Есей Жеңісұлы | Бақытты ит


Биік-биік дуалдан арғы жағындағы әсем коттедждері әрең көрінетін көшемен өрлеп келемін. Мына керемет үйлер біз тұратын ықшамауданмен көршілес екеніне көңілім сенбейді. Өз үйімді қатты қорашсынып қалғаным рас еді. Мұндағы үйлердің сәулеті бірінен-бірі асады. Сыртынан көріп жүрсем де, бұл сарайларда қандай өмір қайнап жатқанына қызықпаған екенмін.

«Еменді» ықшамауданындағы бесінші нөмірлі үйді іздеп келемін. Бұл ауданның көшелерінде атау жоқ. Біріне-бірі иін тірестіре салынған, қос дуалдың ортасынан екі жеңіл көлік сығылысып әрең өтетін көшелерге елдік тұлғалардың аты берілмегені де жөн шығар. Мына жерге қор болады ғой. Болашақ «қызмет орнымды» іздеп жүріп, осылай «кең ойланып» келе жатқан жайым бар.

Ертеңнен бастап №5 үйге күзетші болмақпын. Бұған дейін тышқан мұрнын қанатып, жұмыс істеп көрмеген ерке едім. Әкем мен анамның зейнетақысын жырымдап, оқуыма төлеп жатқаны ойландырды. Күндердің күні тәртіп сақшысы болып істейтін ағама: «Жұмыс тауып бер», — деп міндетси қалдым. Оқуыма өзім тапқан ақшаны төлегім келетінін айттым. Үшінші курс болғанымды, енді ата-анама салмақ сала беруім дұрыс еместігін термелеп жатырмын. Ағам менің кенет күрт өзгергеніме сенер-сенбесін білмей, бет-жүзіме сығырая, зор күдікпен қарап алды да:

— Табамыз. Шынымен жұмыс істегің келсе... — деп қысқа қайырды.

Тапқаны — күзетшілік. Жұма күні қолыма өзінің сәл ғана ескірген жұмыс формасын, әлдебір куәлікті ұстатты. «Осы көшемен тік жүріп, бағдаршамнан солға бұрылсаң, қызыл шатырлы үлкен үй көрінеді. Соның қатарымен жоғары өрлей бер. Алдыңдағы екінші бұрылыстан №5 үйге тірелесің. Сонда Марат және Тамыр деген жігіттер бар. Соларға менен келгеніңді айт. Олар сені бастығыңмен таныстырады» деген ақылын қоса айтты. Және өзімнің студент екенім туралы тіс жармауым керек. Ішкі істер қызметкерімін, болды. .....
Әңгімелер
Толық