Мұхтар Әуезов | Жетім

Жаз ортасының қоңыр кеші. Ұлытаудың бөктерінде кештің қоңыр салқын желі еседі. Күн батып, ымырт жабылып барады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан, айналада күңгірт тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай бойсұнған сияқты. Сондай жүдеп сарылған төбелердің арасымен үш салт атты келе жатыр еді. Бұлардың беті — қалың таудың іші. Күнбатыста алыста жауын бар еді. Сол алыста күн күркіреп жатты. Анда-санда көкжиектің тұсында күн жарқылдап тұр. Бұлт қалың, жарқылдағы күшті еді. Қарабарқын тартып қараңғылана бастаған аспанда түксиген қатал қабақ, құлазып жүдеген иесіздік білінгендей. Үлкен жарықтың өшер алдында бір сөніп, бір лап етіп жанғанындай, күнбатыста жарқ еткен нажағай жарығымен күңгірт даланы әлде неге үміттендіріп тұрған сияқты. Тау бөктеріндегі қоңыр жел ақырындап бұралып соғып, салбыраған шерлі күйді қозғағандай болады. Табиғат салқын түсте болса да, сұлу тілді сүйгендей, іздегендей еді. Мәңгі мұңлы шермен үзіліп-үзіліп соққан желмен бірге жүректі ақырын-ақырын шымшығандай еді. Сол кезде иесіздікте жүдеу тартып, ұйқыға батып бара жатқан даланы әнші жігіттің зар-мұңлы даусы ұзақ толқынды ырғағымен тербеткендей болды. Ән салқын түсті табиғат ортасында желікті қызықты еске түсірмей, ұлы бір сабырды еске түсіргендей. Ән салған жігіттер табиғатпен жалғасатын тіл тапқандай боп, кейде баяулап қоңырлатқан, кейде шырқыраған сұлу әнмен түн құшағына кіріп келе жатты... Бұл мүйнетте адамның әні де алыста күркіреген күндей, үзіліп соққан бөктердің желіндей табиғаттың өзінен шыққан бір қуат сияқты еді. Бойды табиғат қуатындай болып тоңазытып, көңілді жүз толқытатын қуаты бар еді. Ән кейде батқан күн мен бейуаққа қоштастырған үн сияқты. .....
Әңгімелер
Толық