Тоқаш Бердияров | Ән


Жол азабынан қалжыраған Шаншархан кішкентай арық бойындағы, қою көлеңкелі тұттың түбіне отыра кетті. Тершіген әжімсіз маңдайын бет орамалымен қайта-қайта сүрткілеп, алқызыл жібек көйлегінің түймесін ағытып, рақаттана желпініп-желпініп алды. Баяу ескен көктем самалы жігіттің сәндеп тараған әдемі қара шашын бобыратып жіберді. Сылдыр қаққан арық суы әзінің салқын лебімен шаршаған жолаушының айызын қандырды.

Жігіт оң аяғының протезін шешіп, ағашқа сүйеп қойды. Тізесінен төменірек кесілген аяғының ұшы қызарып, ескі жараның аузы аздап ашылған екен. Аяқ қабының ішіндегі қан сіңе бастаған жұмсақ мақтаны қолымен түтіп жатып, ол қатты кейістік білдірді:— «Әй, айналайын инженерлер-ай, жарым аяққа темір дорба кигізгендерің дұрыс-ақ! Ал, соны жеңілірек қылсаңдар қайтер еді?..»

Күні бойы осынау етектегі ауылдың есік-терезесін қағып, нағашы апасының үйін іздеген бұл жігіт нәтижелі мағлұмат ешкімнен де ала алмады. Жұрт түрліше дерек айтты:—«Ондай адам мұнда тұрмайды». «Ол кісі бұл жерден көшіп кеткен». Ал, кейбірі кәдімгідей жол сілтеді:— «Е, сенің айтып отырғаның қыли көз Жексенбай екен ғой!.. Былай жүресің, шырағым; Сонау қызыл шатырлы үйдің сол жақ бүйірін жанай өтесің де кілт оңға бұрылып, қаз, үйрегі мол үлкен көшемен жүре бересің, жүре бересің...» .....
Әңгімелер
Толық