншама тұлғаларды тудыра ма? Әрдайым жері қасиетті туған ауылым, ел-жұртым жүрегімнің төрінде тұрады. Оларға деген махаббатым шексіз, -деп тебіренеді өскен өлкесі жөнінде әңгіме қозғағанда.
Осындай тұлғаларды тудырған топырақтан шыққан біз де, бүгінгі жас буын туған жеріміздің бір қажетіне жарайтын, абыройын асқақтатар ұланы боларымыз хақ. Соған сенемін. Себебі, жастарының сапалы білім алып, салауатты өмір салтын ұстануына бар жағдайды жасап отырған мемлекетіміздің бүгінгі болашаққа деген беталысы осыны айғақтайды. Қазіргі ұрпақтың жанарынан «Мен мемлекетіме не бере аламын?..» деген ойды оқу қиын емес. Әрбірі де елдің игілігіне жарауға ұмтылуда. Дәйім солай болсын!

Нұрлан ҚАРЖАУБАЕВ


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу