«Біржан - Сара» айтысы. Қазақ әдебиеті, 9 сынып, дидактикалық материал.
1, 2-топтың мәтіні.
Біржан мен Сара айтысы
Біржан мен Сара айтысы – өзінің құрылысы мен мазмұны жағынан болсын, көркемдігі жағынан болсын, қазақтың ақындар айтысының ішіндегі үздігі. Біржан мен Сара айтысы айтыстың екі түрін де (қыз бен жігіт айтысы, ақындар айтысы) толық қамтиды. Бір жағынан, бұл шаршы топта сөз таластырған саңлақ ақын жігіт пен шешен ақын қыздың дарынды айтысы болса, екінші жағынан, ру атынан сөйлейтін екі ақынның да айтысының үлгісі болып саналады. Біржан да, Сара да – көпке мәлім, тарихта белгілі адамдар. Біржан сал Қожағұлұлы бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданында 1834 жылы туып, сол жерде 1897 жылы қайтыс болған. Біржан жас шағынан әнге, өлеңге әуестенеді. Өнер жолына түскен табиғи талант иесі көп ұзамай-ақ, әнші ақын, сал Біржан деген атаққа ие болады. Ел аралап, ән салып, айтысқа түсіп, ойын көркі, той көркі атанады. Арқаның ардагер әнші-композиторлары Жарылғапберді, Ақан, жаяу Мұса, Балуан Болақ, Естай сияқты өнерпаздар Біржанның әншілік мектебінен шыққан. Біржан көптеген ән шығарды. Оның «Көкшетау», «Жанбота», «Ләйлім шырақ», «Адасқақ», «Жамбас сипар» сияқты әндері – қазақ музыка мәдениетінің алтын қазынасына қосылған үздік туындылар. Біржанның басқалардан ерекшелігі – ол жай ақын ғана емес, сонымен бірге әнші де. Оның даңқы – әуелде әнмен жайылған адам. Бірақ ол – әнді әрі шығарушы, әрі тамаша орындаушылығымен қатар, әніне лайық сөз өрнегін, бояуын таба білген ақын да. Біржан мен Сара айтысындағы асқақ, өр сөздердің түп-тамыры да осы қысқа-қысқа ән мәтіндерінде жатыр. Біржанның Сарамен айтысы – бүкіл халық игілігі, халықтың тамаша сүйсініп тыңдайтын өлеңі болады. Сара Тастамбекқызы бұрынғы Талдықорған облысы, Ақсу ауданында туған. «Тұрмыстан туысымен таяқ жедім» деген Сара жастайынан әкесі қайтыс болып, жоқшылық тақсіретін тартады. Ән мен күй, асқақ жыр өнерлі Сараны ынтықтырып, оны өз биігіне бастайды. Сара талай белгілі ақындармен сөз сайысына түскен, талай жүйріктерге алдырмаған. Біржан мен Сара айтысының тақырыбы – әйел теңдігі. Айтыста феодалдық заманның қатал да ащы шындығы бейнеленген. Қазақ әйелдерінің аянышты, қайғылы халі суреттелген. Қалың мал – қазақ әйелдерін шырмаған ескіліктің мықты торы, айтыста сол қырсықты ескі әдет-ғұрыпқа, салт-санаға наразылық білдіріледі. Біржан Сараның осындай аянышты халіне күйінеді. Ақын қыз сол кездегі әйелдердің ауыр тұрмысын, әйелді тұтқын еткен дін тұзағына да наразылығын білдіреді. Айтыстың негізгі өзегі әйел бостандығы болса да, мұнда айтыстың дәстүрлі әдісі бойынша, өз рубасыларын, би-болыстарын дәріптеу, мадақтау сияқты қайшылықтар да кездеседі. Соның өзінде де Біржан сөздерінде жаңа бағытқа аз да болса талпыну бары байқалады. Халық айтыстары, негізінен, екі ақынның бір-бірінің қай жағынан болсын кемшілігін табуға құрылады. Бұл әдіс Біржан мен Сара айтысында да бар. Біржан Сараны сүріндіру үшін оның күйеуінің нашарлығын тілге тиек етеді. Ақыры, сол Жиенқұлдың айналасынан ұзатпай, Сараны жеңеді. Екеуі де айтыста өздерінің адамгершілік, ақындық сипаттарымен көрінеді. Біржан да, Сара да – үздік өнер иесі. Бір-бірінің бойындағы осы қасиеттерді қапысыз тани біледі. Өлшеусіз талант, әрі әнші екі саңлақтың шешен сөздері – өзінің көркемдік жағынан бүгінге дейін үлгі. Бұл айтыстың сөздері анықтық, тазалық, дәлдік жағынан, көркемдік, сұлулық жағынан да қазақ әдебиетінің төрінен орын алады.
3,4-топтар мәтіні
Біржан мен Сара айтысы — айтыс өнерінің озық үлгілерінің бірі.
Айтыс 1895 ж. қазіргі Алматы облысының Қапал-Ақсу өңірінде Ешкіөлмес тауының баурайында Тоғызқұмалақ мекенінде Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында өтеді. Бұл айтысты ең алғаш 1898 ж. Қазанда “Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны” деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялады. Кейін Зайсаннан 2-нұсқасы табылып, “Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны” деген атпен Қазанда жеке кітап болып басылды. Айтыстың алғашқы нұсқасы — 969 жол, 2-нұсқасы — 1080 жол. Әріп Тәңірбергенов жазған тағы бір нұсқасы 1907 ж. жарық көрді. 1918 жылға дейін бұл үлгілер сегіз рет, Кеңес өкіметі тұсында он бір рет жарияланды. Сөйтіп, ел ішіне жазбаша да, ауызекі де таралып келді. Айтыстың жарық көруіне, таралуына, өңделіп сарапталуына Сара, Жүсіпбек қожа, Әріп ақын елеулі үлес қосқан.
Біржан мен Сара айтысы сол тұстағы қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесін, адамгершілік пен әділдікті, шындықты өзекті де әлеуметтік тақырып етіп көтереді. Екі ақын өздері тұрған екі өңірдің жақсы-жайсаңдарын кезекпе-кезек сараптай отырып, олардың сан алуан адамгершілік қасиеттері мен келеңсіз іс-әрекеттерін жайып салып, оларға халық талабына сай келетіндей баға беріп отырады. Сонау қияндағы Сарыарқадан Сараны жеңемін деп Жетісуға келген Біржан сал ә дегеннен амандасу рәсімінің өзін бойында дос тұрмақ дұшпан кемітер бір міні жоқ сұлудың, шебер ақын, шешен қыздың бетін қайырып, жігерін жасытып алуға пайдаланбақ болады. Бірақ білімді де ақылды қыз Хауа анаға Адам атаның өзі келгенін “Хиссас-ул-Әнбиядан” оқып білгенін дәлел етіп ұсынады. Мұндай жауапты күтпеген Біржан қатты тосылса да, сөз кезегін әрі қарай жалғастыра береді. Қос жүйрік бұдан әрі жалпы ақындық өнер, адам бойындағы сан алуан қасиеттер, ел дәстүрі, байлық, салтанат, ел басшыларының іс-әрекеттері секілді мәселелерді сөздеріне арқау етеді. Айтыс алғашында рулық бағыт алса да, кейін дәстүрлі арнадан ауытқып, жүйелі өнер сайысына, көркем де кестелі сөз жарысына айналады, қазақ қоғамындағы әлеуметтік қарым-қатынастың адам өміріне әсері, тұрмыстың мән-мазмұны философиялық ой-толғамдармен қосыла өріліп, өз нақышын тауып жатады. Айтыста халқымыздың әдептілік пен әсемдік туралы пікірлері, эстетикалық талғам-талаптары кең көрініс тапқан. Осының бәрі Біржан мен Сара айтысының 19 ғ-дағы қазақ халқының болмыс-тіршілігін жан-жақты суреттейтін көркем туынды екенін айқын аңғартады. Біржан мен Сара айтысы атақты екі ақынның арасындағы сөз айтысы ғана болмай, айтыс өнеріндегі көркемдік қуаты, тіл бейнелілігі жағынан ерекше эстетикалық талғам биігінен көрінген айтыстың үздік үлгісі ретінде қазақ ауыз әдебиетінің тарихынан ерекше орын алады. Айтыс негізіндегі Қажым Жұмалиевтің либреттосы бойынша 1946 ж. М. Төлебаев “Біржан — Сара” операсын жазды.
Таныс ақпарат | Жаңа мәлімет | Қызықты ақпарат | Түсініксіз тұстар | Қосымша білгім келеді |
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?