Қазақ әдебиеті | Жұмбақ жанры

КІРІСПЕ
Тақырыптың зәрулігі. Көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының өткен өміріне көз салғанда, оның рухани дүниесінде ауыз әдебиетінің – фольклордың орны айырықша болғаны айқын аңғарылады. Жазу-сызуы, оқу мектебі, театры кенделеу қоғамда ұлттың рухани сұранысының алуан қырлы, сан түрлі мұқтажын фольклор арқалаған. Фольклордың тағы бір өзгеше қасиеті - халықтың дағдылы тұрмыс-салтымен, ғұмыр-тіршілігімен тонның ішкі бауындай ажырамайтын бірлікте болуы. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәтінен бастап дүниеден көшкенге дейінгі аралықтағы халықтың сан сала әдет-ғүрпында, салт-дәстүрінде өлең-жырдың, өрнекті сөздің араласпайтын тұстары кемде-кем. Фольклордың қоғамдағы ықпалы пәрменді, атқарар уәзипалары қаншалықты тармақты болса, оның түрлері мен жанрлары да соншалықты мол.
Халық мұраларының үлкен бір бұтағы - жұмбақтар. Жұмбақтар телегей-теңіз фольклорлық дүниеліктер арасында ауқымды орны бар, халық болмысымен ежелден біте қайнасып келе жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазіргі уақытта да тарих сахнасынан сыпырылып қалмай, жаңа даму кезеңін бастан өткеріп отырған бағалы жауһарлар санатына жатады.
Қазақ фольклорының жекелеген жанрлары турасында
бұрынырақта жүргізілген зерттеулерді былай қойғанда, тек XX
ғасырдың соңғы ширегінде ғана қыруар жұмыстар атқарылды.
Эпос, дастан, айтыс, халық өлеңдері, арбау өлеңдері, халық прозасы, күй аңызы хақында Б.Уахатов, С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов, Р.Бердібай, Ш.Ыбыраев, О.Нұрмағамбетова, С.Садырбаев, Н.Төреқүлов, М.Жармұхамедов, Б.Әбілқасымов, А.Сейдімбек, Б.Әзібаева сынды ғалым-зерттеушілердің арнаулы зерттеулерінің жазылуы соны растайды. Дегенмен ұлттық фольклорлық көмбелерімізді ақыл-тақыл тексеріп болдық деуге әлі ертерек.
Фольклордың қанша қарастырылып, зерттелгенімен кезінде назарға ілінбеген, еленбеген, түпкілікті шешілмеген тың, соны мәселелері жетерлік. Бір кезде сөз болғанымен жаңа методология тұрғысынан, ғылымның соңғы жетістіктері биігінен уақыт өте келе қайта оралып, тағы зерттелуді тілейтін мәселелерінің де туындап отыруы зандылық. Ғылымның бір орында тұрып қалмай, үнемі қозғалыста толысып, жетіле түсуі теориялық деңгейінің тереңдеуімен кіндіктес.
Жұмбақтың ауыз әдебиетінде, жалпы ұлтымыздың рухани өмірінде алатын орны мен маңызын айқындау осы еңбектің көтерер жүгі. Бұрын-соңды жұмбақ жайлы жазылған пікірлерге шолу жасап, саралай отырып қастерлі мұрамыздың жиналу, басылу тәжірибесін қорытындылап таразылайтын кез жетті деп санаймыз.
М. Әуезов 40-жылдардың өзінде-ақ: «Жалпы, жұмбақты сөз образының кілті есебінде тануға болады. Жұмбақ ақындықтың ұрығы - дәні тәрізді. Бұл жақтарын тексеріп, тану да ғылыми міндет» - деп, оның көркемдік құнарлығына, бейнелігіне үңілудің қажеттігін айтқанымен, күні бүгінге дейін бұл мәселе қозғаусыз қалды. Жұмбақ бізді тек ұшқырлығымен ғана емес, әр түрлі құбылыстарды берудегі икемділік пен дәлдік, сезімге әсерлігімен, оралымдығымен сүйсінтеді. Сол себепті жанрдың бейнелеу тәсілдері мен көркемдік құралдарына тоқталып, нақты талдаулар жасау арқылы эстетикалық тегеурінін көрсетпекпіз.
Жұмбақтағы халық өмірінің бейнеленуін, яки оның шындықпен астасқан тұсын, поэтикалық құрылымын, басқа жанрлармен қарым-қатынасын айқындау қажеттілік болып табылады. Әрбір жанрдың даралық белгісі, өзіндік қасиеті стильдік айшықтарынан айқын бой көрсетеді. Сондықтан жұмбақтың жанрлық ерекшелігін бажайламақ болсақ, оның поэтикалық, стильдік сипаты мен өлеңдік-ырғақтық түзілімін, бейнелеу кестелерін айналып өте алмаймыз. Күні бүгінге дейін жұмбақ тек сөз өнері тұрғысынан ғана зерттеу өзегі болып, оның қазақтың ескі наным-сенімімен, тұрмыс-салтымен тығыз ұштасқан қырлары толық ашылмай келді.....
Дипломдық жұмыстар
Толық