Домбыра


Жоба тақырыбы:

«Домбыра»

Жезқазған қаласындағы

№21 жалпы орта білім беретін мектебі КММ

4 «Б» сынып оқушысы

Мұхитден Нұрдәулет

Мұхитденұлы

Жетекшісі :

Ахметова Ақтоты Рахимберліқызы

Бастауыш сынып мұғалімі

Санаты – І

І.Кіріспе бөлім

Жобаның мақсаты:

 Ата-бабамыздан қалған асыл мұраны жаңғырту Отанға деген,еліне

деген сүйіспеншілік қасиетін арттыру

Міндеттер

Домбыра туралы ұғым алу

Аталар мұрасы - халық қазынасын сақтау

Домбыра құрылымын білу

Домбыра тәрбиесінің маңызы

Ата-бабамыздан қалған дәстүрді жалғастыру

Домбыра аспабын бүкіл әлемге таныту

Жобаның өзектілігі:

Ұлтымыздың әдет-ғұрпымен салт-дәстүріне жан бітіріп оның

құнды қалпын сақтау.Ата-бабамыздан қалған асыл мұраны жаңғырту

Отанға деген,еліне деген сүйіспеншілік қасиетін арттырады.

Жобаның болжамы:

*Қазақтың рухын көтеретін –қоңыр үнді домбыра.Қоңыр үнді қалыпқа келтіру арқылы қазақ жастарының ақыл-ойы,санасы өзгерер еді.

*Егер де әр қазақтың үйінде төрінде домбыра болса және оны балаға

жастайынан үйретсе, «Домбыра тартқан бала ешқашан жамандыққа бармайды»,

«Домбыра тартқан бала адаспайды» деп ертеде ата-бабамыз текке айтпаған.

*Қазіргі заманда қазақ жастарының домбыраға деген,менсінбеушіліктері

қалыптасып еуропа әуеніне көп еліктеп домбыраның қоңыр үні артта қалып жатқаны.

Нәтижесі:

*Сыныптағы 22 баланың 100 пайызы домбыра үйірмесіне қатысып,

домбыраның қасиетін түсініп,тартып үйренер еді

*Жезқазған қаласының мәдениеті дамиды

*Балалар демалыс күндерін тиімді өткізер еді

Домбыра туралы ұғым

Домбыра –қазақтың ішекті, музыкалық халық аспабы.Шанағы көбінесе алмұрт пішіндес болып келеді,мойны өте ұзын,пернелермен бөлінген.Домбыра –қазақ халқының әрбір үйінде болуы міндетті және қажетті аспап болып есептелген.Бұл музыкалық аспаптың пайда болу тарихы ғасырлар қойнауына кетеді.Ежелгі Хорезм қаласының қазбаларынан археологтар екі шекті құралдарда ойнап тұрған музыканттардың терракотты бейнелерін тапқан.Ғалымдар бұның Хорезмдік аспаптардың бұдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген көшпелі сақ тайпаларының музыкалық аспабы екенін белгіленген.Бұл ежелгі екі шекті аспаптардың қазақ домбырасымен ұқсастығы көп және оның прототипі болып табылады. Осылайша,археология арқылы домбыраның ерте кезде пайда болғандығы анықталды. Домбыраның екі түрі бар - батыстық және шығыстық:Батыстық домбыра жалы жіңішке және ұзынша болып келеді.Шығыстық жуан және қысқа жалды домбыраларда мұндай техникалық әдіс қолданылмайды.Аспаптар көлемі мен қалыбының түрі дыбысталу күшіне әсер етеді:көлемі үлкен болса,дыбысталуы да сондай болады. Дыбысталу сипатына оң қол техникасының әсері бар:төкпе күйлерде дыбыс қол білезігін күшті сілку арқылы екі ішекті қағумен алынса ,шертпе күйлерде дыбыс жекелеген қол саусақтарымен шектерді шерту арқылы берілген .Осылайша домбыра мен күйдің ,олардың орындалуы арасында тығыз байланыс бар.Домбыра тек екі шекті ғана емес,үш шекті де болып келеді.Өткен кезеңде үш шекті домбыра Қазақстанның әртүрлі аймақтарында кездескен.

Домбыраның осыған ұқсас үлгілері қазақстанның шығыс өңірінде кең тараған. Домбыра да орындалатын шығармаға байланысты ,ол бірде квинтаға , бірде квартаға бұралып күйге келеді.Домбыра халқымыздың жан серігі,оның тарихын,тағдыры мен тілін ,қоғамдық және рухани өнері мен салт-санасын,тұрмысы мен әдет-ғұрпын айқын көрсететін ұлттық байлығымыз.

Ата мұрасы - халық қазынасы

«Домбырам,жүрегіммен үндес едің,

Сенімен сырласымдай тілдесемін

Бабамнан қалған мұрам,сен болмасаң,

Өнердің не екенін де білмес едім».

М.Мақатаев.

Домбыра –қазақтың жаны.Ол тар жол ,тайғақ кешу жолдарын бастан өткерген қазақ тарихын парақтауға негіз бола алады.Ұлтымыздың болмысына куә болған әдет – ғұрпы мен салт – дәстүрлеріне жан бітіріп,оның құнды қалпын сақтауға негіз болғанын көреміз. Халқымыздың көшпелі тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігіне байланысты өнеріміз ғасырлар бойы тек қана жеке орындаушылық формада дамыды. Ол әр дәуірде мәдениетімізде дарынды тұлғалардың дүниеге келуіне мүмкіндік туғызады.Аты аңызға айналған Қарт Нартай,Асан қайғы сияқты ең таңдаулы өкілдерінің есімдері біздің заманымызға да жетті. Олардың күйлері халқымыздың басынан өткерген қиын,қилы кезеңдерін бейнелеп, халық тарихы туралы сыр шертеді.

«Домбыра көшпелі елдің көне көз шежіресі,көпті көрген қарияның көкірек күйі»,- деп сипаттады академик А.Жұбанов.Ол халқымыздың мұңымен қайғысын ,қуанышымен күйінішін ,тұрмыс-тіршілігін,арман - тілегін, батырлардың ерлігін,салт-дәстүрін,қазақтың кең сахара даласын сұлу табиғатын ,тарихи аңыз күйлер арқылы суреттеген,атадан балаға,ұрпақтан-ұрпаққа осы заманымызға дейін мұра болып қалған,қазақтың киелі аспабы,қасиетті қара домбыра ,десек қателеспейміз.

Домбыра қазақ халқының жан сезімі ,жан серігі.Сондықтан «әу» демейтін қазақ жоқ,қазақтың той думандары домбырасыз өтпейді,бір үйден домбыра үні шықса ,халық тез арада жиналып тамсана тыңдап отыратын болған.

Домбыра өнері яғни күй дәсүрінің өркендеуі ата-баба дәстүрінің кәсібін дамытып,әрбір баланың өнер арқылы білімге,терең ойға,өз бойындағы қабілетін шыңдауға мүмкіншілік туғызады.

Домбыра – дәурен,ән - ғұмыр

О, домбырам !

Сыйқырлы үнмен сөйлейсің мың тілде сен,

Көңілімнің табасын кілтін де сен.

Мұң шерімді қайдағы қозғамасаң,

Кірпігімде шық болып іркілмесең.

О, домбырам !

Сыйқырлы үнмен сөйлейсің мың тілде сен,

Көңілімнің табасын кілтін де сен.

Тағы мені өзің келіп жұбатасың,

Мұң тозаңнан арылып сілкінбес ем.

Сен сөйлесең:

Тау басынан құлайды сарқырама,

Сарқырама тартылып,сарқыла ма?!

Көз алдыма келеді жапырақтар,

Ағын сумен жөнелген қалқып аға.

Сен сөйлесең:

Салып еске жастықтың бұла күшін,

Өзіне тән қайғысы.... қуанышын....

Қайта оралып жап-жасыл күндеріме,

Сағыныштан уылжып тұрады ішім.

Домбыра құрылымы

Домбыра аспабында да үш құрылым бар:бас,мойын,шанақ болып келеді.Шанақ жер қойнауына ұқсас .Ол өмірден өткен бабалар үні мен сөзінің қоймасы.Мойын арқылы белгілі бір сазға түседі.Бас ішек бұрауының сақшысы.Музыкалық әуендер мойыннан құралады,шанақтан шығады.

Домбыраның басы - Аспан,

Домбыраның мойны - Бәйтерек,

Домбыраның шанағы - Жер.Үш әлем домбыра бойында да бар екен.Демек

«біз ортада,жер бетінде тұрамыз» деуінде негіз бар. Домбыраның мойны арқылы әуендер шашылады. Бәйтеректің бұтақтары жайылып,өнімін шашады.Жер құнарын беріп тұрады. Шанақ әуенін шашып тұрады.Домбыраның басы ретінде қарап тұрады,аспан да өмір ретін қарап тұрады.

Үш әлемді байланыстырған «Бәйтерек» ,одан пайда болған «Домбыра» ,адам қажетіне жарап ,байланысу арқылы тәрбие мен білім көзін ашуға ықпал еткен.Үш әлеммен байланысқан құдірет иесі - домбыра өнері ұлттық идеологияны дамыту үшін де керек. Ұлттық идеологияда домбыра әуенін ұстанбай,ұлттық құндылықтарды сақтап жалғастыру қиын болмақ.

Жерден өскен ағаш адамға пайдасын ( жеміс,жапырақ ) береді.Ал домбыра қоңыр әуен арқылы құлаққа еніп,ықпал етеді.Жерден өнген өнімдер адам қорегіне қажет болса , домбырадан шыққан күй – адамның рухани жан азығы.Демек, айналаны қоршап тұрған дыбыс екен,ал оны жағымды әуендерге айналдырып жеткізетін –домбыра аспабы. Егер, қоршаған айналаның дыбыстары түгел жойылатын болса,онда адамдардың өмір сүру қабілетіне нұқсан келген болар еді.Мысалы,қазіргі үлкен қалаларда құстардың табиғи сайрауының жоқтығы үлкен ой салады.

Мүмкін бәйтерек негізінен әуен шығып,адамдарды елжіретіп,бойын балқытып,әсерлендіруінің арқасында түрлі өнердің пайда болуына ықпал еткен болар.

Домбыра аспабының философиясын ашуда аңыз -

әңгімелерінің желісіне сүйенуі

Ғасырлар қойнауында қалыптасқан музыкалық - эстетикалық асыл мұраларды домбыра аспабы жеткізеді.Күй мен оның әңгімесі қоса өріліп, домбыра мен аңыз қатар өрбіді. «...Алғашқы рулық замандағы бір адам (батыр, мерген) аңда немесе жорықта жүріп,өзінің басынан кешкен бір оқиғаны руластарына айтып беруі мүмкін.

Аңыз әңгіменің рухын күй сараны күшейте түссе ,күйлердің сарыны аңызды әсерлеп жеткізуге ықпал ете алады. Домбыра бар жерде қазақ халқының тілі,өнері,тарихы бірге жүреді.Домбыра аспабының философиясын ашуда аңыз-әңгімелердің желісіне сүйенуге болады.

«Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңіл жарастырғанын сезіп қалады да жігітті дереу дарға астырады. Екі қабат болып қалған қыз мезгілі жетіп босанады.Оны аңдыған мыстан кемпір егіз баланы көз көрмес,құлақ естімес,алыс жерге апарып,жап-жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа,қызды шығысқа қаратып іліп кетеді.Сәбилердің көз жасы тамған бәйтерек солады,жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қурайды.Қаңқу әңгіме халық арасында жата ма,оны естіген қыз егізін іздеп,жолға шығады. Жолдан шаршаған қыз бала ағаш түбіне келіп,демалады.Құлағына күмбірлеген сарын естіледі.Қайдан шығатын әуен екенін білгісі келіп ағаш үстіне шығып тыңдаса,жаңағы бәйтерек сынып кетеді.Ағаш,түбінен басына дейін іші қуыс екенін көреді.Екі басында бұтақтан –бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді.Екі ішек самал желмен тербеліп,одан әуен шығады екен. «Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» деп сол ағаштан аспап жасап алады.Батысқа қараған ішегі бостау,шығысқа қараған ішегі қаттылау керілген екен.

«Астыңғы ішек –жіңішке дауысты қызым Зарлық,ал ,үстіңгі ішек - бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын» деп екі ішекке ат қойып,домбырасын тартып,күй шығарып кеткен екен» дейді аңыз – әңгіме туралы еңбегінде Ө.Жәнібеков.

Мұндай аңыздарда айтылатын бәйтерек ағаш домбыра болмысымен үндес.Домбыра ағаштан жасалынып,одан әуен туады.Адамның қос ішекті соғуы арқылы пайда болатын әуені жел ,дауыл әсерінен туатын сылдырлаған дыбыс үндерін еске салады.Демек екі бағыт негізінде әрекет байқалады.Оның бірінде жел Бәйтерекке әсер етіп,қозғалудан ызың естілсе,екінші бағытта адамның домбыра шектерін тербету арқылы әуендер шығады.

Бәйтерек ағаш аңыздарда дүниенің кеңдігін көрсетудің символы болса,домбыра аспабынан туған үн өмір мінін ұғынуға шақырады. Байтерек домбыра болып үн қатады. Ол табиғат пен өмірдің жалғасқан айналымы шексіздігін меңзейді.

Астана қаласында зәулім бәйтерек ағаш,жаңа дизайндық үлгімен архитектуралық құрылыс орналастырылған.Мұның өзі ата – бабалардан жалғасын тауып келе жатқан бәйтерек негізінде қалыптасқан домбыра үлгісін де еске салады.Жапан далада жалғыз өскен бәйтерек ағаштың жүрек тербетер сыбдыры дыбыстық әуенге айналып,адамдар оны табиғаттың ерекше құбылысы деп бағалап оған сиынып отырған.Бәйтерек ағаштың қылықтарына ұқсасын деп аспап жасап алуы да сол негізге меңзейді. Ағаштың тамыры жер астында, бұтағы мен сабақтары жер үстінде,ұшар басы аспанмен тілдесіп,түрлі сыбдыр дыбыс құрап,сезгіш көңілге айрықша әсер еткен.Әуен – тазалықтың нышаны,ал Бәйтерек – үш әлем байланысының символы.

«Бәйтерек»ағаштан пайда болған әуендер домбыра арқылы құрастырылып,шағын музыкалық үндердің жиынтығы келе-келе дамып отырған.Оған дәлел:қазақ музыкасында табиғатқа байланысты туған ән мен күй атаулары көптеп саналады.Мысалы: «Сары өзен», «Ертіс толқыны», «Боз төбе», «Қызыл қайың», «Мұңлық - Зарлық» , «Тәңірі күйі», «Аққу», «Құланның тарпуы», «Ақсақ құлан», « Бозінген », «Шұбар ат», «Тепең көк» т.б. күйлер тегіне лайық туған.

 Домбыра тәрбиесінің маңызы

Кімде-кім домбыраны тарта білсе,тіпті ең болмағанда құлақ қойып тыңдай білсе ,ол психология дейсіз бе,физика дейсіз бе,математика ,тарих , педагогика дейсіз бе ,барлығын оңай меңгере алады,себебі домбыраның бойында пәндік білімнің барлығы бар.Тіпті бұл музыка аспабы көзбен көріп, құлақпен естуге болмайтын ішкі сезім,ішкі жан дүниені қалыптастырады.

«Қазақ халқы ,мүмкін ,өмірді тек өнер ғана сәндендіреді,тек өнер ғана бізді ерте қартаюдан осы қағида сақтандырады...» деген түсініктің қалыптасуының астарында бәлкім осы қағида бар шығар дейді Г. Потанин . Өнер адамдарды бағындырып,табындыруға шамасы жетеді.Аристотель: «Ырғақ пен әуенде әрқашан өмір шындығы болады.Онда адамдардың қайраты мен көркемділігі ,ерлігі мен байсалдылығы және соларға тән барлық қайшылықтар,сонымен бірге адамдардың мінез-құлықтары да бейнеленеді» дейді .Өнерді тыңдап отырған адамдар қол соғады,қосылып ыңылдайды, айтады. Демек өнер тұтас адам баласын қамти алады.

Кабуснамада: «...Барлық үлкен –кішіге өнер үйрету қажет.Өйткені тек өнер үйренумен ғана өз замандастарыңнан дәрежең биік бола алады. Әр уақытта сен өзің өнер иесі болып,замандастарыңда сендегі қасиеттің жоқ екеніне көзің жеткен жағдайда ғана өзіңді басқалардан артық деп айтуыңа болады» деген .Той,жиын,мереке,отырыстар міндетті түрде өнер адамы арқылы өтеді.Ал ән,күй тартылған жерде келеңсіз жағдай болмайды. Өйткені музыка әуені кез келген түсініспестік құбылыстарды ынтымақтастық негізде алып шыға алады.Музыка жақсылыққа септік ете алады.

Домбыра шеберімен сұхбаты

Қазақстан Республикасына танымал Жезқазған қаласының үздік домбыра шебері Жүнісов Сарбас Хамзеұлы домбыра жасау құпиясымен менімен сұхбатында бөліскен еді.

Сарбас Хамзеұлы: Домбыра –екі шекті шертпелі аспап.Құрап жасалған , шанағы ұзынша ,тұмарша тәріздес.Бет тақтайы шегемен орнатылған .Үтір , қосу амалы тәріздес ойығы бар .Мойны ұзындау -46см,8 пернесі мал ішегінен тағылған.Басы шағын.Түсі қоңыр.

Нұрдәулет: Домбыра қандай ағаштардан жасалады?

Сарбас Хамзеұлы: Домбыра жасауда ,халық шеберлері жеміс ағаштарын жаңғақ,өрік,алма,қайың,аршаларды қолданған. Олар ірі саланы,жақсы кесіліп өңделеді.Өз реңкі болмаса да болады,өте құнды ағаштар.Ал қарағай ағашы жеңіл,әрі жұмсақ өңделеді.Бояуды жақсы қабылдайды.Дыбыс шығару қасиеті жоғары.Көбінесе музыка аспаптарын жасауға қолданады.

Нұрдәулет:Оны қалай шығарасыз?

Сарбас Хамзеұлы:Ағашты кесіп,кептіреміз,арнаулы станоктардан өткіземіз. Шанақты ию кезінде ,пеш қызуымен кептіре отырып,арнайы қалыпта майыстырады.

Нұрдәулет: Оны қалай өңдейсіз?

Сарбас Хамзеұлы:Домбыраның арнайы қалпы болады,түріне қарай:

«Балдырған», «Балақай», «Темір домбыра» т.с.с. сол қалыптарға салып құраймыз.Осыдан арнаулы домбыра шығады.

Нұрдәулет:Домбыра жасағанда қандай қиындықтар кездеседі?

Сарбас Хамзеұлы:Шебер адамға еш қиындық қорқыныш тудырмайды.Бірақ кейде ағаштардың көздері кездесіп жатады,кейбір ағаштар кеппей тұрып алады сол сияқты ұсақ-түйек қиыншылықтар кездесіп жатады.

Қорытынды

Домбыра өнері,яғни күй дәстүрінің ,ата-баба дәстүрінің кәсібін дамытып, әрбір баланың өнер арқылы білімге ,терең ойға ,өз бойындағы қабілетін шыңдауға мүмкіншілік туғызады.

Әрине домбыра өнері бұл күнде өз жалғасын тауып,өркендеп,дамып отыр.Домбыра аспабы,оның ішінде дәстүрлі күйшілік өнері негізінде қалыптасқан тәрбие көзі эстетикалық әсемділікке жетелейді.

Домбыра өнерін сақтап,қорғап,дамытып,насихаттау шараларымен қатар , оның шығу тегі турасынан да ой салады.Домбыра бойында байқала бермейтін пәндік сапаларды айқындай түседі.Сахна төрінде орындаушының еркіндік қалпы туралы ой қозғалады және құлағын бұрап келтіру кезінде байқалатын адамның төрт түрлі психологиялық мінезін ашатын құбылыстар сөз болады.

Домбырадан алшақтаған қазақ жұртында ұлттық құндылық жұтаң.

Ұлттық құндылықтар жадағай жерде тілі мен мәдениеті және жер байлығы талан-таражға түсіп,ыдырап ,күйреуге келіп тіреледі.Ауру ұрпақ ойсыз,әлсіз,күшсіз болады.

Домбыра әуені арқылы тәрбиеленген ұрпақ күй сарынын ұғып,аңыз-әңгіме негізінде оның мазмұнын түсіне алады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Ежелгі жыр,аңыздар Ә.Марғұлан.

2.«Соғады жүрек»М.Мақатаев

3. Жас қазақ газеті. Қ.Жалелова

4.Интернет - сайттарынан материалдар

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу