Антон Чехов | Каштанка

I

Әумесерліктің әлегі

Қанден мен көпек төбеттен шыққан түлкі тұмсық, тексіз сары дүрегей тротуар бойымен әрі-бері бүлкектеп, жан - жағына жалтақ-жалтақ қарай берді. Анда-санда бір тоқтап, табанынан ызғар өткен соң аяғын алма-кезек көтереді де: япыр-ау, осы мен қалайша адасып кеттім дегендей қыңсылап қояды.

Таңның атқанын, күннің батқанын, тіпті мынау бұрын аяқ басып көрмеген бейтаныс көшеге қалай тап болғанын да жақсы біледі.

Балташы Лука Александрин ертеңгісін құлақшынын милықтата киіп, қызыл шүберекке ораған әлдебір затты қолтығына қысты. Дүрегей тақтай сүргілейтін жаңғырық астындағы ағаш үгіндісінде жатыр еді:

— Каштанка, кеттік! - деген таныс дауысты естіп жылы орнынан атып шықты да, рақаттана бір керіліп алып, иесінің соңынан салпақтап ере жөнелген. Лука Александрычқа жалға жұмыс тапсыратын адамдар тым қашықта тұратын, солардың әрқайсысын бір сүзіп шыққанша балташы талай трактирге кіріп, сусын қандырып алушы еді. Жол бойы өзін шектен тыс дарақы ұстағанына да Каштанка енді өкінгендей. Көшеге еріп шыққанына қатты қуанған дүрегей біресе далақтап көрінген конканы1 қуалап кетті де, енді бірде қайдағы жоқ ауланы тіміскілеп, абалап бейтаныс иттерге жармасты. Жиі-жиі көз жазып қалған балташының қайта-қайта тоқтап оған зекіп ұрысқаны да есінде. Қызара бөртіп Лука Александрычтың сызданып:

— Сеспей қат!.. Сеспей қатқыр албасты, - деп құлағынан тартқанын да ұмытқан жоқ. .....
Әңгімелер
Толық