Қазақ тілі | Ауызекі сөйлеу стилі

Кіріспе
Ауызекі сөйлеу – адамдар арасындағы коммуникативтік қатынастың басты әрі жиі көрінетін формасы. Осыған байланысты лингвистикада тіл-тілдің ауызекі сөйлеу ерекшеліктері арнайы зерттеу обьектісі болып келеді. Сонымен бірге ауызекі сөйлеу тілін зерттеудің бағыт-бағдары, әдіс-тәсілдері де алуан түрлі. Бірқыдыру еңбектерде лексикология, грамматикалық тұрғыдан ауызекі тілдің лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін тану мақсат етілсе, басқа, мәселен, психолингвистикалық зерттеулерде ауызекі сөйлеудегі сөзді құрау, түсіну процесстерінің психикалық астарын ашу мақсат етіледі.
Қазақ тіл білімі о баста ауызекі сөйлеу тілінің фактілерін зерттеуден басталған. Бұлай болуы, бір жағынан, ол кездегі жазбаша әдебиеттің шама-шарқына байланысты болса, екінші жағынан, ғалымдардың қазақ тілінің таза халықтың көзін, негізін тауып, сол фактілерге сүйеніп, зерттеуге талпынуына да байланысты еді. Қазақ тілін алғаш зерттеушілердің бірі – белгілі ғалым Н.И.Ильминскийде осы бағытты ұстады. Ол қазақ тілін осы тілде сөйлеушілердің өз аузынан жазып алынған фактілер негізінде зерттеу қажет, қазіргі кітаби материалдарда қазақ тілінің өз заңдылықтарына сай келе бермейтін шағатай тілінің элементтері көп деп үнемі ескертіп отырды. Н.И.Ильминский қазақтардың сөзді өнерге балап, оған ерекше талап қойып, мән беруін жоғары бағалады. Ол: «Қазақтың шешен кісілерін тыңдау бір рақат нәрсе: олардың сөзі ұйқасты, сымбатты, анық, көркем» деп жазды. Қазақ тілі жөнінде алғаш толық, жүйелі лингвистикалық еңбек жазған П.М. Мелиоранский де өзі, негізінен, ауызекі сөйлеу тілінің фактілеріне сүйенетінін ерекше атап отырады. Алайда революцияға дейінгі зерттеулер ауызекі сөйлеу тілін арнайы қарастыра да, жан-жақты қамти да алмады.
Қазақ тіліне арналған алғашқы бұл зерттеулерде оның басты фонетикалық, грамматикалық жүйесін анықтауға ғана баса мән беріліп, стильдік тармақтарын даралап тану міндет етілді.
Революциядан кейін қазақ тілін зерттеудің бағыт, мазмұны мүлде өзгерді, ол тарихи ұлы міндетке – қазақ халқының социалистік жаңа мәдениетін жасау, соған жол ашу мүдделеріне қызмет ету мақсатын көздеді. Сондықтан да бұл кездегі қазақ тіл білімі баса көңіл бөлген мәселелер - әдеби тілдің қалыптасуы, дамуы, жазуды жетілдіру, әдеби тіліміздің фонетикалық, грамматикалық жүйесін тану болды. Ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктері, ауызекі сөйлеу тілі мен жазба әдеби тілдің арасындағы өзара қатынастың сыры ашылмады. Ауызекі сөйлеу тілі – қазақ тілінің қайнар көзі, негізі дегеннен аса алмады.
Қоғам мүшелерінің білім, мәдениет дәрежесінің өсуі, олардың қоғамдық өрісінің ұлғаюы, творчестволық белсенділігінің артуы ауызекі сөйлеу тілінің рөлін көтерді. Ауызекі сөйлеу тілінің жұмсалу аясы да орасан кеңіді, тақырыбы кеңейіп, мазмұны да күрделенді. Сондықтан жұртшылықтың ауызекі сөзге қоятын талабы да өсті. Тіл білімі саласында ауызекі сөйлеу тіліне ден қою осы қоғамдық, әлеуметтік талапқа байланысты. Ауызекі сөйлеу тілін зерттеу оның коммуникативтік (пікір алысу) сипатын анықтап, фонетикалық, грамматикалық тәсілдерді қолдану, пайдалану ерекшеліктерін ашуды көздейді, мұның өзі қоғамдық коммуникацияны жетілдіру, мәдени дәрежесін өсіруге көмектеседі.
Жұмыстың өзектілігі. Функционалдық стильдердің ішінде ауызекі сөйлеу стилі қазақ әдеби тілінің жіктелуінде айрықша орын алады. Ауызекі сөйлеу стилінде прагматикалық фактордың қатарына жататын тыңдаушыға айрықша көңіл аударуды қажет етеді. Ауызекі сөйлеу стиліндегі прагматикалық фактор деректі ситуацияны білдірмейді, бірақ коммуникативтік актінің маңызды бөлігі болып саналатын тілдік емес ситуацияны өзара әрекеттестік үстінде толық есепке алып отырады. Олай болса, ауызекі сөйлеу стилі ерекше стиль түріне жатады. Ауызекі сөйлеу стилі функционалдық стилдердің ішінде өзіне тән фонетика, лексика, грамматикасы бар күрделі әрі әмбебап стиль түрі болып саналады. Осы фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін көрсету бұл жұмыстың өзектілігін айқындайды.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Бітіру жұмысының негізгі мақсаты табиғаты күрделі саналатын ауызекі стилінің функционалдық стильдердің ішіндегі өзіне ғана тән фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін зерттеу болып табылады. Ауызекі сөйлеу стиліне тән белгілерін көрсету мүддесі алға қойылады.....
Дипломдық жұмыстар
Толық