Тарих | Қазақстанның ұлттық рәміздері мен мөрлері

Қазақ халқының ежелгі замандағы озық ойлы қайраткерлері мен білікті адамдары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ата-бабалар шежіресін — өзінің ұлттық тарихын жасап қалдырған. Өзінен бастап жеті атасына дейін білу әрбір қазақ азаматының дәстүрлі борышы болған. Мұны таныту - ата-ана тәрбиесінің әліппесі еді. Тек ата-анасынан жастай қалған жетімдер ғана мұндай білімнен мақұрым болатын. «Жеті атасын білмеген жетімдіктің салдары», деген мақал осыдан қалған. Ал білікті де көшелі ауыл ақсақалдары мен рудың билері ең кем дегенде өз руының шежіресіне қанық болатын. «Шежіреші» деген даңқты атаққа ие болған біліктілер 15—20 атаға дейін тарата білген. Бүкіл бір жүздің, тіпті жалпы қазақтың үш жүзінің шежіресін таратып, қазақтың «жетпіс жеті атасын тарататын» жетік шежірешілер де болған. Бұлар аталарды таратумен қабат, сол аталардың жасаған дәуірінде халық басынаы өткен ірі оқиғаларды да ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келген. Қазақтың әрбір ру-тайпасының, әрбір жүздің өз шежірешісі болған. Бұл шежірешілер қазақтың байырғы күнтізбесін — ай-күн есептерін де, ғұрып-әдет, салт-сана заңдарын да жақсы білген. Кейін келе осы ауыздан-ауызға көшіп келген ауыз екі тарих-шежірелер қауырсын қаламмен жазылып, рубасылар мен билердің, хан-сұлтандардың қолында сақталатын болған. Жалпы алғанда, қазақ шежірелері 7-ғасырдан тартып 20-ғасырға дейінгі мезгілді қамтиды. Бірақ ұзақ заман бойына ауыздан-ауызға көшіп келгендіктен онда көптеген күңгірттіктер, жаңсақтықтар, қайшылықтар, дәуір мен жыл мезгілі белгісіз аңыздар, іағы басқа жамау-жасқаулар да бар ....
Рефераттар
Толық