Балғабек Қыдырбекұлы | Отбасындағы әңгіме

От басындағы әңгіме әртүрлі бола беруші еді. Қазақтың кедей шаруасының революциядан бұрынғы әнгімесінің бір түрі мынадай болатын. Мысалы, наурыз тұрып, жер жібіп, жана жыл келген соң Әбділ үй ішін от басына жинап алып әңгіме бастайтын. Зағипа, сен Итбайдың сиырын саууға тұр. Артылған іркіті болса да, үйге әкеліп тұрарсың. Сәлім, сен Итбайдың қозысын бақ. Бір жылғы табан-ақы, маңдай терің үшін түк бермеді ғой. Бәрібір сабап-сабап бақтырады. Одан да ең болмаса өйтіп-бүйтіп тамағыңды асырарсың.

Ал коллективтендіруден он жыл кейін от басындағы әңгіменің түрі былай өзгерді. Әбділдің әйелі ойда жоқта қалада тұратын кіші баласының үйіне барамын деп әзірленіп жатты. Үйге кірген Әбділге «маған ат ерттеп бер» деп жабыса кетті. Бұрын әйелінің бетін қайырмайтын Әбділ осы жолы шыдамнан шығып кетті. Ол: істеп жүрген жұмысың қайда, көпшіліктің тапсырған ісі қайда, ферма меңгерушісіне айтпай кетіп қалғанын ұят емес пе және қазір колхоз жылқысы өрісте ғой,— деп өзінің шыдамсызданғанын тыжырынған қабағымен байқатты. Бірақ бұл қабақтың өзі жасынан үйреніскен жау болғандықтан Зағипа қояр болмады. Қайта одан сайын жабыса түсті.

— Е, немене, мен болмасам, сепаратор тартылмай қала ма? Менен де басқалар бар емес пе? Өзі зырылдап тұрған машинаны бұрай беруге еріне ме? Сүтті тартып, майды колхоз қамбасына өткізіп беріп жүрміз ғой осы,— дейді Зағипа.

— Сен тәртіп сақтамай, ешкімге айтпай кетіп қалған соң, орныңа кісі белгіленбейді де, ертең сүт тартылмай қалады. Сенің кетуің ертең мемлекетке майды аз өгкізуге салдарын тигізеді,— дейді Әбділ.

— Жоқ, менің өз еркім өзімде. Кетемін деген соң кетемін.

Ат ерттеп бермейсің деп еріне ашуланған Зағипа оның барлық сөзін жақтырмай шығып бара жатқанында үйіне баласы кіріп келді. Жаздың күні. Аспан айналып жерге түскендей ыстық. Ал Сәлімнің шешесі басына кимешек киіп, оның сыртынан қарағайдай күндік орап алыпты. Күндік болғанда да мұның өзі бір келіссіз нәрсе. Кәдімгі шаршылап тіккен кездемені орап-орап, ең үстіңгі жағын сиыр мүйіздендіріп қойыпты. Сәлім еріксіз мырс етіп күліп жіберіп, шешесінен қайда баратынын сұрай қойып еді.

— Қалаға, Ғалымның үйіне барамын, қыдырамын,— деді шешесі. .....[/quote]
Әңгімелер
Толық