Биология | Үсу

Үсу — суықтың әсерінен денедегі тіндердің зақымдануы. Үсу ауа райының аязды күні ғана емес, сондай-ақ температура нөлге жуық кезде де (ылғалдылық жоғары болып, күн ұзақ уақыт суытқанда) болуы мүмкін. Үсуге суық жел, ауаның ылғалдылығы, су болған әрі тар киім, аяқ киім, қолғап немесе мастық, организмнің жалпы әлсіздігі әсер етеді. Үсікке көбінесе саусақ, башпайлар, мұрын, құлақ шалдығады. Үсудің 4 дәрежесі ажыратылады. Бірінші дәрежелі Үсу кезінде терінің сезімталдығы нашарлап бозарады, үсіген жер ісінеді, ауырып қышиды. Екінші дәрежелі Үсу біршама ауыр өтеді, терінің асты суланып күлдірейді. Үшінші дәрежелі Үсу түрінде терінің астына қанды су жиналып, күлдірейді, бірнеше күннен соң олардың орны жансызданып, жарылады да, тыртық пайда болады. Төртінші дәрежелі Үсу кезінде барлық жұмсақ тіндер, кейде тіпті сүйек тіндері де жансызданады. Бұл Үсудің ең ауыр түрі. Жансызданған жер тырысып кеуіп қалады, қара қоңыр түске боялады. Алғашқы көмек көрсеткенде үсіген адамды бірден жылы жерге кіргізіп, жылытып, ыстық шай не кофе беру керек. Жансызданған жерін жылы суға (температура 37 — 40°C) малып, денесі қызарып, жылынып, сырттан тиген қолды сезетін болғанша жайлап ысқылайды, содан соң таңып тастайды. ҚҚ — ҚV дәрежелі үсікке шалдыққан адамды алғашқы көмек көрсетіліп болғаннан кейін жылы орап, ауруханаға апару қажет. Үсік шалған жерді суық жерде тұрып қармен ысқылауға және суық суға түсіруге болмайды. Үсіген организм көп уақытқа дейін суыққа сезімтал келеді.

Сілтемелер



"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том .....
Рефераттар
Толық