Балғабек Қыдырбекұлы | Правда


Әлдененің сыбдырынан Гриша басын көтеріп алды. Үйдің іші ала көлеңке тартып, рауланған алтындай таң жарығы білініп, шығыс жақ құланиектеніп қалыпты. Ешбір тықыр білінбейді. Терезеге үңіліп еді, бәйтеректердің жапырағы баяу қимылдап тұрғанға ұқсайды. Бірақ ол сыбдыр таңғы тәтті ұйқыдағы Гришаның құлағына келуі мүмкін емес қой.

Басы екі терезенің ортасына тие қойылған кроваттағы Ставровский шалқасынан арбайын-сарбайын ұйқтап жатыр. Тіпті үстіндегі көрпесінің шеті төсегінен ысырылып түсіп қалғанын да білер емес. Гриша оның көрпесін жоғары тартып, үстіне жаба салды да, өзі де төсегіне қайта келіп, көрпесіне оранып көзін жұмды.

Гришаның көзі ілінер-ілінбестен жаңағы сыбдыр тағы шықты. Бірақ бұл жолы Гриша оның қағаздың сыбдыры екенін анық аңғарды. Мақталы сырмалы көрпені серпіп тастап қайта бір шынтақтап көтерілді. Тағы ештеңе жоқ. Ставровский сол қалпында, аяғы кеткен жерге басы кетіп жатыр. Басқалар да қыбыр етпейді, тек бір қалыпты тынысы ғана естіледі. Он жақ бұрышта жататын Ораздың ғана қолы қимылдағандай. Бірақ қолы бет-әлпетін көлегейлеп көрсетпейді. Гриша қайта жатуға ыңғайлана бергенде, терезе алдынан әлдекім жүріп кеткендей бір көлеңке қараң етті.

Нақ осындай құзғын сәріде кім болушы еді. Тіпті Гришаның елегізи беретін ескі әдеті. Жазғы таңғы тәтті ұйқысын қиып кім жылы төсектен тұрушы еді. Ол қайта жатты.

Бірақ ұйықтай алмады. .....
Әңгімелер
Толық