Жюль Верн | Он бес жасар капитан

БІРІНШІ БӨЛІМ

Бірінші тарау

«ПИЛИГРИМ» АТТЫ ШКУНА-БРИГ

1873 жылы 2 февральда «Пилигрим» атты шкуна-бриг Гринвичтен 43°75 оңтүстік ендік пен 165ʹ19 батыс бойлықта жүзіп жүрген. Оңтүстік теңіздерден кит аулау үшін Сан-Францискода жабдықталған төрт жүз тонналық кеме еді бұл.

«Пилигрим» Калифорнияның кеме иемденуші байы Джемс Уэлдон дегеннің кемесі болатын; бұны ұдайы бірнеше жыл Гуль деген капитан басқарып келген-ді.

Джемс Уэлдон Берингов бұғазынан ары оңтүстік және солтүстік теңіздердегі Тасмания мен Горн мүйісіне жыл сайын топ-тобымен кеме керуенін жөнелтіп тұратын. «Пилигрим» шағын болса да флоттағы шапшаң жүзетін жақсы кемелердің бірі еді. Ол қылаусыз жақсы жабдықталғандықтан шағын командамен-ақ Оңтүстік Мұзды мұхиттың мұз сірескен шегіне дейін барып жүрді.

Сен жаз айларында солтүстіктегіден де оңтүстік жарты шардағы ендікке жетіңкіреп қалады, капитан Гуль кемені сондай сіресіп жатқан көшпелі сеңдердің ара-арасымен тамаша жүргізетін. Ізгі Үміт мүйісі мен Жана Зеландия маңында сен жиі кездеседі. Анығырақ айтқанда, бұл мұздар жылы су шайған көшпелі мұз тауларының тек кішігірім бөлшектері ғана; бұлардың көбісі Атлант немесе Тынық мұхитқа түсісімен еріп кетеді.

Оңтүстік флотилиядағы таңдаулы теңізшілер мен гарпуншылардың (китке шанышқы ататын) бірі капитан Гуль болатын; ержүрек капитан «Пилигримді» басқарғалы бері оның қарамағында тәжірибелі бес матрос пен матростық өнерін жаңа үйреніп жүрген бір жасөспірім қызмет етіп жүрді. Кит аулау кәсібінде, қайықта қызмет атқарып, ауланған китті сойып, баптау үшін көп адам керек, мұндай ірі іске бар болғаны алты-ақ адам тым аз еді. Әйтсе де Джемс Уэлдон басқа кеме иелерінің әдістерін қолданып, Сан-Францискодан тек кеме басқаратын команданы ғана алуды тиімді санаған. .....
Әңгімелер
Толық