DataLife Engine / Қадыр Мырза Әли (Махаббат - ғашықтық пернесі)

Қадыр Мырза Әли (Махаббат - ғашықтық пернесі)

Өзіңсің – басыма құт, қосыма құт,
Өзіңсің – жасыл уақыт, асыл уақыт,
Сапарда жүргенімде сарғайып мен,
Сағынып күте берсең, осы – Бақыт!

Кім демей, аталғанда досым аты,
Отырсаң ақылыма қосып ақыл...
Бір қора жолдас ертіп келгенімде
Қарсы алсаң күлімсіреп, осы – Бақыт!

Біреулер жүр ғой сырттан досын атып.
Қорықпа, күдіктенбе шошыма түк.
Мен жайлы айтылған бір қаңқу сөзге
Сенбесең, иланбасаң, осы – Бақыт!

Жарқырап, жалт-жұлт етіп жасын атып,
Жасыннан кейін бірақ басым қатып,
Мас болып келген күні бір сөз айтпай,
Ертесіне ұмытып кетсең, осы – бақыт!

***

Жүлдегерміз,
Жүйткітіп шабар атпыз.
Қыран құспыз,
Ұшқанда жоғары-ақпыз.
Тындыруға келгенде құлқымыз жоқ,
Сындыруға келгенде шебер-ақпыз.

***

Ақиқатты іренжітсең,
Ар түбіңе жетеді.
Күн күлкіні іренжітсең,
Көз жасы боп кетеді.

Сүйгеніңді іренжітсең,
Сүйегіңнен өтеді.
Алақанды іренжітсең,
Жұдырық боп кетеді!
01.11.2014
Вернуться назад