География | Атлант мұхиты

Атлант мұхиты – Жер шарындағы аумағы жөнінен Тынық мұхиттан кейінгі екінші мұхит. Оны ежелгі гректер Африканың солтүстік-батысындағы Атлас (Атлант) тауына байланысты атаған
Жалпы мәлімет
Шығысында Еуропа мен Африканың, батысында Солтүстік және Оңтүстік Американың, оңтүстігінде Антарктиданың аралығында орналасқан. Солтүстігінде Дейвис, Дат бұғаздарымен және Солтүстік Мұзды мұхитпен, оңтүстік-шығысында Африка мен Антарктида аралығында Υнді мұхитымен, оңтүстік-батысында Дрейк бұғазы арқылы Тынық мұхитпен жалғасады. Мұхит солтүстіктен оңтүстікке қарай 15 мың км шамасында екі жарты шарға созыла орналасқан. Ені басқа бөліктеріне қарағанда экватор маңында 2830 км-ге дейін тарылады. Мұхиттың теңіздермен қоса есептегендегі жалпы аумағы 91.6 млн. км2, орташа тереңдігі 3597 м, суының көлемі 329.7 млн. км3. Солтүстік жарты шардағы жағалауы қатты тілімделген. Теңіздері (Балтық, Солтүстік, Жерорта, Кариб, т.б.) мен ірі шығанақтары (Бискай, Гвинея, т.б.) түгелдей дерлік осы бөлікте. Оңтүстік жарты шардағы жағалауы аз тілімделген (Антарктида маңындағы Уэдделл т.). Атлант мұхитында басқа мұхиттармен салыстырғанда аралдар аз. Iрі аралдары (Ұлыбритания, Ирландия, Ньюфаундленд, Υлкен Антиль, Кіші Антиль, Канар, Жасыл Мүйіс, Фолькленд аралдары) мұхиттың жағалауларына таяу орналасқан. Орталық бөлігіндегі аралдар (Азор, Әулие Елена, Тристан-да-Кунья, т.б.) ұсақ және олар жанартау әрекетінен пайда болған. Мұхиттың түбі Орта Атлант су асты жотасымен бөлінген. Оның жекелеген шыңдары (Буве, Тристан-да Кунье, Вознесение, Сан-Паулу, Азор) жанартау аралдары түрінде су бетіне шығып тұр. Мұхиттың шығысында Батыс Еуропа, Канар, Жасыл Мүйіс, Гвинея, Ангола, Кап, Агульяс, батысында Солтүстік Америка, Гвиана, Бразилия, Аргентина, оңтүстігінде Африка-Антарктида қазан-шұңқырлары бар. Олардың тереңдігі 3000 метрден 7300 метрге жетеді. Терең шұңғымалар арал доғаларын жиектей орналасқан (ең тереңі Пуэрто-Рико шұңғымасы, 8742 м) және олар бір-бірінен су астындағы үстірттермен, қыраттармен, жоталармен бөлінген. Мұхиттың шеттері құрлықтық беткеймен көмкерілген. Мұхит түбінің үштен екі бөлігін әктастан тұратын органикалық шөгінділер жауып жатыр. Терең қазаншұңқырларының түбі қызыл саздан, ал жанартау аралдарының төңірегі жанартаулық шөгінділерден түзілген.....
Рефераттар
Толық