Ілияс Жансүгіров | Бадырақ

I тарау

Таң анық атқан жоқ. Айдың аяққы қараңғысы. Таң алдына шейін талықсып келіп, бой жасаған өлетін адамның көзіндей ажарланып бағжиған жұлдыздар жерді албастыдай басып тұрған меңіреу қараңғылыққа әр жерден өштесіп, өжеттенгендей. Бірақ өздері еңкейіп батып бара жатқам сияқты.

Осы қараңғылықпен араласа әр ауылдың қонысында түйенің анда-санда бақ еткен дауысы естіледі. Жылқы кісінейді. Тәрізі бұл өңірдегі ауылдар көшіп жатыр. Жер салқынмен көшпесе бүгінгі кештегі қозы-лақ жете алмайтын кер баланың шеліндей бір бұйрат құм еді.

Сондықтан қатындар сүтті пісіріп, ұйытпай тұрып тұлыпқа құйып, іңірден бастап үйді жыққан. Қомның арқаны тесін қысқан түйелер бақырады.

Бір жерден қызғыш құс ұшты, ойқыр демей біреу жортып, бірнәрсе қарап келе жатқандай. Қызғыш осыдан ұшып еді. Бұл бала күреңге тоқым салып жайдақ мініп, байдікіне қонған екі қонақтың атын іздеп жүрген қойшы еді. Қойшының аты Бадырақ. Қойшы көшіп келе жатқан ауылдың жанындағы қоңыр белеске таман келіп, күреңінен топ етіп түсіп, жантайып жата кетті.

Бадырақ — байдың жалшысы. Жасы жиырманың екеуінде, орта бойлы, дембелше, жауырыны қақпақтай, жас жігіттің алыбы еді. Төбесі биіктеу, шекесі торсықтай, бүркіт қабақ есті жігіт. Арысқа түсіп алысқанда жауырыны жерге тимей жүрген, кеудесі есіктей, балтыры бесіктей бал улы, құлама жарлауыт кабак астына оты ойнай біткен қой көзі кедейліктің неше алуан езгісінен, жалшылықтың жаншуынан жасқанып, қылау құрлы көретін емес. Өзгеше бір отты қайрат қайраулы тұрғандай. Неге салсаң соны жалбыратып түсетін өткір алмас.

Бұл әке-шешесі жасында өліп жетім, панасыз қалған Қоянбай деген бала еді. Бір жұт жылы мұның шешесі болғанда қой таба алмай, қояннан қалжа жеген екен. Сондықтан мұның атын Қоянбай қоя салыпты. .....
Әңгімелер
Толық