Эдгар По Шөлмектен шыққан қолжазба

Қасқағым ғұмыры қалғандардың енді бұл жалғаннан жоғалтары жоқ.

Филлип Кино. Атис

Отаным мен туған-туыстарым туралы айтарым аз. Әділетсіздіктің әлегінен жат жерге қуылдым, ұзақ жылдар бойы шет жерде жүргендіктен — жат туыспын. Еншіме тиген мол мұра сол кездегімен салыстырғанда әжептәуір білім алуыма мүмкіндік берді, ал бойыма туа біткен алғыр зеректік жас шағымда талмай тырбанып жиған мағлұматымды жүйелеуге жағдай жасады. Мен бәрінен де немістің философ-моралистерінің шығармаларын оқуды жақсы көруші едім, әрине, онда мені қисынсыз қызыл сөз емес, логикалық ойлауға дағдыланған адамға олардың құрылысындағы жасандылықты оп-оңай шығаруға болатындығы шектен тыс ынтық ететін еді. Мені әдетте тақуалықтан таймайды деп айыптап, қиялымның қарымы үшін қылмыскердей кінәлайтын, мені жұрт қашан да Перронның ізбасары санайтын. Тұрпайы философияға тым әуестігім шынында мені де біздің ғасырымыздағы мейлінше кең таралған қателіктің құрбаны етті ме деп қорқамын — мен бұл жерде барлық құбылыстарды, тіпті оған қатысы шамалы құбылыстардың өзін сол ғылым принципімен түсіндіруді айтып отырмын. Жалпы айтқанда, мен сияқты адамдарды ырымшылдықтың алдамшы сәулесі еліктіріп, шындықтың шегінен шығады дегенге сенудің өзі қиын. Мен өз әңгімемді осындай шағын алғысөзден бастауды орынды көрдім, өйткені мен баяндағалы отырған бұл әдеттен тыс оқиғалар қисынсыз қиялдың нәтижесі емес, қайта қиялды құр жаңғырық пен жансыз әріптердің құбылысы деп біліп, оны мүлдем жоққа шығаратын адамның ақыл-ойының шынайы тәжірибесі болып табылады. .....
Әңгімелер
Толық