Әбіш Кекілбаев | Бәсеке

I

Қыз өссе қырсық көбейеді деген рас екен. Әйтпесе, тап бүгінде Балпан байдың мұрты қисаятын жөні бар ма?! Құла сағым көп жылқының алды суды Шіліктіден ішкенде, арты сонау алты көштік Тасқайнарға жаңа құлап, аспан астын ақ шаң қылып жатысы анау. Қойдың саны қазір қаншаға жеткенінен өзі де бейхабар. Әйтеуір, жабағы жүн қырыққанда саудагер Шүрен күніне он арбадан қалаға жөнелтіп тұрып, жарты ай дегенде зорға тауысты. Көшен ақын Балпан байдың көшкен жұртында әр бұтаның түбінде бір-бір түйе ұмыт қалады деп жырлап жүр.

Құдайға шүкір, әкімдермен де қабағы оң: ауыздарын майлап-майлап қысы-жазы бірдей қапырық ұзын қапыдан құтылып, мынау жарыса аққан екі өзеннің алқабын түгел бір өзіне қаратты. Басына қыстайды, аяғына жайлайды, екі ортадағы елу көштік ен дала мұның өрісі. Осы анада жаз басында ғана соғып кеткен ақ патшаның ұлығы астындағы көк арбаның тертесін жерге кіргізіп жіберетіндей маңғазданып келіп еді, қоңыр марқалардың зауза айындағы туырылған уыз еті мен жарықтық қымыздың жібітпейтін пейілі бар ма! Әлгі сабазың кетерінде бұны қалыңдығынан бетер аймалап, қайта-қайта құшып зорға қоштасты. Балпекеңнің де білмейтінін ит жесін — ұлықты шығарып салыңдар деп артына алты жігіт ертіп, елдің шетінен екі жүз ісекті айдап апарып, қалтасына ақша қып салып беріңдер деді. Баласын үй ішіне қант-шай әкел деп қалаға жұмсап, екі арбаны аузы-мұрнына шыққанша өңештен өтетіндердің ең бір жылы-жұмсағынан сықады. Ол ұлық үйіне Шіліктің бойынан қызырға жолыққандай қызара бөртіп, асып-тасып барғанда бәйбішесінің алдынан марқаның ақ уыз құйрығын асып отырғанын көреді. Сосын ол көкесінің атын ұмытса ұмытар, тап Балпанды ұмыта алмас. Бұдан былай о бәлемнің қарыны шұрқ .....
Әңгімелер
Толық