Балғабек Қыдырбекұлы | Барыс атқан күні


Суға құлаған кекілікті ұстап алған Ораз оның ұйпалақтанған мамығын сипап біраз тұрды. Қорғасын бытыраның екі-үшеуі оң қанаттың түбін ала топшыдан тиіпті. Ала қанат жануар ешбір жазығы жоқ, енді міне, адам тамағынан өткелі тұр. Семіз екен, бөтекесі томпайып, жансыз денесі былқ-сылқ етеді. Жаңағы екеуі де қоразы еді, мынау да солай. Нысанадан шыққан екен. Ораз: «Апыр-ау, атарын атып алып, енді мұным не?»— деп ойлады да, алғашқы екі кекіліктің жанына байлай берді де, жалма-жан оларды да шешіп жерге тастай салды. «Сенің жазығың жоқ, біздің азығымыз жоқ», демеуші ме еді, мал сойғанда қазақтар. Иә, солай!

Ол кекілікті ұстаймын деп тізесінен су болды. Отыра қалып етігін шешіп, ішіндегі суын текті. Шұлғауын сықты. Сонан соң аз да болса дегдісін деп көген бойындай жерде тырбиып аласа өскен тобылғының үстіне екі шұлғауын да жайып қойды. Балтырын түріп суға барып аяғын жуды. Су сүйектеніп қалыпты. Қоңыр күз түгіл жазда да шекеңнен шығатын тастай су етін қарып кетті. Ауа сирек болғаннан ба екен, тауда күн тым өткір болатыны несі екен. Ол күнге қарады. Сәске түс болыпты. Қайтса да жарар. Жайулап ауылға жеткенше де түс болады. Он бесінші жылдың күзі де келді. Қарды қара, Айғайдың басын шалып қалыпты. Ол әлде не ойына түскендей қалтасын сипалады. Одан газет алып, бір қой тасқа отырып оған үңіліп қалды. .....
Әңгімелер
Толық