Дінтану | АДАСТЫРУШЫ ДІНИ АҒЫМДАР

Бүгінгі археология, антропология ғылымдары діни сенім-наным жолдары мен жүйелерінің тым ерте дәуірлерден бері адамзаттың даму, өркендеу және кемелдену барысымен біте қайнаса жалғасып келе жатқанын дәлелдейді. Кейбір биохимия және генетика саласы ғалымдары (Rebecca Cann, Mark Stoneking, Douglas Wallace) дүниежүзінің көптеген аймақтарындағы адам нәсілдерінің генетикалық ерекшеліктерін салыстыра отырып, бүгінгі адамзаттың түр-тұқиянында бір атадан тарағаны туралы қорытынды жасаған. АҚШ-тағы Станфорд университеті профессорларынан Луиги Лука Кавалли-Сфорза (Luigi Luca Cavalli-Sforza) және әріптестері 40 жыл бойы дүниежүзіндегі 5 мыңдай тілді зерттей келе, оларды ірілі-ұсақты 17 топқа бөліп, түп негізінде барлық тілдер бір көне тілден тараған деген тұжырымға келген. АҚШ Коломбия университетінен Ральф Солеки (Ralph Solecki) Солтүстік Ирақтағы Шанидар (Shanidar) үңгірінде 1957 жылы жүргізген қазба жұмыстарында табылған заттар осыдан 60 мың жыл бұрын өмір сүрген неандерталь адамдарының діни нанымының болғандығын дәлелдеген (көбірек мәлімет үшін мына еңбекті оқыңыз: Roger Lewin, The Origin of Modern Humans, W.H. Freeman and Co., New York, 1993).
Адамзаттың ойлау деңгейі биіктеген сайын, ғылым-білім саласындағы табыстар көбейіп, өркениет сатысы өрлеген сайын, діннің қоғам өміріндегі рөлі мен маңыздылығы да күшейе берген. Адам баласының дамуы мен діни сана-сезім және қатынастардың да дамуы бірге жүрген десек қате болмас. Көне Мысырдағы перғауындардың ел мен дінді қатар билеуі, Рим императорларының ең биік діни мәнсапқа ие болуы, Үндістанды билеген Ашоканың (м.б. ІІІ ғ.) буддизмді тарату жолындағы қанды жорықтары, христиандардың шармық (крест) жорықтары, пайғамбарлардың ғибратты өмірі зерттелгенде тарихтағы ең елеулі уақиғалардың басы қасында діннің жүргендігі байқалады. Алып мемлекеттердің күйреуі яки пайда болуы, төңкерістер, соғыстар, көштер көбінде не белгілі бір дінді жою үшін немесе белгілі бір дінді орнату яки тарату үшін жасалған. Осы соқтықпалы-соқпақты жолды бастан кешкен адам баласы діннің ең кәміл формасы ретінде исламға қол жеткізді. Миладтан кейінгі VII-ғасырда әз елші Мұхаммед Абдұллаһұлы (569-632) арқылы күллі адамзатқа жіберілген ислам діні Жаратушының жаратылғандарға жіберген ең соңғы һәм ең кәміл өмір сүру, ойлау, сезіну, ұйымдасу және даму жолын ұсынды...
Адам баласы жаратылысындағы оң және теріс қабілеттері, күшті һәм әлсіз жақтары бойынша Жаратушының саф дініне қол сұға отырып, көпшілік жағдайларда дінді бұрмалап, дінге өзгерістер енгізіп, діннің бақилық сипатын фәнилендіріп, ізгілік пен бақытқа жеткізуші арнасын ауыстыруға талпынумен болды. Тарихта болған күрделі уақиғаларды терең зерттегенімізде есі сау адамға қорқынышты яки жиіркенішті көрінуге тиісті көптеген іс-амалдардың «дін үшін» немесе «діншіл» атанған топтың бастамасымен болғандығын көреміз....
Рефераттар
Толық