DataLife Engine / Қамажай (Қазақ ауыз әдебиеті)

Қамажай (Қазақ ауыз әдебиеті)

Басында Қамажайдың бір тал үкі,
Айрылып Қамажайдан болдым күлкі.
Айрылып Қамажайдан отырғанда,
Келеді қай жерімнен ойын-күлкі.

Ахау хайлилайым, лилилайым,
Қамажай, қалдың кейін, сәулетайым.

Қолында Қамажайдың алтын жүзік,
Қамажай отыр ма екен көзін сүзіп.
Көрмесе жарты сағат тұра алмаушы ед,
Апырмай кетті ме екен күдер үзіп.

Ахау хайлилайым, лилилайым,
Қамажай, қалдың кейін, сәулетайым.

Ертістің жағалауын жағалаймын,
Мұз болса көк бестіні тағалаймын.
Үш топтан таңдап алған Қамажайым,
Өзіңді тоқсан қызға бағалаймын.

Ахау хайлилайым, лилилайым,
Қамажай, қалдың кейін, сәулетайым.

Мал жақсы жылқы деген бағып жүрсе,
Мойнына үкі-тамыр тағып жүрсе.
Ішінен бір жорғаны таңдап мініп,
Аулына Қамажайдың барып жүрсе.

Ахау хайлилайым, лилилайым,
Қамажай, қалдың кейін, сәулетайым.
06.02.2020
Вернуться назад