Джек Лондон | Өмірге құштарлық

Сылти басқан олар жыраға қарай құлдилап түсе бастады да, алда келе жатқаны бейберекет шашылған тастар арасында сүрініп, теңселіп кетті. Өздері қалжырап біткен, жүздерінен ұзақ мұқтаждық ізі мен күйзелісті көнбістік қана аңғарылады. Иықтарындағы қайыс таспалармен шандылған зілдей тендер еңселерін одан әрмен езе түскен. Екеуінің де арқасында мылтық. Екеуі де бастарын төмен салбыратып, көздерін жерден алмастан бүкжеңдей түседі.

— Құпия орындағы оқтардың, тым құрығанда, екеуі өзімізде болғанда ғой, — деді бірі үнсіздікті бұзып.

Оның даусы еш сезімсіз, салғырт естілген. Жүдә енжар айтқаны соншалық, тастарға соғыла ақшулан түспен көбіктеніп аққан суды енді кеше бастаған серігі жақ жарған жоқ. Әлгінің соңынан жолдасы да суға аяқ басты. Ағын су сүйектен өткен мұздай болғанмен — суықтығы соншалық, балтырлары мен башпайлары мүлдем жансызданып сала берсін, — олар аяқ киімдерін шешкен де жоқ. Кей тұста су тізелерінен асып, тірегін жоғалтқан әлгілер теңселіп-теңселіп кетеді.

Жүргіншінің бірі жылтыр қойтаста тайғанақтап, құлап түсе жаздады да, жан даусы шыға шыңғырып жіберіп, сөйтсе де аяғында тік тұрып қалған. Сірә, басы айналып кеткен болуы да керек теңселген күйі қолдарын ербеңдете түсіп, ауаны құр қармағандай болды. Бойын әрең билеп, алға қадам басқаны сол-ақ ізінше қатты: теңселіп кетіп, тағы да омақаса құлай жаздасын. Сол сәтте кілт тоқтап, серігіне көз тастады: анау болса жүрісін кідіртпестен алға озып барады, ол ол ма, бұрылып қараған да жоқ. .....
Әңгімелер
Толық