Бейімбет Майлин | Қара шелек

Әңгіме қара шелектен басталды. Айшаның атасының басындай сақтап жүрген шелегі ғой. Үшінші жыл болып барады, Айша шелексіз қалып, шелек сұраймын деп абысын-ажынға жексұрын көрініп, ақырында Бірмағамбетті бүріп, Кәстенкенің дүкенінен алдырған шелек еді.

— Шелек-шелек деп ішкен асымды кере ғып болып едің, сенен қорыққаннан темекі алатын ақшама шелек алдым, деп Бірмағамбет, Айшаның қолына шелекті ұстатқанда бұлдап нығыздап ұстатқан.

Бірмағамбет мұны айтқанда, Айшаны салақ деп, дүниесін бүлдіріп ұстайды деп айтқан емес. Айшаның сөзін аяқсыз қалдырмағандығын сездіргелі айтқан. Әйтпесе, Айшаның жинақтығы, күтімділігі, бірін мыңға балап ұстайтындығы бүкіл ауылға мәлім. Салақ қатындар Айшаны жаратпағанда, Айшаға мін таққысы келгенде:

— Көріне бірге алып кетсе, көрерміз: әйтпесе кімнен қалмаған дүние, — деп бұрқылдасады.

Сол қара шелек бүгін майып болыпты! Қожағұлдың қара тоқалы біреуден нәрсе сұрамай, алған нәрсесін бүлдіріп бермей жүре ме, бүгін келіп қара шелекті сұрай қойды. Айша — шелек сұраушыны жайшылықта маңына жүргізбейтін:

— Менен кедей емессіңдер ғой, керек болса, сатып алыңдар, —дейтін.

Бүгін сонысын айта алмай қалды. Айта алмай қалған себебі болды: бүгін айға толды Бірмағамбет жоқ! «Аудан жұмсапты, науқанға өкіл қылыпты, 5-ауылдың байларын Бірмағамбет протоколдап ауданға айдап жіберіпті...» деген сияқты хабар еміс-еміс естіледі. Науқаны несі? Байларда не жұмысы бар? Айлап қаңғырғандай, ай толғанша үй бетін бір көрмегендей не болды? Бұл не деген сұмдық? Қатын-баласынан безген адам бола ма екен деп бірер күннен бері Айша үздіксіз ойлаумен жүр. Күл шығарса да, от жақса да, жалғыз ала сиырды қақпалап суатқа апарып суғарса да есі-дерті Бірмағамбет болады да жүреді. .....
Әңгімелер
Толық