Мұхтар Әуезов | Ол күнгі Алматы

Қара ұрт оны әбден түсінеді. Бірақ көптен көріспегендіктен мынаның қалайша оралдырып жүргенін естімек еді. Өзінікіне ұқсай ма, жоқ па? Соны байқамақ. Сондықтан:

— Шын ба, елуге жете ме? — деді.

— Жетпей қоя ма? Өзің ойлап көр. Охотыға қалай шықтым, солай кем болса бір түс киіз, бір сырмақ, немесе алаша, кілем, не болмаса сандықта жатқан ішік, шапан алам! — деді. "Охоты" деген соңғы айларда бұлардың тілінде ауылға барып, шабуыл жасап қайту мағынасында болатын. Семіз қызылдың бұл айтқаны шын екенін осы Фонтан көшесінің өзі-ақ өн бойында көрсетіп тұр.

Әр көшенің басынан кіре бере, Тәшкен аллеясына шейін байқап отырсаң: әлденеше бақшаларда, немесе тәуір үйлердің терастарында ылғи қызарып, аламыштанып, жарқырай жайылып тұрған қазақы қолды жасауды көресің. Бұл үйлердің бәрі де қала чиновниктері мен көпес, немесе мещан атауының үйлері. Соның кейбірінде әдемі оюлы сырмақ, кейінде шебер кестелі түс киіз, кейінде су жаңа; мұндай қызарғаны жоқ үйлер салам шатырлы, аласа дуалды кедей шоқпыт үйлер ғана. Одан басқаның бәріне қазақ аулынан шыққан жасаулы келіндер түскен дерсің.

Бағанағы шал-кемпірді шошытқан қала бұл күндерде сол айналасын жалмап жұтып, қызара бөртіп тұрған талан-тараж қаласы еді. Семіз қызыл осы жасауларды әлгі чиновник, тілмаш, көпестердің үйіне жеткізіп, арзан қол қып өткізушінің бірі еді. .....
Әңгімелер
Толық