Агата Кристи | Он қара домалақ

1

Шылым шегетіндерге арналған бірінші дәрежелі вагонның бір бұрышына жайғасқан сот Уоргрейв — ол жақында ғана жұмыстан біржола босап шыққан — сигарын түтіндетіп, "Таймстағы" саясат бөлімін шолып отырған. Ұзамай газетті былай ысырып қойып, терезеден сыртқа көз жіберді. Пойыз Сомерсеттен өтіп бара жатыр еді. Сот ойша шамалап көрді — әлі екі сағаттай жүруі керек екен.

Негр аралы жайында газеттерде жазылғанның бәрін сот қайта-қайта ой елегінен өткізумен келеді. Әуелі оны яхта десе ішкен асын жерге қоятын американ миллионері сатып алыпты, Девон жағалауына жақын жерде орналасқан осынау шағын аралда қазіргі заман үлгісіндегі керемет көркем үй тұрғызыпты. Алайда, өкінішке қарай, миллионердің үшінші әйеліне, таяуда ғана тапқан тотықұсына теңіздегі шайқалыс жақпайды екен, осы жағдай миллионерді үймен де, аралмен де қош айтысуға мәжбүр етіпті.

Сөйтіп, арал сатылатын болды, оның әсемдігін айтып тауыса алмайтын сипаттамасы бар құлақтандырулар газеттерде жиі-жиі жарық көре бастады. Одан соң аралға мистер Оним дейтін біреудің ие болғаны жөніндегі хабар жарияланды. Сол сол-ақ екен, зайырлы қауым өміріндегі жаңалықтарды жиып теретіндердің қиялы шартарапты шарлап кетті. Шын мәнінде Негр аралын голливудтық киножұлдыз мисс Габриелла Терл сатып алыпты!.. Сол жерде - репортерлер мен жарнама ырың-жырыңынан жырақта - бірнеше ай тыныш тұрғысы келетін көрінеді!.. "Бизи Би" бұл арал король отбасының жазғы резиденциясына айналатыны жайында сыпайы түрде тұспалдап жеткізді. Мистер Мерриуэдерге аралдың жас лорд Л. меншігіне көшкені - ақыры оның да Купидон құрбандығына айналып, аралда бал айын өткізуге ниет еткені турасында сыбыс жетті. "Джонас" аралды әлденендей бір айрықша құпия сынақтар өткізу мақсатында Әскери-теңіз күштерінің басқармасы сатып алғанына зәредей күмән келтірмеді. .....
Әңгімелер
Толық