Алматы облысының жастарына арналған ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды


Алматы облысының әкімдігі мен "Отбасы банк" жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Жоба 35 жасқа дейінгі облыс тұрғындарына жеке баспана сатып алу үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басылым мәліметінше, "Алатау жастары" бағдарламасының шарттары бойынша қатысушының Алматы облысындағы ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем болмауы тиіс. Оны міндетті түрде зейнетақы жарналарының тұрақты түсімі көрсетілген құжатпен растау қажет.

Сондай-ақ, басылымның жазуынша, өтініш берушінің Алматы облысында кемінде бір жылдық мерзімі бар тұрақты тіркеуі болуы шарт. Одан бөлек, бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жылда аттарына тіркелген жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.

Бүгін Алматы облысы әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашов пен Отбасы банктің өңірдегі филиал директоры Ғалымжан Шалғымбаев Алатау жастары бағдарламасын бастау туралы келісімге қол қойған.

"Алматы облысы осындай бағдарламаларды бізден бұрын іске асырған Алматы, Астана, Қарағанды, Жамбыл және Қостанай облыстарының оңтайлы тәжірибесін үлгі ретінде алды. Бірінші кезеңде облыс әкімдігі жаңа жобаға 600 млн теңге бөліп отыр. Ал Отбасы банк өз кезегінде бұл қаражатқа жеңілдетілген несие беруге көмектеседі. Осындай қолдаудың арқасында облыс тұрғындары биылдың өзінде алғашқы қоныс тойын тойлайтын болады", - дейді Ғалымжан Шалғымбаев.

Бағдарламаға қатысуға өтінімдер 2022 жылдың 1 қарашасынан бастап, бір ай бойы қабылданады. Өтінімді облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасына тапсыру қажет.

Басылым хабарлағандай, құжат қабылдау аяқталғаннан кейін әкімдіктен арнайы құрылған комиссия жиналған ұпайлар бойынша іріктеу өткізіледі. Оның барысында некеде болған жылдар саны, балаларының болуы, жұмыс тәжірибесі, мамандығы және қызмет саласы негізге алынады.

Кейін қатысушылардың тізімі жасалып, Отбасы банкіне жіберіледі. Қатысушылар банкте төлем қабілеттілігін бағалатып, өз бетімен баспана табады. Оны сатып алуға банк 10 млн теңге несие береді. Егер мүліктің құны 10 млн теңгеден асатын болса, үміткер айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады.

Егер отбасы жаңа тұрғын үй (пайдалануға берілген болуы тиіс) сатып алса, онда алғашқы жарна 0 пайыз болады. Егер екінші нарықтан алынған баспана болса (пәтер немесе жеке үй), онда алғашқы жарна 10 пайызды құрайтын болады.

Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайызға тең (ЖТСМ 5,2 пайыз). Несиенің максималды мерзімі – 19 жыл.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу