Екі дос №1. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.


МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ

3-сынып (НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІ, ОМЖ БОЙЫНША)

2-тарау

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

Сабақтың тақырыбы: Жаман жолдас № 1

Сабақтың мақсаты:

3.2 Мәтіннің мазмұнын түсіну

3.​3.​2.​1 жиі қолданылатын сөздер мен фразалардан құрастырылған шағын мәтіндегі негізгі ойды түсіну.

2.2 Берілген тақырып бойынша ойын жеткізу

3.​2.​2.​1 берілген тірек сөздер негізінде сөйлеу (3-4 сөйлем)

Сабаққа қажетті құралдар:

Сабақты жоспарлау кезінде әр сыныптың ерекшеліктерін басшылыққа алуды ұмытпаңыз. Аймақтың ерекшелігіне, тілдік ортаға, сыныптың деңгейіне қарай тапсырмаларды күрделендіруге немесе жеңілдетуге болады. Сыныптағы оқушылардың қажеттіліктерін (аудиал, визуал, кинестетик) ескере отырып, саралау тапсырмаларын беру керек. Әр оқушының қай баспалдақта тұрғанын нақты анықтап алған соң, оның ілгерілеуі үшін не істеу керектігін білген өте маңызды. Қолдауды қажет ететін оқушыларды үнемі қадағалауда ұстап, қолдау көрсетіп отырыңыз. Ал қабылдау деңгейлері жоғары оқушылардың бір орында қалып қоймай, дамуына жағдай жасаңыз. Сабаққа қажет ресурстарды алдын-ала дайындап, қажетіне қарай бейімдеңіз. Тақырыпқа қатысты әңгімелер мен фильмдер жиынтығын дайындаңыз. Оқушылардан мүмкіндігінше үйден алып келулерін тапсырыңыз. Топтық жұмыс кезінде жеткілікті мөлшерде материалмен қамтамасыз етіңіз. Оқушылардың қызығушылықтарын, жас ерекшеліктерін ескеріңіз. Ең басты міндет- мақсатқа жету.

Ертеңгілік шеңбер. «Жылы жүрек».

Оқушылар шеңбер құрып, қол ұстасып тұрады. Бір-біріне жақсы қасиеттерін ізгі сөздермен, көтеріңкі көңілмен, күлімдеген көзбен жеткізеді. Сен нағыз доссың, ең әдемі қызсың, мейірімдісің, өте ұқыпты баласың, адал доссың, қайырымдысың, әдептісің, өнерлісің, еңбекқорсың, ақкөңілсің, т.б. Бұл тәсіл сабақтың ең басында жылы тілектер айту арқылы біріншіден, жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға, екіншіден, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі.

Сабақтың тақырыбы мен мақсаты. Жаңа тарауды бастайтындықтан, суреттер және қысқа бейнефильм көрсету арқылы тараудың мазмұнына болжау жасатыңыз. Өйткені болжату арқылы баланың сыни ойлау дағдысын дамыта аласыз. Әр сабақтың басында мұғалім сабақтың тақырыбымен, мақсаттарын оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуі керек. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін жақсы түсінуі керек. Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.

Жаңа сөздерді меңгерту. Жаңа сөздерді меңгерту- сабақтың ең маңызды кезеңі. Сөздерді меңгертуде сөздің аудармасын айтпай, суреттерді, мағыналас сөздерді, қарсы мәндес сөздерді, қимыл, ым-ишараны қолданыңыз. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз. Оқушылардың ойлануына уақыт беріп, жауап беруге деген талпыныстарын үнемі қолдап отырыңыз. «Жоқ, дұрыс емес!», «Қате!» деген сөздер айтудан аулақ болыңыз. Баланың ынтасын жоғалтып алмау керектігін үнемі есте сақтаңыз. Сондай-ақ жаңа сөздерді оқушы сабақтың барлық кезеңдерінде қолдануына мән беріп отырыңыз. «Сөйлеу қабырғалары» бірнеше сабақ бойы оқушыларға көмек болу үшін, үлкен ақ парақтарға жазып іліп қойыңыз. Оқушылар арасындағы қарым-қатынас, өзгелерге көмек, мейірімділік, ұқыптылық, әдептілік, еңбекқорлық туралы өлең мен әңгімелердің жақсы топтамасын дайындаңыз. Бөлім ілгерілеген сайын тақырыпқа қатысты сөздік қор мен фразаларды тізімге қосыңыз. Сөздерді меңгергеннен кейін алдағы сабақтарда да сол сөздерді қолданыстарына енгізгендері маңызды.

Оқылым. Оқылымның алдында оқушылар берілген сюжетті суреттерді оқиға ретімен орналастырып, мәтіннің не туралы болатынын болжайды. Оқушылар мәтінді рөлге бөліп оқиды, таныс емес сөздердің астын сызады. Әр жолды оқыған сайын, мұғалім оқушылардың толықтай түсінуі үшін сұрақтар қойып отыруы керек және таныс емес сөздерге түсінік береді. Тақырып бойынша сөздер жазылған карточкаларды араластырып, көрсетіңіз. Оқушылар мәтінді толықтай оқып, түсінік алған кезде, кейіпкерлердің қасиеттерін ашу мақсатында мұғалім оқушыларға жетекші сұрақтар қояды. Осыдан кейін барлық оқушылар «Бас бармақ» әдісі арқылы сұрақтарға жауап берген оқушыларды бағалайды, өз пікірлерін білдіреді. Оқылымнан кейін оқушылар жұпқа бөлінеді де, қысқа мерзімді жоспарда берілген кестені толтырады, кейіпкерлерді сипаттайды. Жауаптарын барлық оқушыдан сұрау қажет емес, 2-3 жұптан сұрасаңыз жеткілікті. Жұмыстың соңында жұптар смайликтер арқылы бір-бірін бағалайды. Жұпқа бөлгенде, қабілеттері әртүрлі оқушыларды бірге отырғызыңыз. Қабылдау деңгейі жоғары оқушы жұбына қолдау көрсеткенін қадағалаңыз. Бір-біріне айтып жатқан уақытта, осы сабақта өзіңіз көздеген бір-екі жұптың қастарына барып тыңдаңыз. Өз дәптеріңізге қай оқушының неден қиналып отырғанын тіркеп отырыңыз. Бұл келесі сабақты жоспарлағанда өзіңізге қажет. Сол оқушылардың ілгерілеуіне ықпал ететін тапсырма дайындаңыз.

Айтылым. Оқушыларға мәтін бойынша аяқталмаған сөйлемдер беріледі. Сол сөздерге сүйеніп, мәтіннің мазмұнын әңгімелейді. 3-4 оқушыдан сұраңыз, қалған оқушылар дескриптор арқылы өзін-өзі бағалайды. Соңында «Не қиын болды?», «Не жеңіл болды?» деген сұрақтар қою арқылы кері байланыс жүргізіңіз.

 

Сергіту сәтін жүргізгеннен кейін, «Қарама-қарсы» стратегиясы бойынша оқушылар өз тобымен кейіпкерлердің жағымды және жағымсыз қасиеттерін айтады. Бұл ретте салыстыруға аса назар аударыңыз. Оқушыларға «Жақсы дос қандай болу керек?» деген сұрақтың көлемінде өз пікірлерімен топпен, сыныппен бөлісуге жағдай жасаңыз. Сабақтың қорытынды шешімімен таныстырыңыз: Жақсымен дос болсаң жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа.

Рефлексия, үй жұмысы.

Сабақты бекіту кезеңінде оқушыларға «Жетістік баспалдағын» ұсынуға болады. Бұл ретте оқушылар өзін қай деңгейде, яғни қай баспалдақта тұрғанын белгілейді. Бірнеше оқушыдан «Неліктен?» ол баспалдақты таңдағанын сұрау қажет.

1. Жақсы түсіндім

2. Түсіндім

3. Сұрағым бар

4. Мүлдем түсінбедім

Сабақ соңында үй тапсырмасының қалай орындалатынына қысқаша түсінік беріңіз.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу