Рабиндранат Тагор | Үзілген үміт


Мен Дарджилинге жаңбырлы күні келген едім, Көше қыдыруға зауқым соқпады. Алайда үйде отыра беру де көңілді болмады.

Қонақ үйде тамақтанып алдым да, қалың табан бәтеңкемді, жалбағайлы плащымды киіп, не болса да көшеге шықтым.

Қала үстінде қалың бұлт төніп тұр. Жаңбыр шелектеп құйғандай. Құдай тағала әлемге топан суын қаптатып жіберген сияқты.

Мен есіз де көңілсіз Калькутта көшесімен жүріп келемін. Тұман мен бұлт патшалық құрған мына меңіреу дүниеден құтылғым келеді, шу-думаны бар жарық дүниеге шығып табан тіресем деймін.

Жақын бір жерден жылаған әйел даусы естілді. Қайғы-қасірет пен көз жасына толы бұл дүниеде жылау деген немене, дағдылы құбылыс емес пе! Мүмкін мен басқа бір ретте көңіл аудармай да өткен болар едім. Ал мына тұман мен бұлт өктемдік жасап тұрған бұлыңғыр дүниеде жылаған әйел даусы ғайып болған бүкіл әлемнің жоқтауы сияқтанып кетті. Мен өтіп кете алмадым.

Жақындай келе жол қапталындағы таста отырған, басында алтын түстес байлары бар қызыл киімді бір әйелді көрдім. Ақырын өксіп жылап отыр.

Бұл тегі көптен бері шемен болып көкірекке қатқан ескі құса болса керек. Торыққан көңіл, басқа түскен жалғыздық, мына бүгінгі күннің күңгірт аспаны — бәрі қосылып сол ескі дертті қозғап жіберіпті. .....
Әңгімелер
Толық