№ 7 сабақ. Бұл қай кезде болады? Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
7-САБАҚ
Сабақтың тақырыбы: Бұл қай кезде болады?
Сабақтың мақсаты:
1.2 Сөздердің лексикалық мағынасын түсіну
3.1.2.1 баяу және анық айтылған жиі қолданылатын сөздер және сөз тіркестерінен құралған шағын мәтіндердегі сөйлемдердің мазмұнын түсіну
2.4 Оқыған/тыңдаған материалды мазмұндау
3.2.4.1 жоспар (сурет, сызба түрінде) және тірек сөздер негізінде оқиға желісін сақтай отырып мазмұндау
5.1 Грамматикалық нормаларды сақтау (лингвистикалық терминдерді қолданбау)
3.5.1.5 үлгі бойынша сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін сақтап жай сөйлем және мұғалімнің қолдауымен құрмалас сөйлем құрастыру
Сабаққа қажетті ресурстар: үлестірме карточка, интербелсендітақта, таныстырылым.
Сабақтың соңында оқушылар нені үйренеді:
- мәтінді рөлге бөліп оқып, сұрақтарға жауап береді;
- сурет бойынша мәтін құру, оны мазмұндайды;
- құрмалас сөйлемдер құрайды.
Сабақтың басы. Ой қозғау. Оқушыларға интербелсендітақтағы суреттерге назарларын аудартып, сабақтың тақырыбын болжатыңыз. Оқушыларға суреттер негізінде сұрақтар қойып, коммуникативтік қатынасқа тартыңыз:
- Суреттерден нені көріп тұрсыңдар?
- Тараудың тақырыбы қандай болады деп ойлайсыңдар?
Оқушылар суреттер арқылы жаңа тараудың мазмұнын болжайды.
Жаңа сөздерді меңгерту. 1.«Сөйлеу қабырғалары» арқылы жыл, мезгіл сөздерін суреттер, схема мен сұрақ-жауап арқылы меңгертіңіз.
2. «Мың» сөзін дұрыс айтқызып дағдаландыру үшін келесі әрекеттерді орындаңыз:
- жыл, мезгіл сөздерімен келетін тіркестерді мәнерлеп оқытыңыз. Мәселен, қыс мезгілі, жаз мезгілі, күз мезгілі, көктем мезгілі, бір жылдар 4 мезгіл бар. Бір жылда 12 ай бар.
3. Сұрақ-жауап арқылы пысықтаңыз:
Бір жылда неше жыл мезгілі бар?
Бір жылда неше ай бар?
4. Жаңа сөздерді сөздік дәптерге жаздырыңыз.
Грамматикалық қоржын
Кесте бойынша грамматикаға қысқаша түсініктеме беріңіз.
Қай? | Қай мезгіл? |
Неше? | Неше ай? |
Қашан? | Ауылға қашан барасың? |
Оқылым тапсырмасы. Мәтінді әр мезгілдің ерекшелігін қызықтырып оқудың үлгісін көрсетіңіз. Мәтінді меңгертуде орфоэпиялық норманы сақтап оқытуды назардан тыс қалдырмаңыз. Рөлге бөліп оқытуда әр мезгілді сипаттайтын суреті бар масқаны кидіртіп оқытыңыз. Мәтінді оқып болған соң, қаншалықты түсігендерін пысықтау үшін келесі сұрақтарға жауаптарын алыңыз:
- Мәтінде неше жыл мезгілі туралы айтылған?
- Әр жылдың ерекше белгілерін ата.
- Қай? Қашан? сұрақтарына жауап беретін сөздерді тап.
- Ал саған қай жыл мезгілі ұнайды?
Сергіту сәті. «Қай сөз артық?» ойынын ойнытыңыз. Бұл ойын жыл мезгілдеріне қатысты. Оқушылар төрт қатарға әр жыл мезгіліне қатысты жазылған сөздер мен сөз тіркестерін оқып, қатар жазылған сөздердің ішінен артығын тауып, себебі айтады. Бұл жыл мезгілдеріне қатысты лексиканы есте сақтап, келесі тапсырманы жылдам орындауына көмектеседі.
Жазылым. Айтылым. Оқушылар суретке қарап, әр жыл мезгіліне сәйкес кестені толтырып, әңгіме құрап жазады. Оқушыларды төрт топқа бөліңіз. Әр топқа әр жыл мезгілінің белгілерін толтыратын үлестірме карточка таратыңыз. Онда үш сұрақ берілген. Бұл қай мезгіл? Балалар не істеп жатыр? Бұл мезгіл несімен қызық? Осы сұрақтар берілген суреттерді тез сипаттап жазуына көмек болады. Бұл тапсырманы оқушылар «Ыстық орындық» әдісі арқылы орындатыңыз.
Тапсырма төмендегідей дескрипторлар арқылы бағаланады:
- кестені толтыруы;
- ақпараттармен бөлісуі.
Бұл тапсырманы орындап болған соң, Ббр-бірін «Бас бармақ» әдісі арқылы бірден бағалайды.
Оқылым. Айтылым. Оқушыларға жыл мезгілдеріне қатысты 2 өлең шұмағы беріледі. Оқушылар өлеңнің қай мезгілге қатысты екенін және оның белгілерін анықтайды. Оқушылар жауабын тапқан соң, өлеңдегі жыл мезгілдеріне қатысты сөздерді интербелсенді тақтадан көрсетіп, тапқызыңыз. (Өрік, алма, жидек, жүзім, қауын, қарбыз, қияр, сәбіз, мұз, қар, боран).
Жазылым. Сабақты бекіту үшін келесі тапсырманы орындатыңыз. Сөйлемді жалғастырып жаздыры, мәтін құратыңыз. Бұл тапсырманы алдымен ауызша орындатыңыз. Содан соң құралған сөйлемдерді дәптерлеріне жаздырыңыз. Қабылдау деңгейі жоғары оқушылар бұл тапсырманы қатесіз орындаған жағдайда «Қатесін тап» ойынын ойнатыңыз. Оларға басқа оқушылардың қатесін тексеру жұмыстарын тапсырыңыз.
Рефлексия. «Сабақтан алған әсерім» стратегиясы. Оқушылар бір-бірін бағалау критерийлері арқылы бағалайды. Сабақты өте жақсы меңгерсе, «Алма» ағашына, жақсы түсінсе, «Бәйтерек» ағашына, ал түсініксіз болса, «Тікенек» ағашына стикер қалдырады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру