Бауыржан Момышұлы | Біз ұрыстарда ер жеттік

28-гвардияшы Панфиловшылар өздерінің қанымен өшпес даңққа ие болды. Халқымыз олар туралы өлең-жыр шығарды, аңыз етеді. Олардың есімдері халқымыздың гитлершіл басқыншыларға қарсы Ұлы Отан соғысының тарихында мәңгі сақталады. Дивизиямызды құрушы Иван Васильевич Панфиловтың есімі мәңгі өшпейтін жауынгерлік даңққа бөленген. Сондықтан да панфиловшы ерлерді көргенде:

— Сіз расымен Панфилов дивизиясынансыз ба? — деп таңданған адамдарды талай кездестіргенім бар.

— Ия, — дейді панфиловшы. Сол таңдандырған панфиловшы кәдімгі жай адам болып шығады.

Ол керемет батыр емес, асқан алып емес, ол, тіпті, соғыстан бұрын армияда болмаған, тек бір колхозда адал еңбек еткен, фабрикада немесе заводта жұмыс істеген, я болмаса бір мекемеде бухгалтер болып қызмет еткен өзіміздей бір адам болып шығады. Әриие, бұл бейбіт совет азаматы солдат шинелін киіп, қолына винтовка алғаннан кейін де бірден жауынгер бола қойған жоқ.

Осындай әр алуан қарапайым адамдардан Генерал Панфилов 2,5-3 айдың ішінде жауынгерлік құрама жасақтады. Взвод емес немесе рота, полк емес, тұтас бір дивизия құрды. Бұл — Панфиловтың зор еңбегі. Ол 8-гвардия дивизиясының қолын жеңістерге жеткізді.

Панфилов соғыс өнерінің кемеңгері еді. Ол соғыстың өнері мен әдісіне мейлінше жетік, ұрыста батыл, соғыс ғылымында жаңалық тапқыш ақыл-ой иесі еді. Ол ұрыстарда дұшпанның генералдарынан басым түсіп отырды, оларға өз дегенін істей білді, жаудың әскер сапының осал жерлеріне қатты тиіп, оған істің түйіні шешілетін учаскелерде, үзілді-кесілді кезеңдерде қирата соққы бере білді. .....
Әңгімелер
Толық