Тарих | АЛАШ МҰРАТЫ ОТАНДЫҚ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ НЕГІЗДЕУШІ КҮШ

Алаш тарихы – жаңаруға ұмтылған, тарихи сабақтастықты үзбеген, білім мен елшілдікті басым бағыт еткен ұлттық серпілудің тарихы. Сондықтан біз Алашты ауызға алған сайын осыдан 90 жыл бұрынғы саяси қозғалыс пен күресті ғана емес, бүгінімізді ертеңге жалғайтын жасампаздық істерімізді сараптағанымыз дұрыс. Алаш – біздің ұлтқа, дәстүрге қаншалықты адал екенімізді салмақтайтын ар өлшемі. Алаш – өткен тарихтың ғана олжасы емес, бүгінгі ұрпақтың да елдік іске олжа салар мүмкіндігі. Алаш – әлемдегі қазақтың да, қазақ ішіндегі әлемнің де тұтастығы, үйлесімділігі.
Кез-келген елді алға ілгерілететін ұлттық идея. Тіпті бүгінгі
әлем ұлт пен мемлекет ұғымдары арасына теңдік белгісін қойып отырғаны жасырын емес. Кеңестік түсінікте ұлттық идея әсіре ұлтшылдықпен теңестірілді. Бұл қай тұрғыдан қарасақ та ақылға сыйымсыз еді. Расында, қасаң да бұрқасынды жылдары ұлттық идея дегеніміз – мемлекеттік, елдік мүдде идеясы деген мағына беретіні ұмытылды.
Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеясы болатын. Зиялылардың Алаш атауын таңдауы да жайдан-жай емес-тін. «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш». Кереге – мемлекет құрылысы, Алаш – идеология. Тоқтам осы-тын. Алаш – жаңа түрдегі елдігіміздің, байырғы айбарымыздың рәмізі еді.
Егер сол тұстағы қайраткерлеріміздің көздегені жүзеге асқанда, қазір біздің еліміздің қосалқы аты Алаш (Алаш Орда, Алаш үкіметі, Алаш Республикасы) болатындығына иманымыз кәміл. Осы ретте бәзбіреулер «сонда олар қазақ атынан жеріген бе?» деп сұрақ қоюы мүмкін. Бұған «әрин, жеріген жоқ» деп жауап береміз.
Есімізге олардың:
Арғы атам – ер түрік
Біз – қазақ еліміз, -
деген әнұраны түседі. Сонымен бірге зиялылар:
Азаматы Алаштың,
Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Баптанатын күн туды,
деген жоқ па?! Осыған қарағанда, Алаш ұғымында рухтық, асқақтық, өрлік мағына бар.
XX ғасырда қазақтың азаматтық тарихындағы ең ұлы идея қайсы десе, Алаш идеясы деп жауап берер едік. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы – осы идея.
Алаш идеясындағы қайраткерлердің жемісті еңбек жылдары – ақыл һәм жүрек айбатымен күрескен 1907 жылдан 1937 жылға дейінгі 30 жылдай уақытты қамтиды. Тағдыр мен тарих оларға осындай мерзімді ғана қиыпты. Одан кейінгі жайы белгілі: айдалды, атылды, ресми тарихтан, ел жадынан аты өшірілді.
Қазір жұрт парламентаризм деген ұғымды жақсы біледі. 1907 жылы Ресей патшасы «әлхамдулла, алты миллионға» (А.Байтұрсынұлы сөзі) жеткен қазақ секілді ұлттарды сайлау және сайлану хұқынан айырды. Зиялылардың табанды күресі осы шақтан басталды.

Петербор, Омбы, Ташкент, Семей тәрізді шаһарлар XX ғасыр
басындағы монархиялық билікке бас көтерген алаштық күрестің
шыңдалу мектебі болды.....
Рефераттар
Толық