Рабиндранат Тагор | Мұра


— Талақ еттім, кетемін мен! − деді ашуға булыққан Бриндобон Кундо әкесіне.

— Ә, солай ма, иттен жаралған неме! − деп жауап берді Джогонатх Кундо. − Қақтым, бақтым жастайыңнан. Әке қарызын өмір-бақи да өтей алмассың. Көргенсізін көрдің бе мұның!

Джогонатх бүйірі шығып тамақ та ішпейтін, жөні бүтін көйлек те кимейтін. Өз дүниесін өзінен аяйтын, сарабдал тістенгіш адам болатын. Ерте заманда сопы, дәруіштер жан рақаты болмаса, тән рақатын көп ойламапты ғой. Джогонатх солардың сара жолын қуған жан еді. Рас, ол ойлағанын үнемі жүзеге асыра бере де алмайтын. Кейде оның ниетіне қазіргі азған қауым көлденең тұрса, кейде адам баласының табиғатына тән қисынсыз бір құмарлық жол бермейтін.

Баласы үйленгенге дейін мұның бәрі де бір жайда өтіп жатқан еді. Той өтісімен-ақ Бриндобон ішіп-жем, киім жайындағы әке өсиетін тыңдамайтын болып кетті. Ол тіпті рухани өмір дегеннен гөрі киім-кешек пен құлқын қамын артық санайтын болды. Джогонатх шығыны өсе берді.

Әке мен бала жиі-жиі қырқысып қалуды шығарды. Бір күні Бриндобонның әйелі ауырып қалып еді, қымбат дәрі жазып берген дәрігерді Джогонатх қуып жіберуге дейін барды. Бұл дәріден ол дәрігердің надандығын көрді. Бриндобон әуелі жалынып еді, соңынан қоқан-лоққы да жасады, − бәрі де заяға кетті. Ақыры жамағаты дүние салды. Бұл өлімді ол әкесінен көрді.

.....
Әңгімелер
Толық