Бауыржан Момышұлы | Троллейбуста


— Тұрсаңшы.

— Иә, қазір, — деп ұйқылы көзімді ашып киіндім.

— Балаларды базарға жіберейін деп едім.

— Оларға мен базарға барма дегенім жоқ қой. Жібере бермейсің бе?

— Қолдағы ақшаны кеше келін алып кетіп еді. Балалар жуынғанша, сберкассадан ақша алып келсеңші, — деп мені жұбайым Ғайникамал оразамды аштырмастан жұмсады.

Аш қарынға бір сигаретті тартып мен көшеге шықтым.

Троллейбустың ортасындағы орнында отырмын. Түрегеп тұрғандар да аз емес. Менің желкемде екі қазақ студент тұр.

— Ей, сені не қара басып, әлгі Есенжанмен төбелесіп жүрсің? Екеуіңді егіз қозыдай тату жолдас деп жүруші едік, — деді біреуі.

— Ол ақымақтың өзі кінәлі. Қой десем, қоймастан аузына келгенін оттап, ақырында мені оскарбить етті. Шыдай алмастан, мен оны Бауыржан Момышұлымен періп келіп жібердім. Ол да қарап тұрсын ба — мені шапалақпен тартып жіберді. Мен оны да оңдырғаным жоқ. Төбелес солай басталды...

— Остановка Фурманова! — деп жариялады. Мен орнымнан тұрып, троллейбустан түсіп кеттім.

Үйге келген соң естігенімді жұбайыма айттым.

— Сенің қазақша бір жинағың «Бауыржан Момышұлы» емес пе еді, — деп Ғайникамал ішегі қатып күлді.. Сол кітапты оқып жүрген бала ғой. Ол жолдасын сол кітаппен періп жіберген болар, — деп тағы да күлді.

.....
Әңгімелер
Толық