Сайын Мұратбеков | Ескек жел


Тұқым сақталатын тас қойманың алдында ала қыстай көк ВИМ селкілдейді де тұрады. Бес-алты әйел ертеден кешке дейін көктемде себілетін тұқымдық астықты тазалайды. Жұмысы ауыр да емес, жеңіл де емес. Трактор шанамен басқа қоймадан әкелінген қызылды екі әйел ВИМ-ге бір шетінен шелектеп құйып тұрады да, екінші жақтан сұрыпталып шыққан таза тұқымды қалған үшеуі қаптап ішке апарып төгеді. Әбден шегедей болып кепкен тұқымнан шикіл дәннің иісі, ал бұрқылдап ұшқан ескірген шаңнан тышқанның иісі аңқиды. Әйелдер бет-ауыздарын тұмшалап орап алған. Бірақ сонда да орамалдарын шешкенде шаңнан көздері ғана жылтырап, сөйлеп, күлгендерінде аппақ тістері ғана жарқырайды. Кірпіктерінде кіреукелеп шаң қырауы тұрады.

Осы әйелдердің ортасында еркек кіндіктен жаман Жанбай ғана жүреді. Ол — қоймашы, жасы қырықтар шамасында, қалың сырмалы күпәйке-шалбар киіп жүретін тайпақ адам. Қолында бір уыс кілті бар — колхоздағы қойма атаулының кілттері. Қалтасына сыймайды да, үнемі қолына ұстап жүреді. Осы кілттер үшін әйелдерден көрмейтін қорлығы да жоқ. Өзі де тиыш жүрмейді, осы ауылға күйеу болып келеді де, әлгі келіншектердің бәрімен жездемсіп ойнап, қылжақтап тиісіп алады. Тілімен шағып, мықындарына қол жүгіртіп түртпектеп жүргені. Жаман Жанбай атануы да сол мінезінен. Сонысына қарай әйелдердің де кейде бұған бас салып жабылып істемейтіндері жоқ. Қойманың ішіне кіргізіп, сырт киімдерін сыпырып ап, өзін байлап бидайға көміп тастайды, болмаса қолындағы кілттерін тартып aп, тамаққа барарларында мұны ішке қамап кетеді. Я, кілттерін тығып қойып зар қақсатады. Әйтеуір өздерімен-өздері, ойын-күлкілері басылмайтын топ. Тұқым да тазаланады, әзіл-оспақ та толастамайды. Таңның атуы, күннің батуы — күндегі тірліктері сол... .....
Әңгімелер
Толық