Отандық өнім. Қазақ тілі, 10 сынып, қосымша материал. 5 сабақ. 2 нұсқа.
Оқушыға қосымша (өз бетінше жұмыс жасауына) ұсынылатын мәтін
Мәтіндегі асты сызылған сөздерге мағынасы жақын сөздерді табу.
Толықтай отандық өнім
«Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар киімдер бұрын сирек кездесетін жағдай болса, бүгін бұл – ақиқат дүние. 2014 жылдан бері «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында «Astana Ютария Ltd» кәсіпорны жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда мұнда әскери және арнайы киіммен қатар, азаматтарға арналған киімдер, төсек жабдықтары, халық тұтынатын басқа да тауарлар шығарылады. Өнімді қайда сатып алуға болады? Оның бағасы қаншалықты қолжетімді? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеген елорда әкімдігі медиа орталығының тілшісі өндіріс орнында болып, заманауи жабдықтардың көмегімен тігілетін киімдерді шығару жұмысының барысын өз көзімен көріп қайтты. «Astana Ютария Ltd» өндірістік инновациялық компаниясы» - жеңіл өнеркәсіптік өнім өндірісімен, техникалық реттеу саласындағы стандарттарды жетілдірумен айналысатын Қазақстандағы алдыңғы қатарлы компания. Кәсіпорын жылына 2 млн-ға тарта бұйымды шығаруға қауқарлы. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан серіктестік бүгінгі таңда 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Компания жыл сайын өндіріс көлемін ұлғайтуда. Сол себепті мұнда еңбек ететін адамдардың саны да үнемі артып отырады. Кез келген жұмыс берушіге білікті әрі тиісті салада тәжірибесі бар мамандар қажет. Нарықта бәсекелестікке қабілетті болу үшін «Astana Ютария Ltd» ЖШС-нің жетекшілігі тігін фабрикасының базасында Оқу орталығының жұмысын ұйымдастырыпты. Мұнда «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының шеңберінде Астананың жұмыссыз жүрген азаматтарының тігінші мамандығының қыр-сырын меңгеруіне жағдай жасалады. Арнайы курстың мерзімі аяқталған соң, оның оқушыларына компанияда жұмыс істеу мүмкіндігі ұсынылады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша фабриканың оқу орталығында қазір 18 адам білімін жетілдіріп жатыр. Солардың бірі - Нәзира Қасымова. Ол 3 айлық курсын тәмамдағаннан кейін «Astana Ютария Ltd» ЖШС-де жұмыс істеп, кәсіпорынның қарқынды дамуына, өнімді көптеп шығаруына өзіндік үлесін қоспақшы. «Арнайы курстан әлі 2 ай өтемін. Бізге «Astana Ютария Ltd» серіктестігінің қызметкерлері дизайн, модельдеу, пішу, тігу дағдыларын игеруге көмектеседі. Сондай-ақ, біз кәсіпті жүргізу бойынша да сабақ аламыз. Тәжірибесі мол мамандардың білгенін үйреніп жатқанымыз, қуантады, әрине», - дейді ол. «Astana Ютария Ltd» компаниясы – бүгінгі таңда елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізген ірі кәсіпорындардың бірі. Оның нарықтағы әлеуеті жоғары. Осыны ескеріп, мен алдағы уақытта осында жұмыс істеуді жоспарлап отырмын», - деп бөлісті Нәзира Қасымова. Жеңіл өнеркәсіп саласын кадрлармен қамту үшін «Astana Ютария Ltd» өндірістік инновациялық компаниясы», сондай-ақ, «Білім берудің дуалды жүйесі» бағдарламасы бойынша оқыту жобасын іске асыруда. «Білім берудің дуалды жүйесі» бағдарламасының шеңберінде компания Қазақ технология және бизнес университеті, Менеджмент және бизнес колледжі, Технологиялық колледж, Басқару колледжі сияқты Астананың жетекші оқу ордаларымен келісім-шартқа отырған. Осы оқу орындарының студенттері «Astana Ютария Ltd» өндірістік инновациялық компаниясында» ZOJE тігін жабдығын жиыстырушы және жөндеуші мамандығы бойынша білім алады. Жоба аясында кәсіпорын базасында студенттер өндірістік тәжірибеден өтеді. Бұл оларға өндірістің шынайы мүмкіндіктерін көріп, технологиялық процеспен, болашақ жұмыс орнында ұсынылатын жағдайлармен толықтай танысуына жол ашады. «Жасампаз» атты консорциумның мүшесі бола тұра, «Astana Ютария Ltd» компаниясы мемлекеттің қорғаныстық тапсырысы аясында әскери және қос нысанды тауарларды тігеді. Халықаралық ЭКСПО - 2017 көрмесі ұйымдастырушыларының тапсырысы бойынша компания супервайзерлер, стендистер, волонтерлер, байланыс және аккредитация орталықтарының, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның, Қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері сияқты қызмет көрсету саласының барлық жұмыскерлерін киім үлгілерімен қамтамасыз еткен болатын. Кәсіпорын директорының орынбасары Бахыт Молдабаеваның берген мәліметінше, ЭКСПО көрмесі үшін шамамен 90 мың бұйым тігілген. ҚР Үкіметінің қолдауымен 2016 жылы отандық жеңіл өнеркәсіптік өнімдерді өндірушілер бірігіп, «Жасампаз» консорциумын құрған болатын. Оны құрудағы мақсат – сапалы және бәсекеге қабылетті өнім шығарып, қазақстандық нарықтан шетелдік тауар мен брендтерді ығыстыру. Осының арқасында, компания 100 пайыздық қазақстандық шикізатпен қамтылып отыр. «Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпкерлер тап болатын проблемалардың бірі – бұл, сауда орнын жалға алудың қымбаттығы. Біз осы олқылықтың орнын толтырып, отандық өндірушілердің қызметін насихаттап, оларды қолдау мақсатында «Универмаг КZ» дүкендерінің желісін ашу бастамасымен шыққан болатынбыз. Бұл дүкендерде сауда орны үшін ешқандай ақы төленбейді. «Astana Ютария Ltd өндірістік инновациялық компаниясынан» басқа Қазақстанның барлық өңірінен 30-дан астам өндірушінің өнімі осы дүкендердегі сауда сөрелеріне қойылған», - дейді «Astana Ютария Ltd» өндірістік инновациялық компаниясы директорының орынбасары Бахыт Молдабаева. «Универмаг КZ» дүкенінде шұлықтарды, сырт киімдерді, мектеп формасын, тұрмыста қолданылатын орамалдарды, халаттарды, аяқ киімдерді сатып алуға болады. Тауар бағасы жағынан да тартымды. Шетелдік өнім бағасынан әлдеқайда төмен. Бұл әмбебап дүкен жеңіл өнеркәсіптік өнім өндірушілерінің одағы жанынан ашылғандықтан, осы одаққа мүше қазақстандық кәсіпорындар осында саудасын жүргізе алады. Фабрикада шығарылатын өнімдерді бәсекеге қабілетті етудің тағы да бір себебі – бұл, инновациялық қондырғылар. «Көлемді тапсырыстарды орындауға заманауи техника жабдықтары көмектеседі. Біздің кәсіпорында танымал «ZOJE» фирмасының автоматтандырылған жабдығы бар. Оның көмегімен біз тігін машиналарын жинаймыз. Дәлірек айтқанда, өз-өзімізді машиналардың қажетті көлемімен қамтып отырмыз. Цехтарымыз да Кореядан, Италиядан әкелінген автоматтандырылған пішу, тігін жабдықтарымен жарақтандырылған», - дейді Бахыт Молдабаева. Бахыт Молдабаева, сондай-ақ, кәсіпорында жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын жобалаудың инновациялық процестерінің белсенді түрде енгізіліп жатқандығын жеткізді. Оның сөздерінше, қазіргі таңда Түркияның Güzelce Makina компаниясымен келісілген шарттың негізінде серіктестікте жоғары технологиялық тігін жабдығы орнатылып жатыр. «Ағымдағы жылдың қаңтарында «Astana Ютария ltd» ЖШС мен түркиялық Güzelce Makina компаниясы арасында келісім-шарт жасалған болатын. Оның аясында түркиялық әріптестер жабдықты орнатып, оны іске қосуды реттеп, қызметкерлерімізді оқытып жатыр. Алдағы 7 жылда жоба толық қуаттылығына шығады деп жоспарлаудамыз», - деп бөлісті директордың орынбасары. Айта кетейік, ерлерге арналған классикалық костюмдер мен әйелдерге арналған костюмдер, пальто мен плащтар астаналық кәсіпорында 2018 жылдан бастап шығарылмақ. Жоба қуаттылығы - жылына 300-400 мың дана өнім. Толық қуаттылыққа шығудың нәтижесінде өндірістік жоба салықтық түсімдер мен мемлекетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің көлемін 35-40 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. «Astana Ютария ltd» ЖШС-де жаңадан 125 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Мәтін: Әсем МЫРХАЙДАРОВА
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?