DataLife Engine / Ғабиден Қожахмет (Қазағымның ардақты келіндері)

Ғабиден Қожахмет (Қазағымның ардақты келіндері)

Ақсақалға ұсынып төрін берді,
Алғысына бөленіп көңілдері.
Жасы үлкенге жаңылмай сәлем салған -
Қазағымның ардақты келіндері.

Үлкен үйден іргесі бөлінбеді,
Бір сыйластық арада өрілгені.
Абысынмен ас - суы ажырамас -
Қазағымның ардақты келіндері.

Қосылған соң жүрекпен өмірлері,
Риясыз жарасар сенімдері.
Отағасын қашанда пір тұтатын -
Қазағымның ардақты келіндері.

Еркелетіп ат қойып егілгені,
Жүрегінен ықылас төгілгені.
Қайын сіңлі, қайнының қамын ойлар -
Қазағымның ардақты келіндері.

Бірлік артса береке еліңдегі,
Керегеңнің кеңінен керілгені.
Ұрпақ жібін жалғайтын ұлтқа лайық -
Қазағымның ардақты келіндері.
12.12.2015
Вернуться назад