Сәбит Мұқанов | Кер заман


1

— Қайынаға, салығыңызды кешіктіріп кеттіңіз, неге төлемейсіз? — деп қайқы мұрындау келген, денелі, томпақ көз, жұқа ерін, суық шарпыған беті қара қожалақтаның-қыраған, басында түбіт шәлісі, аяғында саптама етігі, қолында тері биялайы бар, үстінде сеңсеңмен тыстаған сары тоны бар Ұлбосын, дәреттен келе жатқан Кәдірбай хажының алдынан кес-кестей берді.

Шалбарының бауын екшей байлап, аяғымен жерді тебініп, қысықтау келген қиғаш көзін Ұлбосынға алайта қарады да:

— Қайдағы салық? — деді хажы.

— Білмейсіз бе, қандай салық төлейтініңізді, — деді Ұлбосын, даусын көтере сөйлеп.

— Нені білейін! — деп хажы бір уыс көдедей шоқталып біткен ұзын қасын көзіне түсіріп, қалың қабағын тыржитты.

— Білмесеңіз айтайын: бір ауылнайдың имамы боласыз ғой. Зекет-ғұшырдан, жаназа шығарғаннан, тағы сондай табысыңыздан 350 сом, салған егін, жылқы, сиыр, қойыңыздың салығы 86 сом. Патент алмай сауда қылғаныңыз үшін 61 сом, барлығы 607 сом.

— Келін, осы сенің-ақ маған құтың түсті-ау жарқыным. Бір жылғы табысымның бас-аяғы 100 сомға зорға толады. Әнеугүні пинәтделге осы мәнімді айтып арыз бергем. Одан жауап алмай төлемеймін. Егінді жөнді салғам жоқ. Бір-екі десятина сепкен болып едім, шықпай қалды. Сауда қылғанымды кім көрген екен? — деп хажы аппақ сақалын қолымен тарап кейіді. .....
Әңгімелер
Толық