Тәуелсіз елімнің туы әрқашан биікте

Ел боламын десең, бесігіңді түзе «Еліңнің ұлы болсаң, Еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып - көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» (Н. Назарбаев).
Қазақстан – бүкіл қазақ халқының атамекені, кіндік қаны тамған киелі жері. Қазақ халқы – «тар жол, тайғақ кешудің» сан ғасырларын басынан өткізген алмастай өткір, қайтпас қайсар, батыл ел. Ұлан-байтақ жері мал шаруашылығына қолайлы болғандықтан, төрт түлік малды бағып-қағып, соның өнімін қажетіне жаратып, күн кешкен қарапайым халық. Миллиондаған малымен кең байтақ далада емін-еркін көшіп жүргендіктен болар, қазақ халқы о бастан ақпейіл, жомарт, дарқан болды. Қазақтың өз бетімен басқа елге, халыққа тиіскенін тарих білмейді.
«Елдестірмек - елшіден» деген. Данышпан Қазыбек бабамыз жас кезінде қалмақ еліне барған сапарында:
- Біз, қазақ деген – мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жерімізді ешбір жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз, - деп қазақ елінің бірлігін, тыныштығын сақтауды көздеген.
Өткен тарихқа көз жүгіртер болсақ, бұл даланың тауы күрсініп, тасы қақ айырылар еді. Не көрмеді бұл дала?! Даласын жауынан, ұлтын қан сасыған қақтығыстардан сақтап қалу үшін ата-бабамыз батыстан шығысқа, шығыстан батысқа үдере көшумен болды. Әріде Абылай, Қабанбай, Бөгенбай батырлар мен Исатай, Махамбеттер елін, жерін жаудан қорғау жолында «қара қазан, сары бала қамы үшін», толарсақтан саз кешіп жүріп, қасық қандарын қиса, бертінде Алаш атын сақтап қалу үшін жұртына «Оян, қазақ!» деп ұран салып, маса боп ызыңдап, қараңғы халықтың санасын оятуды мақсат етіп, бебеу қаққан арыстарымыз М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаевтар арыстанша алысып жүріп, өмірден өтті. ....
Шығармалар
Толық

Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз

Мен нағыз патриотпын! Ата-бабам мұра етіп кеткен өзімнің ғажап тілімде сөйлеп, дәстүрімді дәріптеймін. Қазақ даласы – мәрттік пен кеңдіктің куәсіндей дарқан дала. Дарқандық қанына сіңген қазақ баласының рухы асқақ, арманы алып, мақсаты биік болуға тиіс. Жасампаздық рух жанына серік жомарт халықтың ұрпағы жасымауға міндетті.
Мен – өзім сүйетін елдің патриотымын. Қаныма біткен қайсарлық, мұңға мұқалмас жігер мені әрқашан кеңдікке тәрбиелеп, өрлікке жетелеп келеді. Алтай мен Атырауға, Арқа мен Алатауға дейінгі алып мекен арманыма қанат бітіріп, шабытыма шабыт қосқандай болады. Мен бақытты ұрпақ екенімді айтудан әсте жалыққан емеспін. Тағдырдың талай тезін басынан өткеріп, теперішін көрген қаймана қазақтың бағы жанар, бабы келісер уақыты жаңа мыңжылдықтың еншісінде. Замана зары өткен халықты кеудесін жаныштаған ауыр езгіден құтқарып, қалың ұйқысынан оятуға барын салған ақын М.Дулатов:
Алыстан Алаш десе аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болса да әкем қазақ, шешем қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын – деп жырлайды. Өршіл рухты ақын елінің ертеңі үшін жаны ышқына жар салады. ХХ ғасырдың басында жүрегі қазақ деп соққан асыл ұлдарымыз атойлап алаш атын алып ұран салса, ХХІ ғасырдың жаңа буыны әлемге қазақ атын паш етуі тиіс. Әлем жаһандану деп жар салып жатқан алмағайып заманда түркілік тектілік пен жасампаздықты, көшпелі ұлы өркениеттің асыл жәдігерлерін, бабалар аманатын шашау шығармай, келер ұрпаққа жеткізу – біздің басты борышымыз.
Менің кеудемдегі кішкентай жүрек «Отан» деп, «Қазақстан» деп бір сәт дамыл қақпай соғады. Ол жүректе қазақтың қаны бар. Ол жүректе ұлы өркениет жаратқан алып арман, асыл мұрат жатыр. Күре тамырды бойлай аққан әрбір тамшы қан «қазақ» деп атойлайды. Мен – нағыз патриотпын. Ұлы елдің, ұлы даланың ұрпағы екенімді мақтан тұтамын. Жаратылысымнан даланы сүйетін жаным оның әрбір сайы мен саласын, тауы мен тасын мейірлене құшады. .....
Шығармалар
Толық