Бердібек Соқпақбаев | Жасырынбақ

Жасырынбақ ойнауды Әбдірахман шығарды. Тұрбек оны дереу қостады. Сыдық та қарсы болған жоқ.

Бірақ екі-екіден одақтасу үшін және бір адам керек.

Шақырып алатын ешкім көрінбес пе екен деп, үш бала қақпадан шығып, төңірекке көз салып тұр. Іштеріндегі ересегі Әбдірахман, бесінші класта оқиды. Дене тұрпаты ұзынтұралау, мінезі адуындау ақ сұр бала.

Тұрбек пен Сыдық екеуі төртіншіде оқиды. Біреу өзі тиіспесе, бұлар ешкімге шатақ іздеп ұрынбайтын басалқалы балалар.

Кешенің арғы бетіндегі өз қораларының үстінде рогаткамен сотқар Алмабек торғай атқылап тұр. Аңдығаны теректердің сонау ұшқары басы. Бірлі-жарым қонған торғай болса, атып тигізе алмай тұр. Басқа теректердің басында қаптап ұшып жүрген торғайлардың әлгі араға жоламауына қарағанда, Алмабек оларды әбден запы етіп, үркітіп бітсе керек.

— Алмабекті шақырсақ қайтеді? — деді Әбдірахман.

— Ой, құрысын. Ол шатақ шығарады, — деп Тұрбек пен Сыдық қабатынан без ете қалды.

Алмабек осы кезде бұларды керіп, айқай салды:

— Ей, неге топталып тұрсыңдар! Тараңдар! Атам!

Алмабектің сырын білетін балалар қақпаны тасалап, жасырына берді. Алмабек айтқанын істеді. Атып еді, тас ызыңдаған бойымен кеп қақпаға тиді.

Үйден Тұрбектің бірінші класта оқитын қарындасы Назым шықты. Екі иығында желбірі бар, жеңсіз көк шұбар көйлек киген, топ-толық қара домалақ қыз. Кезі шешесіне тартып шегірлеу.

— Біреуімізге Назым одақ болсын, — деді Сыдық.

Әбдірахман тыжырынып:

— Мұны қойшы, — деді.

Әңгіме өзі жайында екенін Назым біле қойды да, балалардың қасына келіп:

— Не? Не айтып тұрсыңдар? — деп сұрады.

— Бізбен жасырынбақ ойнайсың ба? — деді ағасы.

.....
Әңгімелер
Толық