Индустрияландыру: ұлттық өндіріс. Сөз мәдениеті . Қазақ тілі, 10 сынып, нұсқаулық. 3 сабақ. 1 нұсқа.
Жазылым жағдайында ескерер жайттар
Жазылым 4 дағдының ішінде оқушының нәтиже көрсететін, мұғалімнің өнім алатын дағдысы болып табылады. Кейбір оқушылар табиғатынан шапшаң болады да, тілді игеруде сөйлеуден, тыңдаудан ерекше қабілеттілік танытады. Ал, біреулері қабілеттері бола тұра бетпе-бет сөйлесу мен тыңдауға келгенде қиындықтарға кездесіп жатады, яғни тым жай қабылдайды. Көптеген дерек көздеріне сүйенсек, жазылым дағдысы дәл осындай асықпай ойлап, баяу қимылдайтын оқушыларға лайықты дағды екендігі көрсетілген1. Олар әр сөйлеміне баса мән беріп, ерекше идеяларын жинақтап баяндауға тырысады және бұл істе керемет шеберлік танытады. Алайда, бұл шапшаң оқушылардың жазылымды игеріп алды деген сөз емес. Ең басты нәрсе, оқушының осы дағдыны өмірде қолдана алуы, сол қажеттілікті мұғалімнің оқушы санасына жеткізе білуі.
Жазылым жұмысының сәтті шығуы ең алдымен сөздік қордың мол болуына тікелей байланысты. Сөздік қор оқылым арқылы келеді. Бұны танымал адамдардың мынадай сөздері арқылы дәлелдеуге болады.
Жазушының көп уақыты оқумен өтеді 2;
Жазушы бір кітап жазу үшін кітапхананың жарты бөлігін аралайды;
Көп оқитын адам ғана жақсы жаза алады. (Самуэл Джонсон)
Жазу құмырашының балшығы секілді пайдаға асқанша бірнеше түзетулерден өтеді. (Walsh)
Жазу - біздің ойымызды тілге аударушы. (Byren)
Мұғалім оқушыға жазуды үйретпес бұрын өзіне мына сұрақтарды қойған дұрыс деп ойлаймын:
Оқушылардан не туралы жазуды сұрайсыз?
Оқушыларға жазылым дағдысын қалай игертуге болады?
Жазба жұмыстарын қалай түзетесіз?
Жазуды үйретуде қандай қиындықтар кездесті?
Осы сұрақтарға жауап бергенде ғана жазылымдағы бағытын анықтай алады.
Оқушылар жазылым дағдысы бойынша мынадай жұмыстарды жаза алады:
Шағын өлең жолдары;
Шағын әңгіме;
Ашықхат (құттықтау);
Е-mail хаттар;
Диалогтер;
Қойылым сценарийлері;
Жарнамалар;
Газет-журналдарға мақалалар;
Пікірлер.
Оқиғаны аяқтау.
Эссе.
Бұл жазба жұмыстарын 5 бағытта топтастыруға болады: еркін жазу, әңгімелеу, сипаттау, түсіндіру, дәлелдеу.2
Көбінесе оқушылардың бойында жаза алмаймын деген қорқыныш болады. Осы қорқынышты жеңу үшін жазудың барлық адамның қолынан келетіндігін ұғындыра келе, сыныбы туралы жазуға, соңғы оқыған кітабы туралы, болмаса, атасы мен әжесінің өмірбаянын жазуды, не өзі құрметтейтін адамнан сұхбат алып, соны жазуға кеңес берген дұрыс. Жазба жұмысын бастамас бұрын әр мұғалім кейбір ұйымдастыру жұмыстарына баса назар аударса екен. Мәселен, жазба жұмысында қарындашты пайдалану өте маңызды. Олай дейтініміз, қарындаш оқушының қателігін өзі түзетуіне мүмкіндік береді.
Сабақ басында қарындаштарды жазуда сәттілік тілеп, сыйға тартсаңыз, шығармашылығын арттыруға тағы бір қадам жасар едіңіз. Жай ғана сыйға тартпай, «қарындаш маған гүлдің жұпар исін, ағаштың самалын есіме салады2. Сіздердің жазған жұмыстарыңыз да табиғаттың осы бір ғажайыптарындай әдемі болады деп сенемін»,-десеңіз тіптен әсерлі болары сөзсіз.
Сондай-ақ, әр оқушының жеке артықшылығын құрметтеу; барлық оқушыға сенім артумен бірге, реалистік тұрғыдан артықшылығын біліп, қателіктерін қабылдай білуге, ары қарай өсуге итермелеу; жеткен жетістікті ретін тауып атап өту; жазуды күнделікті дағдыға айналдыру – осының бәрі мұғалімнің көрегендігінде.
Жазылым дағдысы қарапайым стратегиялардан бастау алады. Олар:
-шимай жазу;
-сызбалар түсіру;
-сөздерді құрастыру;
-белгілеу;
-көшіру;
Тапсырмаларды осы бағытта құрған мұғалім еш қателеспейді.
Оқушының жұмысына жазбаша бағаны қалай беру керек?
Оқушы үшін сіздің жазған пікіріңіз маңызды. Ол дәптерін ашқан кезде, әуелі қателігін емес, соңында жазылған сіздің пікіріңізді оқиды. Пән мұғалімінің әдеттегі жазбалары мынадай:
Жазуыңды түзе!
Сауатсыз жазылған.
Қателіктер өте көп.
Барлық жерде «ң» әрпін тастап кеткенсің.
Салмақты ой айтылмаған.
Мұндай пікір баланың жанын жаралайтыны сөзсіз. Бұдан соң оның жазба жұмысын жазуға деген ниеті де қалмайды. Ол бірден дәптерді жауып тастайды. Оның орнына, мейлі жұмыс қателікке толы болсын, бір жақсы тұсын тауып алып, соған жақсы пікір білдіріп, оған ақылдасқандай кейіп танытсаңыз, оқушының сізге деген реніші болмайды.
Қайта ол сол қателіктерді түзеуге кіріседі. Мәселен, «Марат, жазуың моншақтай тізіліп тұр, менімен сырыңды бөліскеніңе үлкен рахмет»- дей келіп, «қорытындыңа тағы бір ойлар қоссаң қайтеді, әлде керек емес пе, мүмкін салыстырмалы түрде тағы бір мысал алсаң қалай болар екен» деген сыңайлы пікірлер балаға қанат бітіреді. Содан соң, жазба жұмысын қызыл қаламнан гөрі өзге түсті қаламмен тексерген жөн болар еді. Әлемдік тәжірибеде қызыл түс адамға кері әсерін тигізетінін айтады1.
Қазақ тілінде қыстырма сөздер көркем әдеби тіл нормасында қолданылмай келді. Алайда, эссе жазуда адамның пікірі жазылатындықтан, бұл сөздер ойды байланыстырушы болып келеді. Сондықтан, қыстырма сөзді орнымен қолдануды үйреткен жөн. Сонымен бірге, сондай-ақ, нәтижесінде, атап айтқанда, соған қарамастан, нақтырақ, дәлірек айтсақ, оның орнына, қорытындылай келе, қысқаша айтқанда, соған қарамастан, меніңше, басқаша айтқанда, біріншіден...
Жазылым дағдысы оқылым арқылы келетіндігін жоғарыда атап өткен болатынбыз.
Соған дәлел ретінде газет-журнал мақалаларымен жұмысты алуға болады. Мысалы, «Негативтен-позитивке» тапсырмасы мақаланы қайта өңдеп жазуға көмектесумен қатар, кейбір грамматикалық ұғымдарды игеруге де көмектеседі. Ол үшін жағымсыз хабар айтылған газет мақалаларын қиып ала келесіз. Әр оқушыға әр түрлі мақаланы беріп, оқуды тапсырасыз. Мақаланың ішінен өздеріне жағымсыз әсер тудыратын сөздерді бірінің астына бірін теріп жазғаннан соң, сол сөздерге антоним сөздерді табады. Сөйтіп, тапқан сөздерін пайдалана отырып, позитив мақала жазып шығады.3 Осылайша, күн сайын сабаққа жаңа әдіс-тәсілдерді енгізе отырып, белсенділігі аз жазылым сынды дағдыны да қызықты етіп өткізуге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- How to Teach English? – Jeremy Harmer, Longman, 1998.
- Writing Journey – Alay sa Bayan Program Magdalena & Majaylay, 2010.
- Using Newspapers in the Classroom – Paul Sanderson, Cambridge University Press, 1999.
Максутова Жансауле Артурқызы
Орал қаласы, физика-математика бағытындағы НЗМ,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
http://zkoipk.kz/ru/confnis1s/720-conf.html
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды