Антон Чехов | Әбігер

Жаңа ғана курс бітіріп шыққан жас институтқа Машенька Павлецкая, өзі гувернантка есебінде тұратын. Кушкиндердің үйіне серуеннен қайтып келгенде, тосын бір әбігердің үстінен шықты. Оған есік ашқан швейцар Михайло бір нәрсеге абыржығандай екі беті қып-қызыл екен.

Жоғарғы үйден шу естіледі.

"Сірә, бәйбішенің дерті ұстап қалған болар...- деп ойлады Машенька, - әлде күйеуімен ұрысты ма екен..."

Ауызғы үй мен дәлізде қызметші қыздарды жолықтырды. Бір қызметші қыз жылапты. Содан кейін Машенька өз бөлмесінен үй қожасы Николай Сергеичтің жүгіріп шыққанын көрді; бұл өзі шілтиген кішкентай, бірақ пәлендей мосқал болмаса да бет, төбесі жалтыраған кісі.

Қазір өңі қызарып кеткен. Беті - аузы жыпылықтап тұр... Гувернантканы байқамастан, қасынан өте шықты да, екі қолын жоғары көтеріп, налып барады:

— Ойпыр-ай, бұл неткен сұмдық! Неткен әдепсіздік! Неткен ақымақтық, айуандық! Оңбағандық!

Машенька өзінің бөлмесіне кіріп еді, дәулетті, бай ақсүйектерден нанын тауып жүрген тәуелді, көнбіс адамдарға соншалықты таныс сезімді өмірінде алғаш рет жанына осы арада сезінді. Бөлмесіне тінту жасалыпты. Үйдің бәйбішесі Федосья Васильевна, толық денелі, жауырынды, қалың қара қасты, жалаңбас, денесі сай - сай, тебіндеген түбіт мұрты бар, екі қолы қып-қызыл, кескін - кейпі мен жүріс-тұрысы қарапайым аспазшы қатынға ұқсаған әйел мұның үстелінің қасында түрегеп тұрып, қыздың боқшасына жүннің бір шүйкелерін, шүберек қиқымдарын, тағы бір қағаздарды қайтадан тығып жатыр екен... Сірә, ол гувернантка келіп қалар деп ойламаған болуы керек, себебі, бұған жалт қарап, қыздың сұп-сұр болып кеткен өңін, таңданған жүзін көрді де, сәл-пәл қымсынғандай болып, күмілжіді. .....
Әңгімелер
Толық