Мұхтар Әуезов | Жалпы театр өнері мен қазақ театры

Театр — сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі. Ешбір өнерді тілек, құрғақ бұйрық туғызбайды. Қай елдегі, қай түрдегі өнерді алсақ та сән-салтанатпен ырғалып-жырғалып, бір күннің ішінде ғайыптан көшіп келген жоқ. Барлығы да болымсыз кішкене ұрықтан жайлы топыраққа көміліп, белгілі шартпен бағылып, қағылған уақытта ғана бой жасап өсіп-өнген. Ана жатырында баланың бітуі сияқты сәті келген сағатта тіршілік белгісін бастап, тоғыз-тоқсан құбылып, ащы толғақ, ауыр азап ішінде туады. Олай болса, әрбір өнердің иесі болған ел сол өнерді туғызып өсірген анасы есебінде. Әрбір өнер өзінің туып-өсу жолында, анайы топырағы сияқты болған еліне міндетті. Ел тіршілігінің өткен күні сол өнердің бойы өсуіне қажет болған шарттың барлығын берген болады. Сондықтан елдің өз денесінен жаралған өнер әуелгі кезінде, өз елінің әдет-салтын, ұғым-нанымын, мақсұт-тілегін өзгеден бөлек пішінде, сол елдің өзіне ғана хас болған суретте қабылдайтын болған. Бұл хәлден тысқары жолмен өскен ешбір ел жоқ. Қай өнерді алсақ та әуелде өз елінің халық өнері болып, содан ілгері қарай басқан сатысында ғана көптікі болып, жалпы адам баласының ортақ теңізіне барып құяды.

Бүгінгі күнде қазақ елі бір туыстың үстіне жетіпті. Қазақтың театры туатын мезгіл болды деген пікірге келіппіз. «Өзімізден бірдеме жасалса екен», — деген тілекті де тілейтін болдық. Сондықтан біз жаңағы айтылған жалпы сөзді екі салаға бөліп, соның екі тарауына да ойланып қарап, көз салуымыз керек. .....
Әңгімелер
Толық